Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дон Кихот Санчоның еменге шығып алуына жәрдем беріп әуреленіп жүргенде Айна Рыцары өзіне қолайлы қарқын алып және Дон Кихот та солай екпіндеп үлгерген шығар деп жобалап, керней дауысын не басқадай бір белгіні күтпестен, ширақтығы мен шалымдылығы дәп сол Росинанттан бір де кем түспейтін атының басын кері бұрып, көсілте шауып, яғни жеңіл жортақпен, дұшпанға қарай жол шекті; алайда Дон Кихоттың Санчоны ағашқа отырғызам деп кідірістеп жатқанын көрген Айна Рыцары тізгін тартып, жарты жолда тоқтап қалды, бұған аты дән риза болды, өйткені әлгі аз ғана жортақтың өзіне-ақ болдырып біткен-ді. Ал, Дон Кихотқа осы арада дұшпан өзіне төніп келіп те қалғандай көрінген, — сөйткен соң Росинанттың ырсиған қабырғаларына шпорын қадап кеп жіберді, сөйтіп, атына аяқ асты жел бітіп, автордың айтуынша, Росинант алғаш рет қатты шоқыраққа көшті де (ал, әдетте, ол жай жортақпен шектелетін), керемет шапшаңдықпен иесін тұп-тура Айна Рыцарына қарай ала жөнелді. Ал, рыцарь болса бұл кезде атына шпорын өкшеге дейін бойлатып жатқан, бірақ жануар әлгінде тізгін тартып тоқтатқан жерінен жарты елі де жылжи қоймады. Атымен әуре-сарсаң боп, найзасын көлденең ұстауға шамасы жетпеген, әлде ұстап үлгермеген дұшпанына Дон Кихот осындай аса қолайлы жағдайда және дер шағында тап берді. Рыцарь кез болған қиыншылықтарды қаперіне де ілмеген Дон Кихот осы бір өз басына зәредей қатер тумайтын және қарымта күтуге де болмайтын ахуалды сәтті пайдаланып Айна Рыцарына оңдырмай соққы берді, анау ат сауырымен сырғанап барып жерге жалп ете түсуге мәжбүр болды және қатты құлағаны сонша, жан тәсілім еткен адамдай аяғын да, қолын да қозғалта алмай қалды.

Рыцарьдың сұлап жатқанын көрген Санчо еменінен едел-жедел ырғып, жылдам басып қожайынына қарай тартты; ал анау атынан түсіп, асыға адымдап Айна Рыцарының қасына барды, сосын оның жан тапсырғанын немесе тірі қалғанын білмекке, тірі болса тыныс алуын жеңілдетпекке дулығасының бауын шешті, сол жерде мұның кім екенін көріп... Алайда оның кімді көргенін оқырманды қайран қалдырмай, зәресін қашырмай және жүрегін ұшырмай қалай ғана айтып беруге болады? Хикаяда ол бакалавр Самсон Каррасконың бет-әлпетін, кескінін, пішінін, келбетін, бейнесін және ұсқынын көрді және көрген бойда, бар дауысымен былай деп бақырып жіберді, делінеді:

— Бермен кел, Санчо! Сен қазір өз көзіңе өзің сенбейтін нәрсені көресің! Тез жет, балам, сиқыршылықтың зұлымдығы қандай екеніне, көз байлаушылар мен дуагерлердің зұлымдығы қандай екеніне куә бол!

Санчо жақын келіп, бакалавр Каррасконың бет-ажарын көріп үсті-үстіне шоқына бастады және есімін қырық қайталап жаратқанға жалбарынды. Жеңіліс тапқан рыцарь әлі тіршілік белгісін таныта қойған жоқ-ты, сондықтан Санчо Дон Кихотқа қарап былай деді:

— Менің ойымша, мархабатты мырзам, бакалавр Самсон Карраскомын деп жәдігөйленіп жатқан мына зұлымның аузына семсеріңізді сүңгітіп алғаныңыз артық болмас еді: сөйткенде, бәлкім, өзіңізге өшігіп жүрген көп сиқыршының бірінен құтылар ма едіңіз.

— Дұрыс айтасың, дұшпанның аз болғаны жақсы, — деді Дон Кихот.

Сөйтіп, Санчоның ақыл-кеңесін іске асырмақ ниетпен семсерін суырып алғаны сол еді, жан ұшыра жүгіріп Айна Рыцарының атқосшысы келіп, — бұл кезде ол сықпытсыз мұрыннан ада боп та үлгерген-ді, — бар дауысымен айқайды салып:

— Ау, не істегелі тұрсыз, сеньор Дон Кихот? Аяғыңыздың астында жатқан кісі — дос-жар адамыңыз бакалавр Самсон Карраско ғой, ал мен оның атқосшысы болам, — деді.

Оның бұрынғыдай сиықсыз еместігін көрген Санчо:

— Мұрның қайда? — деп сұрады.

Анау бұған:

— Өзімде, жанқалтамда жатыр, — деп жауап қатты.

Осы сөзді айтып, оң жақ қалтасына қолын сұққан ол пошымы жоғарыда сипатталған, лак жағылған картоннан жасалған жасанды мұрынды алып шықты. Санчо атқосшыдан ұзақ уақыт көз алмай қарап тұрды да, ақыры таң-тамаша болған кейіпте қатты дауыстап былай деді:

— Жасаған ием, сақтай гөр! Ау, мынау менің көршім әрі тамырым — баламның өкіл әкесі Томе Сесьяль ғой!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий