Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Жарықтығым, ендігәрі Абайды бұндай жерге бастай көрме! Тіпті, басың жас, үлкеннің ондай бәлесінен өзің де аулақ жүр! Өзімен кетсін! Көріп-біліп нетесің? - деді.

Талай үлкеннің ішінде сөзін осындай байсалды қып айтқан, сондай өтімді, салмақты қып айтқан кісіні Жиренше бұрын көрмегендей болды.

Ұлжанның жай, салқын айтқан сөзі бұған ұрысқаннан да, ұрғаннан да жеңіл тиген жоқ.

Қысылғаннан, біраз жер шұқып тұрып, қонақ үйге қарай қайта бұрылды.

Ұлжан да өз үйіне беттеді. Жиренше ешнәрсеге айналып бөгелместен атына мініп, тазысын жетектеп алып кетіп қалды.

Бұл - түс ауып бара жатқан кез еді.

Абай кешкі қозының жамырауынан оянды. Бүгін қойды кеш сауып болған ба, немене, ымырт жабылып қалыпты. Дүние у-шу, ызың-ызың... Бірақ соны көмескі, бұлдыр бір түс араластай болжайды. Басы мең-зең. Еті лапылдап, күйіп тұрған сияқты. Аузы құрғап, ерні қатты кезеріп қапты. Құр тамсанады.

Қасында шешесі мен әжесі отыр. Ұлжан мұның маңдайына алақанын қойып, төмен қарап отыр екен.

– Апа... Әже... Немене, мен аурумын ба осы? - деп, көзі жасаурап, шешелеріне қарай аунап түсті.

– Иә, етің ыстық. Ауырған жерің бар ма?.. - деп, Ұлжан сұрады. Абайдың аунап түскенде екі шекесі қатты шаншып, қысып ауырғандай болатын. Соны айтты.

Ұлжан енесіне бағана Абай ұйқтап жатқанда бір жайды айтқан. Екеуі де:

– Шошынған ғой, содан ұшынған ғой! - деп байлаған-ды. Зере Жиреншеге де, үлкендерге де қатты ұрсып, жерге түкірген.

Абай шешелерінің күндізгі жайды білгенін байқады да:

– Әкем... Әкем!.. - деп әкесін еске алып, күрсініп, кеудесін сипап, шешелеріне құпия қып шаққандай боп: - Не деген қатал, не деген қатты еді! -деді. Әкесі турасындағы іште жүретін көмескі, жұмбақ ауыр сезімдерін өмірінде сыртқа шығарып, ең алғаш адам баласына айтқаны осы. Әжесі шала есітті. Ұлжан үн қатпай, Абайға жауап та айтпады. Бірақ, енесі бұған қадалып, тізесінен түртіп, «не дегенін айт» дегендей ишарат еткен соң ернін Зеренің құлағына тақап:

– Әкесін айтады. Қатал екен, неге аямады дейді, - деді.

Әжесі ұқты да, күрсініп, Абайдың бетіне таман төніп кеп маңдайынан ұзақ иіскеп отырды.

–Айналдым, қарашығым, қоңыр қозым! - деп алып: - Аямайды, аямайды ол!

– деп келіп, көзін жұмыңқырап, басын жоғары көтере берді.

– Иә, құдай, зар тілегім босын. Бейуақтағы тілегім. Осы қарашығыма әкесінің осы ит мінезін бере көрме!..

Тас бауырлығын бере көрме!.. Иә, жасаған! - деп құрысқан әлсіз қолдарымен ажымды, мейрімді жүзін сипап бата берді. Ұлжан да ішінен «әмин» деп бата қылды.

Екі апа ортасында жаны ауырған бір бала. Бейуақтағы үшеуінің құпия тілегі - зор шындықпен еміреніп тілеген тілегі осы еді.

Абай өзі де бетін сипап, ана тілегін барынша қабыл алып, бата қылды.

Өмірін, балалығын қайта тапқандай, ішіне мол сәуле, игі сәуле кіргендей.

Бірақ, ол іші. Ал, денесі әлі ауру. Көңілі сергиін деп еді, етінің қызуы мен басының шаншуы қайта меңдетті. Енді үшеуі де үнсіз, жым-жырт. Даладағы қой-қозының шуы да алыстап барып сөнген болатын. Үй іші сияқты дала да бүгін дағдыдан тыс - жым-жырт.

Осы кезде Абай мен анасының құлағына ерекше бір жат, суық үн естілді.

Біреу:

– Ойбай, бауре-ем! Ойбай, бауре-ем, - деп ат қойып келе жатыр. Бұл елде кісі өлгенде алыстап ат қойып шабатын еркектердің салты бар. Сонда осылайша: «ойбай баурым» деп шабады. Үйдегі екеуінің де жүректері су ете түсті. Кәрі шеше бұл дауысты естіген жоқ.

Ұлжанның көңіліне алғаш қорқыныш үстінде кеп қалған ой: «Осы үйдің біреуі жазым болды ма, әлде Құнанбайдың өзі жазым болды ма?» деп еді.

Шошып, елең еткен бойында құлағын сыртқа бұрды.

Үркіп қалғандықтан аңғара алмапты. Тасырлатып шапқан ат даусы жоқ.

Өзі жақын жерде және жаяудың үні. Абай бұрын біледі. Даусын әдейі жуандатып зорайтып айғайлағанмен, баланың үні. Тіпті, дәл тентек Оспанның үні екен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий