Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ол даладағы ойыннан қайтып келе жатып, «жаман ырым» анау-мынау дегенге қарамастан, қаннеи-қаперсіз өтірік жылауды үдетіп:

– Ойбай, бауырым Қодар!.. Ойбай, Қодар, - деп, санын сабап шауып келді.

Қодардың өлімі барлық ауылға да, оған да естілген. Жаңа, кешке жақын, бұлақ басындағы бір тақырға жиналған өзі құрбы балаларды бастап осылай ат қоюды көп ойын қылған. Тақырдың ортасынан шұқыр қазып, соған бір қу сүйекті әкеп бейітше томпайтып көміп қойып жан-жақтан андыздап «ат қойып», ұзақ шуласқан.

Ұлжан Абайдың сырқатының үстінде өзін жаңағыдай жаман шошытқан Оспан мінезіне қатты ашуланды.

Күні бойы батпақ кешіп, аяғы әрі былғаныш, әрі күс-күс болған Оспанды:

– Бері келші, әй, балам! Бері келші! - деп, ешбір сыр білдірмей, ұрыспай шақырды. Ұрсып, зекіп сөйлесе Оспан мұндайдағы әдетіне басып, қаша жамандасып, колға түспей қояды. Ол қазір шешесіне қарай тарпылдап жүгіріп, дәл от басынан Абайдың төсегіне дейін бір-ақ секіріп, Ұлжанның тізесіне соға дүрс етіп кеп түсті.

Шешесі мұны сол қолынан шап беріп ұстап алып:

– Сен жаңағы ат қойған деген пәлені қайдан шығардың? Оның жаман ырым екенін айтпап па едім! Үйде бала ауырып жатқанда, өй итқуар жынды неме! -деп, жұлқып қалып етпетінен салып, құйрығына шапалақпен салып-салып жіберді.

Оспан әкесі ұрғанда жыламаса да, шешесі ұрған уақытта тіпті жылауық.

Әке жылағанға қарамайды. Ал, шешесіне қарсы кейде бұның емі бар. Бас қорғаудың жылауы. Қазірде де бақырып, бар даусымен шырқап, азан-қазан қылды. Шешесінен босап барып сол жақтағы биік сүйек төсектің үстіне секіріп шығып, етпетінен жатып ап жылады. Бірақ, бұл жолы қанша жыласа да, оған қайысып, уатам деген шеше жоқ. Оны біледі. Сондықтан аяқ кезде көзде жас болмаса да, өтірік анда-санда бір бақырып қойып жатыр. Өзі де жылауынан жалыға бастады. Енді тағы да ойнақы тентек мінезіне бой ұрып, жылаған боп жатып, әредікте қысқа ғана:

– Ойбай, бау-рем! - деп қояды. Бір-екі рет қайырып көзінің астымен шеше жаққа қарап жатыр, қозғалған кісі көрінбейді. Сондықтан тағы бір бақырып қойып, соның артынан және бір тың бәлені шақырып, жынды ұлғайтты.

– Ойбай, бау-рем Абай! - деп қойып, сұнк етті. Абай басы ауырып жатса да, еріксіз күліп жіберді.

Оспан енді байқады. Шешесінің үлкен, толық денесі қайта қозғала бастады.

Ол тұрғалы жатыр екен. Тағы бір тықырдың болатынын біліп, шешесі тұрып болғанша Оспан төсектен ырғып түсіп:

– Ойбай, бау-рем Абай! Абай! Абай! - деп есікке қарай атқып берді.

Шешесі тұрып алып ұмтылайын деп еді, болмады.

– Әй, кім барсың? Ұста! Ұстап әкелші жындыны! - деп еді. Оспан есік алдында қайқаңдап, секіре-секіре түсіп, шеткі үйлер жаққа қарай зыта жөнелді.

Тыстан шешесінің бұйрығын естіп, мұны ұстап келгелі тап берген үлкен ағасы Тәкежанды көріп қапты.

6

Абай осыдан бірталай, ұзақ ауырды. Алғашқы күндер біреу - «ұшынған» деп, біреу -«соқпа» деп, тағы біреуі - «сүзек» деп, әртүрлі топшылағанмен, дәл басқан ешкім болған жоқ. Әсіресе, ем істелген жоқ.

Жалғыз-ақ, алғаш жығылған күннің ертеңінде, әжесінің бұйрығы бойынша, бір қартаң қатын, күн батарда Абайды далаға алып шығып, жаңа сойған қойдың өкпесімен қақты. Бетіне су бүркіп, үшкіріп:

– Кет, бәлекет, кет! Көш, баламнан, көш! - деп, батып бара жатқан қып-қызыл күнге қаратып қойып, бірдеме ем істеген болды. Ұшықтағаны еді.

Абай, буындары қалтырап, басы айналып зорға шыққан. Көзі бұлдыр тартқаннан ба, әйтеуір қазіргі бар дүниенің қызылы бұрын бұл көрмегендей біртүрлі ерекше көрінді. Ертегі ме, түс пе? Әйтеуір бір басқаша ғаламның өзгеше суреті тәрізді.

Екі күн өткен соң, ауыл Көлқайнардан Шыңғысқа қарай көшті.

Бірталайдан бері, ел-елдің үлкендері, шаруа иелері «жайлаудың тоңы жібіді ме екен? Көгі жетілді ме екен?» деп, өткен-кеткеннен ылғи сұрау салумен болған. Бауыр, бөктер көктегенмен, Шыңғыстың сырты тез жылына қоймайтын да, ерте көктемейтін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий