Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол күні дон Антоньо Дон Кихотқа кемежайда тұрған галераларды көрсетпекші болды, бұған Санчо есі кетіп қуанды, өйткені ол өмірі кемеге мініп көрмеген-ді. Дон Антоньо кешкісін өзінің мейманы, даңқты Ламанчалық Дон Кихотпен бірге кемелерге баратынын командорға алдын-ала хабарлап қойған, қаланың басқа тұрғындары секілді командор да оның жайынан құлақтанып үлгерген; ал Дон Кихоттың кемелерде қандай кепке тап болғаны жайында келесі тарауда әңгімеленеді.

LXІІІ тарау

Мұнда кемелерді көру кезінде Санчо Панса тап болған бақытсыздық жөнінде және сүйкімді мавр қызына қатысты таңғаларлық шытырман оқиға жайында әңгімеленеді.

Сиқырлы бастың жауабы турасында Дон Кихот ұзақ қиялданды, алайда мұның әншейін алдау екені жайындағы ойдан мүлдем аулақ болатын: оның бар ой-аңсары бастың Дульсинеяның жадысы қайтарылатыны жөніндегі, өзіне ақиқат шындық тәрізді көрінген, уәдесі төңірегінен алысқа ұзамады. Ол бұған әлсін-әлі қайтып орала берді және уәденің орындалатын күні жақын деген сенімнен жүрегі қуанышқа бөленді; ал Санчо, өзіміз білетіндей, губернаторлықтан азар да безер болғанына қарамастан, бұйрық беруді, басқаларды әміріне бағындыруды қайтадан арман ете бастады, — мұндай пендешілік әйтеуір бір кезде, тіпті әзіл-қалжың түрінде болса да, билік жүргізіп қалған қай адамның басынан да кездеспей тұрмайды.

Сөйтіп, сол күні кеште үй иесі дон Антоньо Морено мен оның екі серігі Дон Кихотпен және Санчомен бірге кемелерге аттанды. Дон Кихот пен Санчо секілді екі атақты адам жағалаудан төбе көрсеткен бойда-ақ, осынау аса қуанышты оқиға жайында алдын-ала құлақтандырылған командордың белгісі бойынша барлық галераның тенті сыпырылып, кернейлер ойнап қоя берді; сосын көз жауын алатын көркем кілемдер төселіп, қызыл барқытпен тысталған көпшіктер қойылған шлюпка суға түсірілді, Дон Кихот жағалаудан қайыққа қарай адым аттаған сәтте командор галерасынан палубалық зеңбірек гүрс еткізіп оқ атты, басқа галералардан да оқ атылды, ал Дон Кихот штирборт баспалдағымен жоғары көтеріле бастаған кезде, теңізшілердің кемеге келетін жоғары лауазымды адамдарды қошеметтеу дәстүрімен, бүкіл команда оны үш мәрте қайталанған “У-у-у!” деген қуанышты айқаймен қарсы алды. Бастық (валенсиялық ақсүйек дворяндар әулетінен шыққан командорды осылай атағалы отырмыз) Дон Кихотқа қолын ұсынып, оны құшағына қысты.

— Бұл күнді мен ақ таспен белгілеп қоям, — деді ол, — өйткені, бұл өз өмірімдегі ең бақытты күн секілді көрініп тұр: бүгін мен кезбе рыцарьлықтың күллі асыл қасиеті бір бойына жинақталып, қордаланған сеньор Ламанчалық Дон Кихотпен жүздестім.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий