Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дон Кихот пен Санчо жан-жағына қаранып, өмірде алғаш рет теңіз дидарын тамашалады: бұларға ол шегі де, шеті де жоқтай орасан үлкен, өздері Ламанчада жүздескен Руидера айдындарынан әлдеқайда аумақтылау көрінді. Кемежайда галералар тұр еді; жабындылары түсіріліп тасталғандықтан, желмен жағаласқандай, кейде су бетіне жанасқандай жұлқына желбіреген алуан түрлі жалаушалары мен тулары көзге анық шалынып тұрған; галералардан мүйіз сырнайлардың, кернейлер мен гобойлардың дыбысы шалқып, кейі нәзік, кейі жігерлі әуендер алыс-жақын маңайды түгел баурап алған-ды. Міне, кемелер тыншу судың толқынын сүріп, әрлі-берлі сырғи бастады: бұл теңіз шайқасы ойыны болатын; келісті сәйгүлік мініп, сәнді киінген, қаладан келген салт аттылар да дәл осы кез жағалауда осыған ұқсас ойын көрсетуге кірісіп кетті. Галералардан тоқтаусыз зеңбірек атылып жатты, қала қабырғалары мен форттардан оқ бір мезгілде атылып, қамал артиллериясының зәрені ұшырған гүрсіліне теңіз артиллериясы сондай гүрсілмен жауап қатып тұрды. Шадыман теңіз, шаттыққа оранған бар маң, әредік-әредік зеңбірек түтіні тұмшалап кететін мөлдір ауа — осының бәрі жұрттың жүрегін қуанышқа шып-шып толтырды. Ал, Санчо сорлы суда қозғалып жүрген осынау алыптарға соншалықты көп аяқтың қалай біткенін білмей алмай бас қатырумен болды.

Осы сәт қуанышты үнмен қиқулай шулап, айқайды салған салт аттылар төбесіне тас түскендей аңырып тұрған Дон Кихоттың қасына таяп кеп, іштеріндегі өткен жолы Роке хат арқылы хабарласқан біреуі Дон Кихотқа қарап қатты дауыстап былай деді:

— Хош келдіңіз қаламызға, кезбе рыцарьлықтың шарайнасы, шамшырағы, шырағы және жол көзер жұлдызы! Осындай қасиеттердің иесі екеніңізге күллі рыцарьлық хикая көзімізді әбден жеткізген болатын! Хош келдіңіз, әсте жаңада жарық көрген хикаяттардағы жалған, жасанды, ойдан шығарылған кейіпкер емес, бүткіл хикаяшы атаулының ең айтулысы Сид Ахмет Бен-инхали суреттегендей, шынайы, нағыз, ешқандай күдік келтірмейтін айбынды Ламанчалық Дон Кихот!

Дон Кихот бұған ешқандай жауап қатқан жоқ, оның үстіне, салт аттылар да жауап тосып тұрмаған: басқалармен бірге олар да аттарын ойнақшыта бастырып, шыр айналып ойқастап жүрген; Дон Кихоттың айнала-маңында шын мәніндегі ат жарысы өтіп жатқан.

— Мыналар, шамасы, бізді танып қойған болды, бұлардың өзіміз жайындағы шыншыл хикаяны ғана оқып қоймай, жуырда әлгі арагондық жарыққа шығарғанды да оқығанына бәс тігуге бармын, — деді ол Санчоға қарап.

Дон Кихотпен сәлемдескен салт атты оған қайтадан жақындап:

— Сеньор Дон Кихот! Бізбен бірге жүріңіз: біз — құлдығыңыз болар қызметшіміз және Роке Гинарттың ең жақын досымыз, — деді.

Дон Кихот оған былай деп жауап қатты:

— Бір кішіпейілділік екіншісін туындатады деген сөз рас болса, онда сіздің кішіпейілділігіңіз, сеньор кавальеро, Роке кішіпейілділігінің туған қарындасы, қалай болған күнде де, әйтеуір, ет жақын туысы. Қайда қаласаңыз мені сонда бастай беріңіз: көңіліңізді табуға ден қойғаным себепті, дәл қазіргі кездегі менің ықтиярым — сіздің ықтиярыңыз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий