Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сеньор! Біз Әумесер Ангуло труппасының актеріміз, бүгін таңертең, Христ тәні мерекесінен кейінгі сегізінші күні, әне бір төбенің астындағы селода Ажал соты жайындағы қойылым аталатын ойын көрсеттік, ал кешкісін мына бір селода ойнамақпыз — әне көрініп тұр осы арадан. Аралары онша қашық емес, сондықтан, күніне қырық қайтара киініп жүрмес үшін, рөлде ойнайтын кәстөмдерімізбен келе жатырмыз. Мына жас жігіт Ажалды бейнелейді, мына әйел, қожайынның зайыбы, — Королеваны, анау — Солдатты, мынау — Императорды ойнайды, ал мен қойылымдағы басты кейіпкерлердің бірі —Ібілісті ойнаймын: труппамызда мен негізді рөлдерді атқарам. Егер біздер жайында білмек болған басқа да нәрсеңіз болса, менен сұрай беріңіз, егжей-тегжейлі жауабыңыз дайын: менің қолымнан бәрі келеді, өйткені Ібіліс емеспін бе.

— Кезбе рыцарьдың ар-намысымен ант етейін, — деп сөйлеп кетті Дон Кихот, — арбаларыңды көргенде шетіндеу шытырман оқиғаға тап болған екем деп қуанып қалғам, қазір енді көзім анық жетіп тұр: әлде бірдеңе көз алдыңа елес берген сәтте оған қол тигізсең-ақ болды, алдамшы әсеріңнің сол бойда-ақ сейіліп жүре беретіні рас екен. Жолдарың болсын, абзал жандар, ойындарыңды қоя беріңдер және өздеріңе менің де бір пайдам тимес пе екен, сол жайында ойланып көріңдер: мен сендерге қуана-қуана әрі бар ықыласыммен қызмет етуге әзірмін, өйткені сахна ойыны мені кішкене кезімде-ақ баурап алған еді, ал бозбала шағымда театрдан шықпайтынмын.

Осы әңгіменің кезінде, тағдырдың түртпегімен шығар, үстіне сансыз сылдырмақ қоңырау тағылған сайқымазақтың киімін киген, қолына бұқаның жел толтырылған үш қуығы байланған таяқ ұстаған комедианттардың бірі ілгері шыға келді; Дон Кихотқа жақындап келген әлгі сайқымазақ таяғын олай да бұлай бұлғаңдатып, қуықпен жер сабалап, сылдырмақтарын шылдырлатып, орғып-қарғып секеңдей бастады, бұл сұмдық көрініс Росинанттың есін шығарғаны сонша, Дон Кихоттың тізгінді қанша тартқанына қарамай, ауыздығын сүзіп ала жөнелді де, қу сүлдері ғана қалған мәстектің табиғатына жат әбжілдікпен қос аяқтап көсілтіп берді. Мырзасына жерге жалпасынан түсу қатері төнгенін сезген Санчо есегінен ырғып түсіп, оған көмекке ұмтылды, бірақ бұл борсаңдап жеткенше анау жер қауып та үлгерген еді, ал жанында Росинант сұлап жатқан: Росинант бейшараның өжеттігі мен өзімбілдігінің жемісі мен ақырғы нәтижесі әманда осындай болатын.

Санчо сұр жорғасын қалдырып Дон Кихотқа жүгіріп жеткенінше болмай, қуық ұстап секіріп билеп жүрген Шайтан есекке қарғып мініп, оны арқасынан қуықпен сабалай бастады, жанына батқан таяқтан гөрі осы тынымсыз тарсылдың үрейі көбірек қыстаған есек жаңағы ойын қойылмақшы селоға қарай шаба жөнелді. Қашып бара жатқан есегі пен сұлап жатқан қожайынына қарап тұрған Санчо қай қасіретке алдымен қол ұшын берерін білмей абдырады; бірақ шын берілген атқосшы, шын берілген малай болғандықтан, мырзасына деген махаббаты сұр жорғаға деген іңкәрлігінен үстем түсті, алайда әлгі қуықтар біресе жоғары көтеріліп, біресе есектің сауырына қарай төмен түскен сайын зәре-құты қалмай, жүрегі қан жылап тұрды; сұр жорғаның құйрығындағы бір тал қылшық үзілгенінен өзін осылайша бас-көзге қарамай сабалағанды артық көріп тұрған. Осындай дел-сал күйге түскен Санчо өзі ойлағаннан әлдеқайда аянышты ахуалға тап болған Дон Кихоттың жанына жақындады, сөйтіп оны Росинантқа отырғызып жатып:

— Сеньор! Сұр жорғамды Шайтан алып қашып кетті, — деді.

— Қандай шайтан? — деді Дон Кихот таңырқап.

— Қуығы бар Шайтан, — деп жауап қатты Санчо.

— Саспа, қайта тартып әперем, — деп сендірді Дон Кихот, — маған десе, тіпті тамұқтың ең терең, ең қараңғы түкпіріне барып тығылсын мейлі, бәрібр таппай қоймаймын. Ер соңымнан, Санчо, арба жай жүреді, сұр жорғаңның өтеміне қашырларын алып берейін.

— Оншалықты әбігер болмай-ақ қойыңыз, сеньор, — деп қарсылық білдірді Санчо, — ашуыңызды басыңыз, тақсыр: байқауымша, Шайтан сұр жорғамды босатқан секілді, әне өзі де бермен қарай келе жатыр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий