Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абай атқа міне алмайды. Жүк артқан түйеге мінгізуге: «жүк құлап, түйе жығылса мерт болады» деп шешесі оған да мінгізбеді. Кәрі әже мен Ұлжанның ортасында жалғыз арба бар еді. Тегі, бұл ел көшпелі болғандықтан арба дегенді білмейтін. Тобықты ішіне ең алғаш келген арба осы Зеренің - Құнанбайдың кәрі шешесінің көк арбасы десе де болады. Құнанбай аға сұлтан сайланған сапарында шешесіне:

– Көшкенде осыған мін! - деп, Қарқаралыдан әдейі әкеп еді.

Таулы жерде атпен жүру бұл күнде Ұлжанға да қиын болатын. Ол ұлғайып, еті ауырлап қалған.

Енді Абай жайын ойлай келгенде, Ұлжан өз тыныштығын қойды да, арбаға әжесінің қасына Абайды мінгізетін болды. Өзі бір жуас торы биеге мініп, ылғи осы арбаның қасында жүріп отырды.

Жайлауда Құнанбай аулының көбірек орнығып отыратын қонысының бірі -Ботақан ошағы. Көлқайнардан осыған кеп жеткенше жиырма шақты күн өтті.

Сол жиырма күн ішінде жол бойы сүле науқас қалпынан айықпаған Абай, енді-енді ғана анықтап тәуір бола бастаған сияқты. Өздігімен түрегеп жүруге, кіріп-шығуға да жарады.

Енді көңілі де айығып, бұрынғы балалык шаттығын да, ойын-ермегін де тапса керек еді. Бірақ, ғажап! Биылғы жыл, әсіресе, соңғы көп күндер ішінде Абай балалықтың қызу ермегінен, қызығынан шеттеп, салқындап қапты. Тіпті балалығынан айрылыңқырап қалғандай. Әлде, аурудан тұрғандығы ма? Немесе соңғы уақыттар көңілінен кешкен ауыр сезім, терең азап салдары ма? Әлде, тіпті балалық өтіп, үлкендікке қарай бой ұрғандығы ма? Аралықта белге соққандай бір дағдарыста қалған сияқты.

Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте.

Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарып қалыпты. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімденген. Бірақ, әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес.

Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей ескен, реңі солғын, бойшаң ғана өсімдік бейнелес.

Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазір де қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуір бозғылданған. Сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді. О да ауырғандық пен күн кезінде болмағандық белгісі.

Абайдың осы сияқты қалпына ендігі мінез машығы да бір алуан боп өзінше үйлесті.

Ол атқа мініп жүруге жарағанымен үйден көп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек бір дос тапты. Онысы, әсіресе, әжесі. Одан қала берсе шешесі.

Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен.

Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады.

Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады. Сонда, ол ойланып отырып:

– Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? - деп, кішкене тақпақтап бастап еді. Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесін тізесінен ақырын қағып.

– Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? - деп, тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді.

Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» - бәрі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды.

Бертін келе, тәуір болып алған соң әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел ішінде Зеренің жасынан бергі көргені, естігені жайындағы әңгімелер. Ел мен елдің шабысы, таласы жайында бірталай күндер айтты. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын Найманның осы елге, осы ауылға шапқанын, сонда Бостанбек деген өзінің асыранды баласы өлгенін және Найман қолынан осы ауылға тұтқынға түсіп, жыл жарымдай кісенде жатқан Қожамберді деген ақын жайын айтады. Соның көп өлеңін шұбыртады. Басқа да «Қарашор шапқан» сияқты шабысты, жортуылды айтады.

Тағы бір күндер Мамыр, Еңліктей қыздардың қайғыларын да айтып берді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий