Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бастық бұл неғылған дүре екенін, сондай-ақ Дульсинеяның жадысын қайтару деген нені білдіретінін сұрамаққа оқталған, бірақ дәл осы кезде вахтадағы матрос:

— Монжуиктегі манар белгі беріп жатыр, батыстан ескекті кеме көрінді! — деп айқайлады.

Мұны ести сала бастық палубаға жүгіріп шықты да:

— Әй, жігіттер, ана кемеден айрылып қалмаңдар! Шамасы, манардағылар бізге алжирлік қарақшылар бригантинасы келе жатқаны жайында белгі беріп тұрған шығар, — деп айқайлады.

Бұған іле-шала қалған үш кеме қандай бұйрық боларын білмекке командорлық галераға жақындады. Бастық екі галераға ашық теңізге шығуға, ал үшіншісіне жағалауды бойлап олардың соңынан еріп отыруға әмір етті, — сонда әлгі кеме құтылып кете алмайды, деді. Ескекшілер барын салып жұмыла есе жөнелді де, галералар қанат біткендей зырлап кетті. Ашық теңізге шыққан екі галера шамамен екі мильдей қашықтықтан әлде жиырма сегіз, әлде отыз ескекті секілді көрінген бір кемені ұшыратты, кейін ол шын мәнінде де сондай боп шықты; галералардың жақындап қалғанын көрген кеме жеңілдігіне үміт артып, бұлтара жүзіп, жүрісін шапшаңдатып ұзап кетпекші болды, алайда онысынан ештеңе өнбеді, себебі командорлық галера бұрын-соңды теңізге шыққан кемелер ішіндегі ең жеңілі болатын; сондықтан оның оқтай ұшып заулап келе жатқанын көрген бригантинадағылар қашып құтылудың мүмкін еместігін бірден түсіне қойды, сөйткен соң командорды шамадан тыс ашуландырып алудан қорыққан аррайыс ескек есуді дереу доғарып, берілуге әмір етті; алайда, тағдыр оларға басқадай шешім белгіледі: командор галерасы бригантинаға таяп қалғанда, ондағылар біздің теңізшілердің қарақшыларға: “Беріліңдер!” деп айқайлаған дауысын еститін жерге жеткенде, басқа да отандастарымен бірге әлгі бригантинада келе жатқан екі мас торак, басқаша айтқанда — екі мас түрік мушкеттен оқ атып, бакта тұрған екі теңізшімізді сеспей қатырды. Бұдан соң бригантинадан қолға түсірген адамның бәрін түгел қырып салуға ант берген командор оны асқан әбжілдікпен шұғыл түрде шабуылдауға кірісті, алайда бригантина ескектерін аямай есіп, екпін алған галерадан бұлтарып үлгерді. Галера екпінімен едәуір жерге шығандап кетті; ол кейін қарай бұрылып, қайта оралғанша бригантинаның командасы жанталаса қимылдап желкендерін көтеріп үлгерді, сөйтіп желкеннің және ескектің көмегімен тағы да қашып құтылуға әрекет жасады, алайда оның бұл пысықтығынан пайда болмады, ал тәуекелшілдігі басына сор боп жабысты, өйткені жарты мильден сәл ғана астам қашықтықты артта қалдырған соң галера бригантинаны қайтадан қуып жетті де, оған ескектерін іліп, кемедегілердің бәрін түгел тірідей қолға түсірді. Бұл кезде басқа екі галерамыз да келіп жеткен-ді, сөйтіп барлық төрт галера олжаларын алып айлаққа оралды, бұл жерде олардың не әкелетінін білуге құмартқан қыруар жұрт тосып тұрған. Командор жағаға жақындап келіп зәкір тастады, сол арада ол жағалауда қала вице-королінің өзі тұрғанын көрді. Командор оны алып келуге қайық жіберді, сондай-ақ реяны көтеруге және оған аррайыс пен басқа да түріктерді асып қоюға әмір етті, ал олардың ұзын саны отыз алты адам-тұғын, бәрі де өңшең тепсе темір үзетін жігіт еді, көпшілігі мушкетер болатын. Командор олардан қайсысы аррайыс екенін сұрады; оған тұтқындардың бірі, діннен безген испандық, кастиль тілінде:

— Сеньор! Біздің аррайыс — алдыңда тұрған мына жас жігіт, — деп жауап қатты.

Соны айтып ол адамзат баласының арман-қиялы ғана тудыра алатындай аса келбетті де сымбатты жас жігітті нұсқады. Түріне қарап оны әрі кеткенде жиырмада деуге болатын. Бастық оған былай деп тіл қатты:

— Қане, жауап бер, милау төбет, қашып құтылар амалың жоқтығына көзің анық жетіп тұрған кезде жігіттерімді өлтіру не үшін қажет болды саған? Флагмандық кемеге көрсеткен құрметің бе бұл? Әлде сен есерліктің ерлік еместігін білмеуші ме ең? Жан алқымға келгенде адамның көзсіз батырлық жасауына болады, бірақ әсте есерсоқтық жасамауға тиіс.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий