Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Анау бұған осыған тең дәрежеде сыпайыгершілікпен жауап қатты, сосын салт аттылар айнала қоршап алған Дон Кихот кернейлер мен барабандар дыбысы жебеуімен қалаға қарай бет алды; сөйтіп олар қалаға келіп кірген кезде, қашан да қасірет ұрығын егіп жүретін әзәзіл ібілістің азғыруымен екі әдепсіз де тентек бала, — балалар кейде қандай жылпостың өзін де жолда қалдырады, — топтың арасынан сыналана өтіп, есек пен Росинанттың құйрығын көтеріп жіберіп, бір-бір уыс тікенекті шомыртты сұға салды. Шпордың осынау жаңа түрін сезген бейшара жануарлар, құйрығын қыспақ болып еді, мұның салдарынан жағымсыз әсер одан бетер күшейіп кетті: содан ес жоқ, түс жоқ тулап-мөңки жөнелген олар ақыры үстіндегілерді жерге атып ұрды. Қатты ыңғайсызданып, абыржып-абдыраған Дон Кихот мәстегінің құйрығы астындағы бәлені алып тастауға асықты, Санчо болса, сұр жорғасына көмекке келді. Дон Кихоттың серіктері қиямпұрыстығы үшін балаларды жазаламақшы болған, бірақ қалмай ілесіп жүгіріп келе жатқан басқа жүгермектер тобына қосылған сотқарлар ұстатпай кетті.

Дон Кихот пен Санчо көліктеріне қайта отырып, сол баяғы музыка ырғағының жебеуімен, сол баяғы салтанатпен бастаушыларының үйіне келіп жетті: бұл өзі дәулетті кавальерода ғана болатын, еңселі де ерекше сәнді үй еді; енді біз осы арада Дон Кихот пен Санчоны аз-кем уақытқа жайына қалдыра тұрамыз, өйткені Сид Ахмет осыны қалап отыр.

LXІІ тарау

Мұнда сиқырланған басқа қатысты шытырман оқиға жайында және айтпай кетуге болмайтын өзге де ұсақ-түйектер жөнінде әңгімеленеді.

Дон Антоньо Морено — Дон Кихотты қарсы алған адамның есімі осындай еді — дәулетті, тапқыр да ұтқыр сөйлейтін, әдептен озбайтын әрі жанға жағымды ойын-күлкіні ұнататын кавальеро еді; Дон Кихотты үйіне ертіп келген ол кезбе рыцарьдың есалаңдығын көпшілік алдында паш етудің амал-айласын іздестіре бастаған, бірақ Дон Кихоттың намысына нұқсан келтірмеу жағын да қарастырған, өйткені жанға бататын қалжыңда ешқандай қадір-қасиет қалмайтыны және басқа біреуді қорлау арқылы көңіл көтерудің де еш қызығы болмайтыны белгілі ғой. Ең алдымен ол Дон Кихоттың сауыт-сайманын шешуге әмір етті, сосын, өзіміз талай мәрте еске салған әрі сипаттап берген, тарлау түйе жүн камзолымен ғана қалған кезде оны қаланың адам арылмайтын көшесіне қарайтын балконға алып шықты: ағылып өтіп жатқан жұрт пен балалар бейне бір маймылды көргендей оған таңырқана қарап қалды. Дон Кихоттың көз алдында салт аттылар қайтадан ойқастап жүре бастады, осыған қарап тұрып бұлар мереке құрметіне емес, бұның жеке басының құрметіне осылай сән-салтанат құрып жүр екен деп ойлап қалуға болатын. Ал, Санчо құдды бір өзін ғайыптан тайып әлде Камачоның үйлену тойына ма, әлде дон Дьего де Миранданың қожалығына ма, әлде герцогтың қамал-сарайына ма қайта тап болғандай көріп, көңілі тасып, мәз-майрам болды.

Бұл күні дон Антоньода достары түстеніп жатыр еді, олардың бәрі Дон Кихотқа кезбе рыцарь ретінде қарап, оған барынша қошемет көрсетумен болды, ал Дон Кихот маңғаз да тәкаппар кейіпке еніп, төбесі көкке екі елі жетпей отырды. Санчоның әзіл-оспақ сөзін қатты ұнатқандары сонша, малайлар да, басқа тыңдаушылар да оның аузына қарап қалды. Дастарқан басында дон Антоньо Санчоға былай деп тіл қатты:

— Құрметті Санчо! Естуімізше, сен курник пен фрикаделькаларды керемет ұнатады екенсің, мелдектеп тойған соң, қалғанын кейін жермін деп қойныңа тығып алатын көрінесің.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий