Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ертеңіне Дон Кихот ертерек тұрды да, көрші бөлмені бөліп тұрған қабырғаны қағып, кеше кешкісін өзін қонақ еткен кавальеролармен қоштасты. Санчо қожайынға тиісті ақысын артығымен төлеп, бекетіндегі азық-түлік қорын тым асыра мақтамауға, ал, ең абзалы, бекетін сондай қормен жабдықтауға кеңес берді.

LX тарау

Дон Кихоттың Барселонаға бара жатқан жолда бастан кешкендері жайында.

Дон Кихот бекеттен таң ата аттанған, күн әжептәуір салқын болатын және кешке дейін осы қалыпта тұратындай көрінген; аттанар алдында қай жолдың Сарагосаға соқпай тікелей Барселонаға қарай тартатынын сұрап біліп алған, — әркім айтып жүргендей, өзін оңдырмай қаралаған жаңа шығармашының өтірігін осылайша тағы бір әшкерелемекші еді. Аттай алты күн бойы ол сипаттап беруге тұрарлық ешқандай ерекше оқиғаға кезіккен жоқ, ал жетінші күні кеште күре жолдан жырақтау жердегі емен тоғайының қалыңына келіп кірді, ал бұл қандай емен — әдеттегі емен бе әлде тығындық емен бе, дағдысынан жаңылған Сид Ахмет мұны дәл атап көрсетпейді.

Мырзасы мен малайы көліктерінен түсіп, ағаш түбіне жайғасты, сөйткен соң сол күні тамаққа тыңқия тойған Санчо бірден ұйқы қақпасына еніп кетті, ал қарнының ашқанынан гөрі қайғы-мұңнан мазасы қашқан Дон Кихот кірпігін іле алмады, сөйтіп ойша бір қиырдан екінші қиырға сырғумен болды. Біресе өзі Монтесинос үңгірінде жүргендей, біресе шаруа әйелге айналдырылған Дульсинея мәшіге қарғып мініп алғандай, біресе Дульсинеяның жадысын қалай қайтарудың шарты мен әдіс-тәсілін баяндап тұрған данагөй Мерлиннің дауысы құлағына шалынғандай көрінді. Атқосшысы Санчоның немқұрайдылығы мен безбүйректігі жынын келтірді, өйткені, Дон Кихоттың білуінше, ол өзіне бар-жоғы бес-ақ соққы дарытқан еді, ал бұл деген Санчо өзіне-өзі дарытуға тиіс қыруар соққының салыстыруға да тұрмайтын, татымсыз бөлегі болатын. Осы ой Дон Кихоттың зығырданын қайнатып, ашуын қоздырғаны соншалық, өзімен өзі былай деп сөйлесіп кетті:

“Гордий түйінін шауып түсіргенде Ұлы Александр: “Шапқан не, шешкен не — бәрібір”, депті және бұл оның күллі Азияның жеке-дара билеушісіне айналуына бөгет жасаған жоқ, ендеше, ықыласы бар-жоғына қарамай, Санчоға өзімнің дүре салуым да Дульсинея жадысын қайтаруда осындай оң нәтиже беруі ықтимал. Бұл шаруаның жалғыз ғана шарты — Санчоның үш мыңнан астам соққы алуында болып тұр, ендеше оған оны кім дарытады: өзі ме әлде басқа біреу ме, маған бәрібір емес пе? Ең бастысы, оның тиісті соққыны алғаны, ал оны қалай алады — онда менің шаруам шамалы”.

Осы мақсатпен Росинанттың жүгенін алып, шықпыртуға болатындай етіп шумақтап, Санчоның қасына келді де, оның иық бауын, дәлірек айтқанда, шароварын ұстап тұрған жалғыз алдыңғы ілгегін ағыта бастады. Алайда анау Дон Кихоттың қолы денесіне тиген бойда-ақ шошып оянды.

— Бұл не пәле? Маған тиісіп, мені шешіндіріп жатқан кім? — деп сұрады Санчо.

— Бұл — мен, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Ағаттығыңды жөндеп, азабымды жеңілдету үшін келіп тұрмын, Санчо: сені шықпыртқалы, мойныңа алған міндетіңді жарым-жартылай болса да орындауыңа қол ұшын бергелі келдім. Дульсинеяның дымы бітіп барады, сен ешқандай шара қолданбайсың, өзім оған деген ғашықтықтан өлер болдым, сондықтан шалбарыңды өз еркіңмен шеше ғой, өйткені осынау жан адам жоқ оңаша жерде өзіңе санап тұрып екі мың соққы дарытуды ұйғардым.

— Жә, қоя тұрыңыз, — деді Санчо келіспей, — сабаңызға түсіңіз, тақсыр, әйтпесе, өтірік айтсам құдай бар, өзімді-өзім ұстай алмай қалуым мүмкін. Мойныма алған соққылар мәжбүрлеу арқылы емес, ерікті түрде іске асуға тиіс, ал қазір менің өзімді-өзім шықпыртуға ешқандай зауқым жоқ. Көңілім соққанда өзімді оқсатып тұрып сойып салам деп сізге уәде берем, соны қанағат тұтыңыз.

— Сен қарық қылмайсың, Санчо, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — себебі тас бауырсың, шаруа адам болғаныңа қарамай, әрі нәуетексің.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий