Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ал, тамағын ішіп алған Санчо шала бурыл мас қожайынды жайына қалдырып, көрші бөлмеге өтті де, былай деп мәлім етті:

— Олла-біллә, сеньорлар, өзіңізбен бірге әкелген мына кітап авторының менімен араздасқысы келіп жүргені кәміл. Жарайды, мені қомағай десе десін-ақ, бірақ әйтеуір ішкіш демесе болғаны.

— Дегенде қандай, ол сені ішкіш деп те атаған, — деді дон Херонимо, — ал мұны қандай сөзбен жеткізгені дәл қазір есімде жоқ, — әйтеуір ол өзің жайында көңілге келетін сөзді көп айтқан, оның үстіне, бәрі де қазір қарсы алдымдағы мейірбан Санчоның сиқынан көріп тұрғаныма, өз ойымша, мүлдем жанаспайтын жалған нәрсе.

— Шын сөзім, мейірімді мырзалар, — деді Санчо, — бұл хикаяда біз, Санчо мен Дон Кихот, байқауымша, Сид Ахмет Бен-инхали өз кітабында суреттеп берген деңгейде және өзіміз өмірде қандай болсақ сондай дәрежеде бейнеленбегенбіз ғой деймін: Сид Ахметте қожайыным ержүрек, парасатты, оған қоса махаббатта албырт адам түрінде көрсетіледі, ал мен болсам, әсте ішкіш те, мешкей де емес, аңқау әрі күлкілі адам кейпінде көрінем.

— Бұл сөзіңмен келісем, — деп мәлім етті дон Хуан. — Александр Македонскийдің Апеллестен басқа суретшінің бәріне өзін бейнелеуге тыйым салғаны секілді, мүмкіндік болса, тұңғыш ғұмырнамашысы Сид Ахметтен басқаның бәріне даңқты Дон Кихот жайында әлде бірдеңе жазуға шек қойған жөн болар еді.

— Мейлі, мені кім бейнелегісі келсе сол бейнелей берсін, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — бірақ тек бұрмаламасын, өйткені өзіңді адым аттаған сайын қорласа, шыдамыңнан да айрылып қалатындайсың.

— Ондай қорлау сеньор Дон Кихот шыдамдылығының қалқанына соғылады да, күл-талқаны шығады, әйтпесе, дүниеде ол кек қайтара алмастай қорлық жоқ, — ал бұл қалқан, меніңше, айрықша ауқымды әрі берік болуға тиіс, — деді дон Хуан келісіңкіремей.

Түннің едәуір бөлегін олар осындай және осыған ұқсас әңгімемен өткізді, бірақ Дон Кихоттың кітапқа тағы бір мәрте көз жүгіртіп, осы тақырып төңірегінде әңгіме көйітуіне сондай құштар болған дон Хуанның жанкешті әрекетінен ештеңе өнбеді; Дон Кихот табандап тұрып алды: шын мәнінде оны оқып шықтым деп айтса да болатынын, кітаптың пәтуасыз да парықсыз екенін, оған қоса авторы, өзінің, Дон Кихоттың, оны қолына ұстағанын байқаусызда біліп қалып, оқыды екен деп ойлап, қуанып жүре ме деп қауіптенетінін, ал ұждансыз да ұсқынсыз нәрседен ой ауанын ғана емес, көз жанарын да аулақ ұстаған жөн болатынын айтып, басын алып қашты. Оған қай жаққа бағыт алғаны жайында сұрақ қойылды. Ол Сарагосаға бара жатқанын, сол қалада жыл сайын өткізілетін, сыйлық тағайындалған турнирге қатыспақ ойы барын білдірді. Дон Хуан мына жаңа кітапта Дон Кихоттың, дәлірек айтқанда, оның атын жамылған біреудің, шығыршық ілу ат сайысына — жұтаң жарақталған, девизі жадау, киім-кешегі одан да жүдеу, есесіне не қилы келеңсіздік кеңінен орын алған турнирге қатысқаны әңгімеленетінін хабарлады.

— Ондай жағдайда, — деп мәлім етті Дон Кихот, — Сарагосаның қарасын да көрмеймін, — сөйтіп, жаңадан пайда болған жалған әңгімешінің бетін аймандай қылам — ол бейнелеген Дон Кихоттың мен емес екенін жұрттың бәрі білетін болады.

— Мұныңыз тіптен тамаша болар еді, — деді дон Херонимо, — оның үстіне, Барселонада тағы бір осындай турнир өтпекші: сеньор Дон Кихот өз айбатын сол жерде де анық танытып бере алады.

— Тап солай істеймін де, — деп мәлім етті Дон Кихот. — Ал енді қазір, мырзалар, сіздерден рұқсат сұрағалы отырмын: демалатын уақытым болды. Сонымен бірге, мені нағыз шын берілген достарыңыз бен қызметшілеріңіз қатарына жазып та, қосып та қоюларыңызды сұраймын.

— Мені де, — деп қосарланды Санчо. — Мен де, бәлкім, бір әжетке жарап қалармын.

Осымен олар қош айтысты: Дон Кихот пен Санчо өз бөлмелеріне кетті, ал дон Хуан мен дон Херонимо болса, есі бүтіндік пен есі кемдіктің осынау қойыртпағына әлі де ұзақ уақыт таңырқанумен отырды, сөйтіп арагондық жазғыш сипаттаған біреулерді емес, нағыз Дон Кихот пен Санчоның өзін көргеніне олардың еш күмәні қалмады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий