Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Аңырып қалған кейпіме қарап, сеньор рыцарь, көңілімде оянған тілекті тап басып таныдыңыз, алайда өзіңізбен кездесу салдарынан туындаған таңырқанушылықтан әліге дейін өзіме-өзім келе алмай тұрмын; тіпті кім екенімді білгеннен кейін таңырқануды қоясыз дегеніңізбен де, сеньор, бұл мүлдем олай болмай тұр, керісінше, дәл қазір, соны білгеннен кейін, таңырқанушылығым мен түсінбеушілігім тіптен үдеп кетті. Апырай, кезбе рыцарьлардың бүгінде шынымен-ақ өмірде бар болғаны ма және шынайы рыцарьлық ерліктер хикаясы кітап боп басылып жатқаны ма? Біздің заманымызда біреу-міреу жесірлерге қамқорлық жасайды, бойжеткендерді қанатының астына алады, күйеуге шыққандарға құрмет көрсетеді, жетімдерге жәрдемдеседі дегенге сене алмаймын және сізді өз көзіммен көрмесем ешқашан сенбеген де болар ем. Енді сіздің, өзіңіз айтқандай, кітап боп басылып та қойған, ізгі де шынайы ерліктеріңіздің хикаясы жарыққа шыққаннан кейін, құдайға шүкір, кезбе рыцарьлардың қисапсыз жалған хикаясы ұмыт болатын да шығар, — бұлардан қазір аяқ алып жүргісіз және мінез-құлықтың бұзылуына, пайдалы шығармалардың шеттеп қалуына, оларға деген сенімнің азаюына септесіп жатыр.

— Кезбе рыцарьлар хикаясы жалған ба әлде жалған емес пе — ол әлі ойланатын мәселе, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот.

— Бұлардың өтірік әңгіме екеніне сенбейтін кім бар? — деп сұрады жасыл киімді жолаушы.

— Мен сенбеймін, — деп жауап қатты Дон Кихот, — алайда бұл әңгімені әзірше қоя тұралық, өйткені әлі де сапарлас болатын болсақ, кезбе рыцарьлар хикаясында ешқандай шындық жоқ дейтін кең тарап кеткен пікірді бекер қуаттап жүргеніңізге, құдай сәтін салса, көзіңізді жеткізермін деп ойлаймын.

Дон Кихоттың соңғы айтқан сөзі жолаушыға бұның есі дұрыс емес-ау деген күдік туғызды, сөйтіп кейінгі әңгіме осы ойын орнықтыра түсер деп бағамдады, алайда ой-пікір тиегін қайта ағытпас бұрын Дон Кихот жолаушыға оның кім екендігі жайында сұрақ қойды, өйткені өзі жөнінде, лауазымы, немен айналысатыны турасында хабар етіп те үлегргенін айтты. Бұған жасыл плащты салт атты былай деп жауап қатты:

— Сеньор Қайғылы Бейне Рыцары, мен идальгомын, құдай қосса, өзіміз бүгін түстік ішетін елді мекенде туып өстім. Ортадан жоғарылау дәулетім бар, ал аты-жөнім — дон Дьего де Миранда болады. Әйелім, балаларым мен достарымның ортасында ғұмыр кешіп жатырмын. Сүйікті ермегім — аңға шығу мен балық аулау, алайда мен сұңқар да, тазы да ұстамаймын, есесіне менде қолға үйретілген құр мен шақар күзен көп. Кітапханамда испан және латын тіліндегі ондаған кітап бар, романдар да, діни тақырыптағы дүниелер де жоқ емес, бірақ рыцарьлық романдарды табалдырықтан аттатпаймын. Уағыз айтатын кітаптардан гөрі көркем әдебиетті, — онда да тек әдептен озбайтын, тілінің тазалығы қуанышқа бөлеп, қиялының ұшқырлығы қайран қалдырып, таңдай қақтыратындарын, — көбірек оқимын: алайда Испанияда мұндай кітаптар некен-саяқ. Кей-кейде көршілерім мен достарымның үйінен түстік ішем және оларды өзім де жиі қонаққа шақырам: қонаққа жаятын дастарқаным көз тартарлық көркем әрі ас та төк мол болады; өзім біреуді ғайбаттамаймын және өзім отырған жерде ондай сөздің айтылуына қатаң тыйым салам; басқалардың қалай тірлік кешіп жатқанына әуестік білдірмеймін және біреудің ісіне қол сұқпаймын; шіркеуге күн сайын барам; жоқ-жітіктерден жәрдемімді аямаймын, бірақ екіжүзділік пен атаққұмарлыққа әуестеніп кетпеу үшін оны дабыра қылмаймын, ал бұлар ең қарапайым деген адамның өзін жымын білдірмей жүріп жолдан тайдыратын жауымыз ғой; ұрсысып қалғандарды татуластыруға тырысам; құдай анасы әміршімізге тауап етем және әрдайым жаратқан иеміздің шексіз мейірімінен үміт қылам.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий