Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Біз аңдып жүргендер, — деп жауап қатты атқосшы.

— Ендеше бәрің барыңдар, — деп бұйырды Роке, — мүмкін болғанынша тездетіп осында алып келіңдер және, байқаңдар, біреу-міреуі қашып кетіп жүрмесін.

Қарақшылар тұра жөнелді, ал Дон Кихот, Санчо мен Роке олардың кімдерді ертіп әкелерін күтіп отырды; сол арада Роке Дон Кихотқа қарап былай деді:

— Біздің мына тіршілігіміз, іс-әрекетіміз бен шытырман оқиғаларымыз сеньор Дон Кихотқа әдеттен тыс әрі аса қатерлі көрінуі мүмкін және бұл мені онша таңғалдырмайды, біздің өмір салтымыздан асқан мазасыз әрі тауқыметті тірлік жоқ екенін өзім де білем. Бұл іске әу баста мені кек алуға деген дегбірсіз құштарлық итермелеген еді, ал мұндай құштарлықтың ең момын адамның өзін өжет қып жіберетіні белгілі ғой: жаратылысымда мен қайырымды әрі ізгі ниетті адаммын, алайда, әлгінде айтқанымдай, өзіме көрсетілген жәбір үшін кек алуға деген ынтызарлықтың абзал қасиеттерімнен әлдеқайда басым шыққаны сондай, ақыл-парасатқа кереғар және қасақана түрде бұл құштарлығыма бар ынты-шынтыммен құлай беріліп кеттім, ал бір жаман ғадеттің соңынан екіншісі, бір күнәнің соңынан басқасы ілесе жүретіндіктен, кек алу мақсатындағы қарекеттерімнің ажыратып алғысыздай біте қайнасып кеткені сонша, қазір енді өзімнің ғана емес, өзгенің де күнәлары үшін кек қайтарып жүрмін. Әйтсе де, шырғалаңы мол шытырман өмір дағдарысында дебдіреп қалғаныммен, құдай хош көрсе, бұдан ақыры жол тауып шығып, бір тыныш түкпірден пана табармын деп үміт етем.

Рокенің игі мұратты әрі парасатты әңгімесін Дон Кихот таңырқана тыңдады, — бұрын ол тонаушылықпен, кісі өлтірушілікпен және қарақшылықпен айналысатындардың арасында орынды ой-пікірі бар адам болмайды деген түсінікте жүретін, осы себепті ол атаманға қарап былай деді:

— Сеньор Роке! Сырқатыңның сырын білу мен дәрігер белгілеген дәрілерді ішуге ықыласты болудың өзі-ақ сауыға бастағаныңның алғашқы нышаны: сіз, мейірімді мырзам, сырқатсыз, ауруыңызды білесіз, ендеше, баршамыздың дәрігеріміз боп табылатын аспанның, дәлірек айтқанда, жаратқан иеміздің сізге ауруыңыздан айықтыратын, — тез арада және кереметтің күшімен емес, біртіндеп айықтыратын, — дәрі-дәрмек белгілеп берері хақ. Сондай-ақ, санасыз күнәкардан гөрі саналы күнәкар тезірек түзеледі, ал сөйлеген сөзіңізден парасатты адам екеніңіз көрініп тұрғандықтан, сізге қалатыны тек жігеріңізді жасытпау және ар-ұжданыңыздың дерті жеңілдейтініне үміт ету ғана. Егер бұған барар жолды қысқартқыңыз келсе және арылу жолына мүмкіндігінше тезірек түскіңіз келсе, онда маған еріңіз: мен сізді кезбе рыцарь болуға үйретем, ал кезбе рыцарь соншалықты көп тауқымет пен тақсірет тартатындықтан, мұның бәрі оның тәубаға келуінің өтеміне жүріп, оны тұп-тура жұмаққа алып барады.

Дон Кихоттың кеңесін тыңдап алған Роке мырс етіп күлді де, әңгіме ауанын өзгертіп, Клаудиа Херониманың басындағы қайғылы жайды баяндап берді, бұл Санчоны қатты күйіндірді, өйткені қыздың сұлулығы, жүректілігі мен өжеттігі оған айрықша әсер еткен болатын.

Сол екі арада қарақшылар да кәсіптен оралып, қашырға салт мінген екі адамды, екі жаяу тауапшыны, әлдебір ханымдар отырған күйме мен күйменің аттылы-жаяу бес алты нөкерін және салт аттыларға қызмет етіп келе жатқан екі жалшыны айдап келді. Қарақшылар оларды айналдыра қоршап алды, Роке Гинарттың не айтатынын күтіп, жеңіліс тапқандардың да, жеңгендердің де ешқайсысы ләм деп тіл қатқан жоқ; атаман салт аттылардан кім екенін, қай жаққа бет алғанын және қанша ақшасы барын сұрады. Бұған салт аттылардың бірі былай деп жауап қатты:

— Сеньор! Екеуіміз де испан жаяу әскерінің офицеріміз, бөлімдеріміз Неапольде тұр, өзіміз Барселонаға бара жатырмыз, естуімізше, ол жерден Сицилияға бірнеше галера шығатын көрінеді. Бізде екі жүз бе әлде үш жүз бе эскудо бар, осының өзін көңілімізге тоқ санап, тағдыр-талайымызға дән риза боп келе жатырмыз: өйткені солдаттардың кедей болатыны сонша, бұдан артық байлықты армандау қаперіне де кірмейді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий