Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Роке былай шығып, барселондық дос-жар адамына хат жазды, бұл хатында ол мұқым елге мәшһүр Ламанчалық Дон Кихоттың, жұрт аузында алуан түрлі әңгіме айтылып жүрген дәп сол атақты кезбе рыцарьдың, өзінде мейман боп жатқанын мәлім етті, оның дүниедегі ең бір қызықты да парасат-пайымы мол адам екенін, бірнеше күннен соң, атап айтқанда, әулие Шоқындырушы Иоанн күні, өзі, Роке, бес қаруын асынған, Росинантқа салт мінген Дон Кихот пен есек мінген атқосшысы Санчо Пансаны барселондық жағалауға алып баратынын хабарлады, көңіл көтеріп, қызыққа батуы үшін достары Ньяраларға хабар беруін сұрады; одан әрі Роке бұл қызықтан жаулары Каделдерді құралақан қалдыру жайын да ойластырғанын, бірақ мұның мүмкін еместігін, себебі Дон Кихоттың есалаңдығы мен естілігі, сол сияқты оның атқосшысы Санчо Пансаның әзіл-оспағы күллі әлемнің ермегіне айналмай қала алмайтынын айтты. Роке хатты атқосшыларының біріне берді, анау қарақшы киімін шаруа киіміне ауыстырып киген соң, Барселонаға барып, хатты тиісті адамына табыс етті.

LXІ тарау

Барселонаға кіре берісте Дон Кихоттың қандай кепке тап болғаны жайында және бір қарағанда қисынсыз көрінгенімен шындықтан онша алшақ кетпейтін басқа да нәрселер жөнінде.

Дон Кихот үш күн, үш түнді Рокемен бірге өткізді, онымен тіпті үш жүз жылды бірге өткізгеннің өзінде де қарақшылардың қалай тірлік кешетініне таңырқай көз тігуден әсте жалықпаған болар еді: олар бір жерге қонып шығатын, екінші бір жерде түскі асын ішетін; біресе, кімнен екенін өздері де білмей, қаша жөнелетін, біресе әлденені күтіп отыратын. Ұйқыларында да береке жоқ-ты, минут сайын дерлік оянып, тынымсыз орын ауыстырып көшіп жүретін. Қашан да дәйім шолғыншылар жіберіп, қарауыл жеткізген хабарды тыңдап, аркебуздар пілтесін тұтатпаққа әуре боп жататын, — айта кетерлігі, оларда аркебуз аз-ды, қарақшылардың барлығы дерлік шақпақты пистолетпен жарақтанған еді. Түнде Роке жігіттерінің ешқайсысы білмейтін оңтайлы орын тауып жататын, өйткені барселондық вице-корольдің атаман басы үшін берілетін сома көрсетілген қисапсыз жарлығы оған күндіз де, түнде де маза бермей, үнемі үрейде ұстайтын; ол ешкімге сенбейтін, әсіресе өз жігіттерінің ажал таптыруынан немесе өкімет орындарына ұстап беруінен қатты қорқатын: шын мәніндегі аянышты әрі тақсіретті тірлік еді бұл.

Адам көптен аяқ баспаған жолдармен, ну жыныстың арасындағы құпия соқпақтармен сапар шеккен Роке, Дон Кихот пен Санчо алты атқосшымен бірге ақыры Барселонаға да келді. Жағалауға олар Шоқындырушы Иоанның қарсаңындағы түнде жетті, сол жерде Роке әуелі Дон Кихотты құшағына алып, сосын Санчоны құшақтап, уәде еткен он эскудосын да осы арада қолына ұстатып, екеуімен ұзақ сыпайыгершілік алмасқан соң жөніне кетті.

Роке ғайып болды, ал Дон Кихот атқа мініп отырған күйі таңның атуын күтіп қала барды; айтқандай-ақ, көп ұзамай шығыстың терезелерінен Аврораның әлпеті айқын көрініс берді: бұл адам құлағының құрышын қандыра қоймағанымен, әйтеуір, гүл мен шөпке керемет үлкен қуаныш сыйлады; дей тұрғанмен, дәл осы сәтте Дон Кихот пен Санчо, шамасы, қала жақтан болса керек, бәленбай керней мен барабанның, сан қилы сылдырмақтың дыбысын және жылдам басып жақындап келе жатқан адамдардың: “Жол беріңдер! Жол беріңдер!” деген айқайын естіп, аңтарылып қалды. Аврораның орнын күн иемденіп, оның қалқаннан қымқа қомақты әлпеті көкжиектен жайлап жоғары көтеріле бастады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий