Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жә, ақ пейіл Санчо, ақылды Санчо, христиан Санчо, ақ жүрек Санчо, — деді Дон Кихот, — егер осындай шешімге келген болсаң, онда мына сүмелектерді жайына қалдырайық та, бұдан гөрі тәуірлеу, бұдан гөрі лайықтылау шытырман оқиға іздестірейік және мұндай сан қилы оқиғаның, оның үстіне, айта қаларлықтай кереметтерінің, бізді тап осы маңайдан күтіп тұрғанына сенімім кәміл.

Осыны айтып ол атының басын бұрды, Санчо сұр жорғасына отырды, Ажал мен оның елгезек отряды қайтадан арбаға жайғасып әрмен қарай асты, сөйтіп Ажал күймесімен арада болған осынау аса қорқынышты шытырман оқиға Санчо Пансаның қожайынына берген құтты кеңесінің арқасында ғана сәтті аяқталды; ал ертеңінде Дон Кихотты ғашықтық дертіне ұшыраған әлдебір кезбе рыцарьға қатысты, әлгіден артық болмаса кем соқпайтын жаңа шытырман оқиға тосып тұрған-ды.

ХІІ тарау

Айбынды Дон Кихоттың жаужүрек Айна Рыцарына қатысты әдеттен тыс шытырман оқиғасы хақында Ажалмен кездескеннен кейінгі түнді Дон Кихот пен атқосшысы биік те саялы ағаштардың арасында өткізді, сол жерде Санчоның өтінішін аяқ асты қылғысы келмеген Дон Кихот есекке артылған азық-түліктен дәм татты; кешкі астың үстінде Санчо мырзасына мынаны айтты:

— Сеньор! Уағда еткен сыйлығыңыздың өтеміне үш биеңіздің құлынын таңдамай, алғашқы шытырман оқиғаңыздың олжасын таңдағанымда барып тұрған ақымақ мен болады екем! “Көктегі тырнадан қолдағы шымшық артық” деген осы ғой.

— Алайда, Санчо, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — айқасқа түсуге құлшынған кезімде бөгет жасамасаң құрығанда Император айымының алтын тәжі мен Купидонның түрлі түске боялған қанаттарын олжа етер ең. Мен бұл тобырдың түте-түтесін шығарар едім де, олардың көр-жер дүниесіне өзің қожа боп шыға келер едің.

— Ойын-сауық императорларының тәжі мен аса таяғы ешқашан таза алтыннан болмайды, не бояма бірдеңеден, не қаңылтырдан жасалады, — деп құлақ қағыс етті Санчо.

— Әлбетте, — деп мақұлдай кетті оны Дон Кихот. — Театр жарақтарының тұтынуға жарамды дүние болуы шарт емес, бұлар комедияның өзі секілді көз алдымызға елестетуге ғана көмектесетін, сырттай ғана солай көрінетін нәрсе болуға тиіс; әйтсе де, Санчо, комедияны да, сол сияқты оны қоятындар мен жазатындарды да, бағалай және қадірлей білгеніңді қалар едім, өйткені олардың бәрі де мемлекетке айтып жеткізгісіз зор пайда келтіретін өзіндік бір қолғанат іспетті: олар бізге адам баласының іс-әрекеті айшықты түрде көрініс беретін айнаны әрдайым алдымызға тосумен болады және шын мәнінде қандай екеніміз бен қандай болуымыз қажеттігі арасындағы айырмашылықты комедия мен комедианттардан артық ешкім анық көрсетіп бере алмайды. Шыныңды айтшы: корольдер, императорлар, папалар, рыцарьлар, ханымдар және басқа да кейіпкерлер кескінделетін комедияларды көргенің бар ма сахнадан? Бірі — арсызды, екіншісі — алаяқты, үшіншісі — саудагерді, төртіншісі — солдатты, бесіншісі — ақпейіл аңқауды, алтыншысы — ғашықтық баураған жай біреуді бейнелейді, бірақ комедия аяқталып, актерлер үстіндегі костюмін шешкен бойда ешқайсысының бір-бірінен ешқандай артықшылығы болмайды.

— Көрдім ғой, әрине, — деп жауап қатты Санчо.

— Шыр айналып өтіп жатқан ғұмыр-тіршілігіміздің комедиясында да тап осындай жағдай орын алған, — деп сөзін жалғады Дон Кихот, — мұнда да біреулер император ролін ойнайды, екіншілер — папаны кескіндейді, қысқасы, комедияға қатысатын кейіпкерлердің баршасы бейнеленеді, ал комедия аяғына жеткенде, яғни өмір аяқталған кезде, ажал келіп олардың өзара айырмашылығын көрсетіп тұрған киімдерін сыпырып алады, сөйтіп молада ешқайсысының бір-бірінен ешқандай артықшылығы болмайды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий