Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тізгін іріккен жолаушы Дон Кихоттың бет-әлпеті мен тұлғасына таңырқана қарап қалды, бұл кезде ол дулығасыз келе жатқан, себебі дулығаны Санчо басқа да уақ-түйек заттармен бірге ерінің алдыңғы қасына байлап қойған; жасыл киімді салт атты Дон Кихотқа бар ықылас-пейілімен шұқшия қараса, Дон Кихот жасыл киімді салт аттыға одан да зор ықылас-пейілмен шұқшия қараған еді, өйткені бұл оған тегін адам еместей көрінген. Түріне қарап жасыл киімді салт аттыны елулерде деп ойлауға болатын; шашы шамалы бурыл тартқан, орақ мұрынды, жүзі жылы, сонымен қабат маңғаз, бір сөзбен айтқанда, киімі секілді кескін-келбеті де тура жолмен жүретін адам екенін аңғартатын. Ал, жасыл киімді салт атты болса, Ламанчалық Дон Кихотқа қарап тұрып әлпеті анадай, өзін-өзі ұстау мәнері мынадай жанды өмірі кездестірмегені жайындағы ойға тірелді; оның мойнының ұзындығына, ұзынтұралығына, бетінің жүдеулігі мен қуқылдығына, сауыт-сайманына, қимыл-қозғалысы мен кескін-келбетіне, жалпы бұл өңірде көптен көзге шалынбаған осындай түр-пішіні мен тұрпатына таңырқанумен болды. Жолаушының өзіне қадала қарағаны Дон Кихот назарынан тыс қалған жоқ, оның аңырып, аңтарылған кейпінің өзі-ақ бойын әуестік билеп алғанын жеткілікті дәрежеде айғақтап тұрғандай еді. Барынша сыпайы және мейлінше кішіпейіл адам болғандықтан Дон Кихот жолаушы тарапынан қандай да бір сұрақтың қойылуын тоспастан, тілегін орындауға өзі бірінші боп ықылас білдіріп, былай деді:

— Сырт пішінім сізді өзіне тән ерекшелігімен және шетіндігімен таңырқантуы мүмкін, бірақ мен оған онша таңырқанбаймын, алайда өзімнің шытырман оқиға іздеп мәңгілік даңққа бөленген рыцарьлар қатарына жататынымды айтып берсем таңырқануды мүлдем қоятын боласыз. Мен өскен ортамды тастап шықтым, қожалығымды кепілге өткіздім, ойын-сауықтан бас тарттым, сөйтіп қайда қаласа сонда апаруы үшін тағдырдың ырқына берілдім. Мен кезбе рыцарьлыққа қайтадан жан бітіруді мақсат тұтқан адаммын, міне талай күн болды, бір құлап, бір тұрып, қайта сүрініп, қайта ұмтылып, жесірлерге көмектесіп, бойжеткендерді қанатымның астына алып, күйеуге шыққан әйелдерге, жетімдер мен жас балаларға қамқорлық жасап жүрмін, яғни кезбе рыцарьлар атқаратын және оларға парыз саналатын істермен айналысып жүрмін, ойға алғанымның жартысынан астамын орындап та қойдым. Енді міне, қисапсыз әскери және христиандық ерлігімнің арқасында өзім жайында кітап жазылды және ол әлемдегі барлық тілге түгел немесе түгелге жуық аударылды. Менің хикаям ұзын саны отыз мың кітап боп тарады, егер көктегі құдірет кедергі келтірмесе одан мың есе көп данамен басылып шықпақ. Ал енді әңгімені ұзарта бермес үшін және бәрін бірнеше сөзбен, тіпті бір-ақ сөзбен жеткізу үшін, сізге өзімнің — Ламанчалық Дон Кихот, басқаша айтқанда — Қайғылы Бейне Рыцары екенімді мәлім етпекпін; әлбетте, өзіңді-өзің мақтау ұят нәрсе, алайда мақтайтын басқа ешкім болмаса, амал жоқ, өзіңді өзің мақтауыңа тура келеді. Сөйтіп, сеньор дворян, енді сізді мына ат та, найза да, қалқан да, атқосшы да, мына сауыт-сайманым да, өңімнің қуқылдығы да, шамадан тыс жүдеулігім де таңырқантпауға тиіс, өйткені енді менің кім екенімді, нендей іспен шұғылданатынымды жақсы білетін болдыңыз.

Осыны айтып Дон Кихот үнсіз қалды, ал жасыл киімді салт атты болса ұзақ уақыт жауап қатқан жоқ, — не дерін білмей тұрған секілді көрінген; әжептәуір уақыттан соң, ақыры былай деп сөйлеп кетті:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий