Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ендеше, — деп іліп әкетті Томе Сесьяль, — өзіңізге атқосшылық етуге тілек білдіргенде мен өз еркіммен жынды болғам, ал енді қазір қайтадан өз еркіммен ақыл-есімді тауып, үйге қайтқым келеді.

— Бұл өз шаруаң, — деп құлаққағыс етті Самсон, — ал мен Дон Кихоттың сыбағасын бермей, қандай себеппен болсын үйге қайтпаймын, енді мен оның соңына оны ақылға келтіру мақсатымен түспеймін, тек бір ғана кек қайтару мақсатын көздеймін, өйткені қабырғаларымның жан шыдатпай қақсауы өзімді басқадай адамгершілік пиғыл-ниеттен бас тартуға мәжбүр етіп тұр.

Осылай әңгімелесе отырып олар бір елді мекенге келіп жетті, осы жерде оларға оташы табудың орайы келе кетті, сол сынықшы сормаңдай Самсонға тиісті көмек көрсетті. Томе Сесьяль онымен қоштасып, үйіне қайтты, Самсон болса, оңаша қалып кек қайтару амалын қарастыра бастады; кезі келгенде хикаямыз оған әлі қайтып оралады, ал қазір ол Дон Кихоттың қуанышына ортақтасуға құштар боп тұр.

ХҮІ тарау

Дон Кихот пен ламанчалық бір көшелі дворянның арасында болған әңгіме жайында ілгеріде айтылғандай, өзін өте бір бақытты жандай сезініп, жүрегін қуаныш пен мақтаныш кернеген Дон Кихот сапарын әрмен жалғап келе жатты; әлгі жеңісі өзін заманының ең заңғар рыцары дәрежесіне көтеріп кеткендей сезімде болатын; сөйтіп, ол алдағы күндерде өзіне жолығуы ықтимал шытырман оқиға атаулы түгелдей тәмамдалып, марапатты мәресіне жеткізілді деп санады; сиқыршылар мен сиқыршылық атаулыны иттің етінен жек көре бастады; рыцарьлық қаңғыбастығы кезінде жеген қисапсыз көп соққысын да, тісінің жартысын қиратқан тасты да, каторгаға жіберілгендердің рақымсыздығын да, янгуастықтардың өзін сойылмен сілейтіп салған оспадарсыздығын да естен шығарды; қысқасы, ол өзіне-өзі: егер тек сеньора Дульсинеяның жадысын қайтаратын амал, әдіс немесе тәсіл ойлап тапсам, онда өткен замандардың ең ақжолтай кезбе рыцарының қолы жеткен ең керемет ерлігіне де қызғаныш білдірмес едім, деді. Осындай ойларға шомып келе жатқанда Санчо оған:

— Бұған не деуге болар, сеньор? Тамырым Томе Сесьяльдың адам айтқысыз қолақпандай мұрыны көз алдымнан әлі кетпей тұр, — деді.

— Апырай, Санчо, шыныңмен-ақ Айна Рыцары — бакалавр Карраско, ал оның атқосшысы — тамырың Томе Сесьяль деген ойдасың ба?

— Бұл сұрағыңызға қандай жауап қайтарарымды білмеймін, — деді Санчо. — Білетінім біреу ғана: сол атқосшыдан басқа ешкім үйімнің, әйелім мен балларымның дәлме-дәл дерегін айтып бере алмас еді, ал әлгі жасанды мұрнын алып тастағандағы әлпеті — аумаған сол Томе Сесьяльдың кеспірі, Томе Сесьяльмен деревняда тұрғанымда жиі кездесіп жүрдім ғой, үйіміздің де арасында үй жоқ, оның үстіне анау кәдімгі Томе Сесьяль сияқты сөйлейді.

— Қане, асықпай таразылап көрейік, Санчо, — деді Дон Кихот. — Ал, айтшы өзің: кезбе рыцарь секілді киінетіндей, сауыт-сайман іліп, қару ала жүретіндей және мені жекпе-жекке шақыратындай бакалавр Самсон Карраскоға не көрініпті? Мен оның қас жауы ма едім? Ашу-ызасын тудыратындай оған бірдеңе істеп пе ем? Әлде онымен бақталас па едім — ол да әскери жолға түсіп, осы салада өзім адал еңбекпен қол жеткізген атақ-даңқыма қызғаныш білдіріп жүр ме еді?

— Ендеше, сеньор, бұл рыцарьдың, ол кім болса да мейлі, бакалавр Карраскомен, ал атқосшысының — баламның өкіл әкесі Томе Сесьяльмен егіз қозыдай ұқсастығын қалай түсіндіресіз? — деді Санчо келісіңкіремей. — Егер бұл, сіздіңше, сиқыршылық болса, онда сиқыршылар неге басқаға емес, тап осы екеуіне ұқсас болуды ұйғарған?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий