Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Беу, айдай әлемдегі асқан сұлу әрі аса рақымсыз әйел! Апырай, атқан таңдай ажарлы Касильдея Вандальская, өзіңе шын берілген рыцарьдың құр босқа солып, шегі де шеті жоқ жиһан кезушілік пен қатаң да қатыгез сын-сынақта жан тәсілім етуіне жол бермекпісің сен? Апырай, менің арқамда Наварраның, Леонның, Тартесияның, Кастилияның және Ламанчаның тәмам рыцары өзіңді әлемде теңдесі жоқ сұлу деп мойындағанының өзі-ақ жетпей ме саған?

— Бұл әншейін әңгіме, — деп қалды осы арада Дон Кихот, — мына менің өзім Ламанчалық рыцарьмын, бірақ ешқашан әлгіндей бірдеңені мойындаған емеспін, оған қоса аяулы ханымымның сұлулығына шәк келтіретін ондай ештеңені мойындай алмас та едім және мойындай қоймас та едім, — рыцарьдың сандырақтап тұрғанын енді өзің де білген шығарсың, Санчо. Дегенмен, одан әрі тыңдап көрелік: бәлкім, ойын толығырақ жеткізер.

— Жеткізгенде қандай, — деп қолдай кетті оны Санчо, — ол тұтас бір ай бойы қыңсылауға бар сияқты.

Алайда олай болмай шықты: жақын маңайда әлдекімдердің сөйлесіп жатқанын естіп қойған Орман Рыцары шер төгуін тиды да, орнынан тұрып, ашық та ақ жарқын дауыспен:

— Кімсіңдер? Неғылған адамсыңдар? Бақытты жанбысыңдар ма әлде қасіретті жанбысыңдар? — деп сұрады.

— Қасіретті жанбыз, — деп үн қатты Дон Кихот.

— Ондай жағдайда қасыма жақындаңдар, — деді Орман Рыцары, — және біліп қойыңдар, сендер қайғы мен қасіреттің тап өзіне қарай жақындап келе жатырсыңдар.

Осынау жүрекке жылы тиетін әрі инабатты жауапты естіген Дон Кихот рыцарьдың қасына жақындады, Дон Кихоттың соңын ала Санчо да келді.

Назаланып тұрған рыцарь Дон Кихотты қолынан ұстай алып, былай деді:

— Отырыңыз, сеньор рыцарь, — рыцарь екеніңізді және рыцарьлар орденіне жататыныңызды аңғару үшін маған сізді осы жерден жолықтырудың өзі-ақ жеткілікті боп тұр, бұл арада бос уақытымызды бізбен бірге өткізетіндер —оңашалық пен түнде түсетін шық қана, яғни кезбе рыцарьлардың әдеттегі баспанасы мен табиғи төсегі.

Бұған Дон Кихот былай деп жауап қатты;

— Мен — рыцарьмын және тап сол орденненмін, қайғы, қасірет пен тақсірет жүрегімді жайлап алғанына қарамастан, басқалардың бақытсыздығына деген жанашырлығын жоғалтқан жоқ. Әлгіндегі әніңізден барша бақытсыздығыңыз — сүйіспеншілікке байланысты екенін түйдім, яғни соның бәрі есімін жаңағы күйініш-налаңызда атап кеткен рақымсыз сұлуға деген ғашықтық ынтызарлықтан туындайтынын білдім.

Тақыр жерге жайғасқан олар осылайша екеуара бейбіт те мамыражай әңгіме шертіп отырды, бірақ күн көкжиектен көтеріліп үлгермей-ақ бұлар бір-бірімен айқас алаңында табысады деп кім ойлаған!

— Өзіңіз де ғашықтық дертіне шалдыққаннан саумысыз, сеньор рыцарь? — деп сұрады Орман Рыцары Дон Кихоттан.

— Өкінішке қарай, солай, — деп жауап қатты Дон Кихот, — әйткенмен, егер лайықты таңдау жасай алған болсақ, онда мұның мойынға артар тақсіретін тауып алған пәле деп емес, өзімізге жасалған ерекше жақсылық деп бағалағанымыз жөн.

— Сөзіңіздің жалғаны жоқ, — деп құлаққағыс етті Орман Рыцары, — алайда әмірші ханымдарымыздың пайым-парасатымыз бен ақыл-есімізді жоғалтуға дейін апаратын жек көрушілігінің сұрапылдығы сонша, бұл тіпті кек қайтаруға ұқсап кетеді.

— Менің ханымым өзімді ешқашан жек көрген жоқ, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот.

— Не деп білдірсін, — деп іліп әкетті жақын маңда тұрған Санчо, —ханымым қойдан жуас, майдан жұмсақ қой.

— Мынау сіздің атқосшыңыз ба? — деп сұрады Орман Рыцары.

— Иә, атқосшым, — деп жауап қатты Дон Кихот.

— Мырзасының сөзін бөлуге батылы барған атқосшыны алғаш көріп тұрмын, — деді Орман Рыцары, — қалай болғанда да, әйтеуір, менің атқосшым, — ол өзі әне тұр, — бойы әкесінің бойына теңесіп қалғанымен, мен сөйлегенде аузын буған өгіздей ләм деп тіл қатпайды.

— Ашығын айтайын, ендеше, — деп Санчо киіп кетті, — мен болсам, сөйлеймін және сөйлеуге толық қақым бар, тап мынадай... жә, бәлелі жерге бармағымды сұқпай-ақ қояйын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий