Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Клаудиа қайғы-шерінің соншалықты назалы болғаны әрі ұзаққа созылғаны сондай, тіпті Рокенің көзіне де жас үйірілді, ал әдетте оның ешқандай жағдайда ешқашан көңілі босамайтын. Малайлар еңірей жылады, Клаудиа әлсін-әлі талып қала берді, сөйтіп, мына маңай жылап-сықтау мекендеген орынға, қайғы-қасірет тұрағына айналып кеткендей көрінді. Ақыр соңында Роке Гинарт дон Висентенің малайларына марқұмды сол араға жақын жердегі әкесінің деревнясына алып баруға және сонда жерлеуге әмір етті. Ал, Клаудиа Рокеге нағашы апайы әйел монастырьларының бірінде тәлімгер екенін, өзінің сол монастырьға барып, абзал да ажалсыз басқа күйеудің келуін күтіп, қалған өмірін ақыр соңына дейін сонда өткізуді ұйғарғанын айтты. Роке оның бұл ниетін қолдады, баратын жеріне дейін шығарып салуға ұсыныс білдірді, сондай-ақ қажет бола қалған жағдайда әкесін дон Висентенің ағайындарынан да, сол сияқты оған жамандық жасауға ойы кеткен басқа біреулерден де қорғауға уәде етті. Клаудиа шығарып салудан үзілді-кесілді бас тартты, өзіне қол ұшын беруге деген ықылас-пейілі үшін аса бір сыпайы сөзбен алғыс жаудырып, онымен көзінің жасын көл ғып төккен күйі қоштасты. Дон Висентенің малайлары мәйітті алып кетті, ал Роке жігіттеріне қайтып оралды. Клаудиа Херониманың махаббаты осылайша тәмам болды, бірақ қайғылы хикаясының іргетасы алған беттен айнымайтын, аяушылықты білмейтін қызғаныш қолымен тұрғызылса, бұған таңғалатын не бар?

Роке Гинарт атқосшыларын уағдаласқан жерден тапты; оған ілесіп барған Дон Кихот Росинанттың ерінде отырған қалпы әлгілерді жанға да, тәнге де бірдей қатерлі мынадай тірліктен бас тартуға үгіттеп бақты; алайда қарақшылардың басым көпшілігі дарақы да дөрекі гаскондықтар еді, сондықтан оларға Дон Кихот уағызының әсері шамалы болды. Роке келген бойда Санчо Пансадан өзінің, Роке Гинарттың, жігіттері есегінен сыпырып алған бағалы қазыналар мен асыл бұйымдардың түгел қайтарылып берілген-берілмегенін сұрады. Санчо қайтарылғанын, бірақ аса құнды, әрқайсысын бір-бір қалаға айырбастауға болатын үш шаршының жетпей тұрғанын айтты.

— Өй, әпенді, не шатып тұрсың өзің? — деп бір қарақшы сөзге килікті. — Шаршыларың менде, бірақ құны үш реалдан артпайды ғой бұлардың.

— Ол рас, — деді Дон Кихот, — алайда бұларды маған бір ханым тарту еткен, сол ханымды қатты құрметтейтіндіктен атқосшым аталмыш шаршыларды айрықша қымбат бағалайды.

Роке Гинарт шаршыларды Санчоға табан астында қайтаруға әмір етті, сосын жігіттерін қатарға тұрғызып, соңғы олжа бөлістен бергі уақытта өздері тонап алған киім-кешекті, асыл бұйымдарды, ақшаны, бір сөзбен айтқанда, қолға түсіргендерінің бәрін түгел ортаға тастауға бұйрық берді; содан соң қолма-қол бұлардың бағасын белгілеп, бөліске көнбейтін нәрсенің құнын ақшаға шағып, қарақшыларына теңдей ғып үлестірді: дистрибутивті құқ қағидаларынан бір табан ауытқымай, оған қылдай қиянат жасамай, барынша әділетті әрі дәл ғып бөлді. Қарақшылар қанағат тауып, көңілдері жайланып, лайықты сыйларын алғаннан кейін Роке Дон Кихотқа қарап:

— Қара қылды қақ жарған осындай әділдік болмаса, бұлар айтқанға көніп, айдауға жүрмейді, — деді.

Санчо тұрып:

¬— Жаңағы көргенімнен байқағаным: әділдік шіркіннің жақсылығы сондай, оны тіпті ұры-қарылармен арада да сақтауға болады екен, — дегенді айтты.

Мұны естіген атқосшылардың бірі Санчоны аркебуздың дүмімен қойып қалмаққа оқталды, өйтсе бас сүйегін опырып жіберетіні кәміл-ді, бірақ Роке Гинарт оны айқаймен тыйып тастады. Санчоның жүрегі зырқ ете түсті, сосын бұл жарандардың арасында ендігі әрі жұмған аузын ашпауға өзіне-өзі серт берді.

Тап осы кезде жол бойымен өтіп бара жатқандар мен кетіп бара жатқандарды бақылап, бастығына хабарлап тұру үшін қарауылға қойылған атқосшылардың бірнешеуі жүгіріп келіп, іштеріндегі әлдебіреу:

— Сеньор! Жақын маңайдан, Барселонаға баратын жолдан, көп адамның қарасы көрінді, — деді.

— Кімдер екенін байқай алмадың ба: бізді аңдып жүргендер ме әлде біз аңдып жүргендер ме? — деп сұрады Роке одан.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий