Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ұлы мәртебелі ағзам шығарған және жұртқа жариялауға әмір еткен, бізге қарсы бағытталған сол бір жарлықтың қандастарымның қалай зәре-құтын алып, үрейін ұшырғаны саған жақсы мәлім ғой, көршім әрі досым Санчо Панса, — қалай болғанда да, әйтеуір, өз басым қатты қорықтым: корольдің Испаниядан қарамызды батыруға белгілеген мерзімі әлі аяқталмай жатып-ақ, өзім де, балаларым да ауыр жазаға тартылғандай жайды бастан кештік. Мен былай деп шештім және соным дұрыс та болды ғой деймін (белгілі бір уақыт өткен соң тұрған үйінен өзін қуып шығатынын білетін, сондықтан алдын-ала жаңа баспана іздей бастайтын адамның бәрі осындай шешімге келері кәміл): үй-ішімді селода қалдырып, соқа басым кетейін, басқалар сияқты жанталаспай, үйелменімді бабымен көшіріп алуға болатын қолайлы орын табайын деп ұйғардым — өйткені, корольдің бұл жарлығы, кейбіреулер сендіріп баққандай, әншейін қоқан-лоқы емес, белгіленген мерзімнен кейін күшіне енетін қатал заң екенін жақсы түсінгем және мұны ақсақалдарымыз да түсінген еді. Корольдің жарлығына сенбейтін амалым да жоқ-ты, өйткені қандастарымның қандай парықсыз да пасық қиялдың жетегінде жүргенін білетінмін және мұның зымияндығы сонша, осынау кемеңгер шешімін корольдің уақытылы іске асырып үлгергенін тек құдайдың оң көзбен қарағандығымен ғана түсіндіруге болар, — әлбетте, бұлай дегенде мен бұл қаскөйлік қарекетке бәріміздің қатысымыз бар дегенді айтқалы отырған жоқпын, арамызда айнымайтын, шынайы христиандар да бар-тын, бірақ олар азшылық еді және олар дінсіздерге қарсы тұра алмайтын; қайткен күнде де, бәрібір, жыланды қойныңа алып жатудан, шаңырағыңда қас дұшпаның болғаннан қатерлі ештеңе жоқ. Ұзын сөздің қысқасы, мұндай қуғынға әбден лайықты едік, алайда сырт көзге бұл мейлінше жұмсақ та жеңіл жаза секілді көрінгенімен, біз үшін бұдан асқан қасірет жоқтай болды. Тағдыр бізді қай қиянға апарып тастамасын мейлі, Испанияны еске алып еңірейміз де жүреміз: осында туып-өстік қой, отанымыз да осы ғой біздің, мынадай бақытсыздыққа тап келген біздерге ешбір елде лайықты қамқорлық жасалмайды, әсіресе бізге Берберияда да, Африканың өңге өңірлерінде де көп қыспақ пен жәбір көрсетіледі, ал біз болсақ, басқа-басқа, бірақ сол жақта өзімізді шынымен-ақ құрметпен қарсы алып, бауырға басатын шығар деп ойлағанбыз. Қолда бардың қадірі жоқ деген ғой, қазір енді айрылып қалған соң жылап жүрміз, бәріміздің де дерлік Испанияға қайтып оралғымыз келеді; Испанияны сүйетіндігіміз сонша, өзім секілді испан тілін білетіндердің, — ал ондайлар өте көп, — басым көпшілігі әйелдері мен балаларын тағдырдың тәлкегіне тастап, осында қайтып оралып жатыр. “Туған жердің торғайы да сүйкімді” деген сөздің бекер айтылмағанын енді өз басымнан жақсы білем. Сөйтіп, селомызды тәрк етіп, өйтіп-бүйтіп Францияға жеттім, онда бізді қонақжайлықпен қарсы алғанымен, басқа аймақтарды да көрсем деген тілек пайда болды. Әуелі Италияға бардым, сосын Германиядан бір шықтым, міне осы жерде маған еркіндеу тұрмыс кешуге болатындай көрінді, өйткені ондағы жергілікті тұрғындар анау-мынау ұсақ-түйекке көңіл аудармайды: кім қалай тұрғысы келсе, солай тұрады, өйткені елдің қай өңірінде болсын дерлік қай дінді ұстанам десең де өз еркің. Мен Аугсбург маңайындағы бір шағын елді мекеннен үй жалдадым, сосын мына тауапшыларға қосылдым; бұлар жыл сайын Испаниядағы киелі орындарға тағзым етуге топ-тобымен аттанып жатады, оның себебі, Испания — бұлар үшін екінші Америка, оңай олжаға кенелудің, белгілі мөлшерде табыс табудың қайнар көзі. Бұлар әдетте елді о шетінен бұ шетіне дейін аралап өтеді және қандай қоныс-мекеннен болсын қарын тойдырмай, құрығанда бір реалдан кем ақша таппай кетпейді, сондықтан саяхаттарының соңында оларда жүз эскудодан астам таза пайда жинақталады, бұл ақшаны олар соңынан алтынға айырбастап алады да, алтынды асатаяқтарының ішіне жасырады жә болмаса пелеринасының астарына тігіп тастайды, немесе басқадай бір қулық істейді, әйтеуір бекеттер мен кедендер бақылауына қарамастан шекарадан алып өтеді. Ал, енді өзім қазір, Санчо, кетерде жерге көміп кеткен көмбемді қазып алмақпын, оны селоның сыртына көмгем — сондықтан онда барғаннан маған келіп-кетер қатер жоқ; одан кейін Валенсиядан әйелім мен балаларыма хат жазып жіберем, сәті түсіп жатса, бәлкім, өзім барып алып келермін (олардың Алжирде екенін білем), сосын оларды әуелі бір француз айлағына жеткізуге тырысам, одан әрі Германияға барады, содан соң құдайдың басқа салғанын көреміз ғой, — бұлай ұйғарған себебім, Санчо, қызым Рикота мен зайыбым Франсиска Рикоте — екеуі де христиан және католик, ал өзім католик болмасам да, бойымда маврлық қасиеттен гөрі христиандық қасиет басымырақ, осы себепті құдайдан ақыл-парасатымды ауандықтан арылтып, өзіне қалай қызмет етуді үйретуін күнде жалбарынып сұраймын. Мені қайран қалдыратын бір жай: әйелім мен қызымның өздері христианша тұрмыс кеше алатын Францияға бармай, неге Берберияға барғанды хош көргені болып тұр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий