Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осыны айтып орнынан тұрған ол көп ұзамай шарап құйылған қомақты мес пен көлемі жарты шынтақ боп қалатын бәлішті алып қайтып оралды, — асырып айтылған дәнеңесі жоқ, шынымен сондай еді, өйткені бұл қоян етін салып пісірген дығал бәліш болатын, Санчо оны ұстап көріп, бұл тіпті лақтың да еті емес, текенің еті шығар деп тауып, екінші атқосшыдан:

— Сонда осындай нәрсені дәйім өзіңізбен бірге ала жүресіз бе, сеньор? — деп сұрады.

— Енді қалай деп едіңіз? — деп жауап қатты анау. — Әлде, сіздіңше, мен соншалықты бір қырсыз атқосшысымақ па екем? Атымның сауырында жорыққа аттанған генералдың қорынан да молырақ азық-түлік жатыр.

Көп жалындырмай-ақ тамаққа бас қойған Санчо көлемі диірмен тасындай боп қалатын кесектерді апыл-ғұпыл асап жатып, былай деді:

— Ғажап қаларлық мына тойыңыз көрсетіп тұрғанындай, сіз, мейірімді мырзам, мен сияқты құр қарасын әрі жолы ауыр біреу емес, расымен-ақ, адал да жан-тәнімен берілген, шын мәніндегі әрі нағыз, ауқатты да дәулетті атқосшы екенсіз; ал менің қоржынымда болмашы ғана сүтсірне бар және оның тас боп қатып қалғаны сонша, дәудің басын бір ұрып мылжалауға жарап қалады, онан соң менде елу шақты тәтті собық бар, тағы сонша орман жаңғағы мен түйе жаңғақ бар, мұның бәрі қожайынымның қара қасқа кедей екенінің, оған қоса кезбе рыцарьлар кепкен жеміспен және далада өсетін шөппен ғана жүрек жалғауы керек дейтін пікірді ұстанып, сол қағидадан айнымай отырғанының салдары.

— Әділін айтсам, бауырым, — деп мәлім етті басқа малай, — менің асқазаным ошағанды, жабайы алмұрт пен ағаш тамырын қорыта алмайды. Жә, құрып кетсін бәрі — мырзаларымыз да, олардың пікірлері мен рыцарьлық қағидалары да, не жегілері келсе, соны жей берсін, — ал мен әманда өзіммен салқындатылған ет ала жүрем, ерімнің қасында қажет болғанда пайдалана қоятын мына мес байлаулы тұрады және оны сондай ұнатам әрі ардақ тұтам — құшағыма алмасам, өппесем бір минут тұра алмаймын.

Соны айтып ол месті Санчоның қолына ұстата салды, ал анау оны еңкейтіңкіреп алды да, аузынан сораптаған күйі ширек сағаттай жұлдыз санады, ішіп болғаннан кейін басын бір жағына қарай қисайтып, ауыр күрсініп:

— Әй, ебелектің тұқымы-ай, не деген пайдалы едің, найсап! — деді.

— Міне, көрдіңіз бе, — деді Санчоның ебелектің тұқымы дегенін естіп қалған басқа малай, — шарабымды мақтағыңыз келіп, сіз де оны ебелектің тұқымы деп атадыңыз.

— Мойындамасқа амалым жоқ, — деп жауап қатты Санчо, — егер мақтау үшін айтылса, әлдебіреуді ебелектің тұқымы деп атағанда тұрған ештеңе жоқ екенін енді ғана түсіндім. Айтыңызшы, сеньор, құдай ақына, мына шарап Сьюдад Реалдан емес пе?

— Апырай қайдан білдіңіз! — деп дауыстап жіберді басқа малай. — Бұл шын мәнінде де сол жақтан және онша жас та емес.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий