Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол арада Орман Рыцарының атқосшысы Санчоны қарынан алып, былай деді:

— Қане, былайырақ шығайық та, екі атқосшы өзімізше әңгіме-дүкен құрайық, ал мырзаларымыз өзді-өзі керілдесе берсін, бір-біріне сүйіспеншілік сырларын айта берсін, — олардың әңгімесі таң ағарып атқанша таусылмайтынына және тіпті сонда да бітпейтініне басымды бәске тігуге бармын.

— Мейлі, не қылса о қылсын, — деп келісе кетті Санчо, — ал мен сізге өзімнің кім екенімді айтып берейін, сонда мені басқа бір көк езу атқосшылармен тең санауға болмайтынына өзіңіз де көз жеткізерсіз.

Екі атқосшы аулағырақ кетті, сөйтіп сеньорларының сұқбаты қаншалықты мәнді болса, бұлардың арасында да соншалықты сәнді сұқбат басталды.

ХІІІ тарау

Мұнда Орман Рыцарымен арадағы шытырман оқиға әрмен жалғасады және қос атқосшының парасат-пайымға толы, бейбіт әрі айрықша мәнді сұқбаты келтіріледі.

Атқосшылар рыцарьлардан аулағырақ шыққаннан кейін алғашқылары өз тірлігі жайында, соңғылары өз сүйіспеншілігі жайында бір-біріне сыр ақтарыса бастады, алайда хикаяда әуелі малайлар сұқбаты, сонан соң барып мырзалар сұқбаты келтірілген; сөйтіп, хикаяда былайырақ шыққан соң Орман Рыцары малайының Санчоға былай деп тіл қатқаны айтылады:

— Біздің, яғни кезбе рыцарь атқосшыларының, өмірі өте ауыр да мехнатты ғой, мархабатты мырзам; жейтін нанымызды маңдай терімізді сорғалатып жүріп табамыз, бұл құдайдың арғы ата-бабаларымызға жолдаған қарғысының бірі болса керек.

— Айтқаныңыздың бәрі жөн, бәрі дұрыс, — деп іліп әкетті Санчо, — оған қоса осы нанымыздың өзін жанымыз күйзеліп отырып жейміз ғой, өйткені аңызақ пен аяздан кезбе рыцарьлардың біз секілді қырсығы арылмаған атқосшыларынан басқа кім көбірек қорлық көреді дейсің? Және осы нанымызды үзбей жеп отырсақ та өкініш көп болмас еді, себебі қарыны тоқтың уайымы жоқ емес пе, шынын айтқанда, кей-кейде екі күн қатарынан жалғыз тек қара желді ғана қорек ететін кезіміз де боп тұрады ғой.

— Сыйлық алар үміт болса мұның бәріне төзуге де, шыдауға да болар еді, — деп құлаққағыс етті басқа малай, — өйткені, атқосшы қызмет ететін кезбе рыцарь, жолы ауыр біреу боп шықпаса, арада азды-кем уақыт өткенде оған міндетті түрде әлдебір әдемі аралдың губернаторлығын жә болмаса әлденендей бір тәп-тәуір графтықты тарту етері хақ.

— Маған аралдың губернаторлығы да жетеді дегенді мырзама ескертіп те қойғам, — деп мәлім етті Санчо, — оның бұған дән ырза болғаны және шүлеңгірлік көрсеткені сонша, өзіме арал сыйлайтыны жөнінде орайы келген жағдайларда әлденеше мәрте уәде етті.

— Кінәратсыз қызметім үшін мені каноник қылса, соған да ырза болар ем, — деді басқа малай, — мырзам маған махалла алып беруге уәде етті және махалла болғанда қандайын десеңізші!

— Қожайыныңыз, байқаймын, шіркеу саласына қатысы бар рыцарь ғой деймін әрі шын берілген атқосшыларына бұл секілді жақсылық жасауға қақы бар секілді, — деді Санчо. — Ал менікі — кәдімгі көп зиялы адамның бірі, әйтсе де, енді есіме түсіп отыр, әлде бір білімпаз жандар, — рас, мен өзім оларды опасыз деп білем, — оны архиепископ болуға үгіттеп бақты, алайда ол императорлықтан басқадан ат-тонын ала қашты, ал мен болсам сонда: әгәрәки ол діни сала бойынша кетсе, мен қайтпекпін деп қатты қорықтым, өйткені шіркеу қауымын басқару қолымнан келмейді ғой, — біле білсеңіз, мейірімді мырзам, мен өзім адам пошымында болғаныммен, шіркеуге хайуаннан пайда қандай болса, менен де сондай пайда бар — еш айырмашылық жоқ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий