Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абай Сүйіндіктен де қысылған жоқ. Бала емес, ысылған, ашық, үлкендерше сөйлейді.

Тоғжан кеп отырғаннан кейін, Сүйіндікке қарап:

– Сүйіндік аға, осы мына сіздің жердің алдындағы Қарауыл дейтін жалғыз биік, не себепті Қарауыл атанды екен? - деді.

Сүйіндік:

– Кім білсін, шырағым, - дей түсіп, аз отырып: - Е, Тобықты мен Матайдың шабуылы, жаулығы қалған ба? Сондағы қуғыншы мен жортуылшының бірі қойған аты-дағы. Өзі өзге таудан бөлініп, айдалаға оқшау барып тұр ғой. Содан қарауылдамай, қайдан қарауылдасын! - деді.

– Сүйтіп, бұл атты Тобықты қойған дейсіз бе? Тобықты келмес бұрын сондай ат жоқ па екен?

– Қайдан болсын! Бұл өңірдегі барлық атты Тобықтының өзі қойған.

– Әй, білмеймін-ау! Бар атты өзі қойса, Шыңғыс дегені несі екен? Шыңғыс деген Тобықты бар ма?

– А, жоқ! Мынауың жаны бар сөз. Бәсе, бұ Шыңғыс деген осы үлкен алып таудың аты неге Шыңғыс атанды екен бұл? - деп, Сүйіндік өзі де ойланып қалды.

Әділбек әкесінің мүдіргенін намыс көріп:

– Шыңғыс деген сөз «шын қыс» дегеннен, қысының қаттылығынан болыпты-мыс деседі ғой! - деп еді.

Абай бұған күлді де:

– Олай болмас. Шыңғыс деген белгілі хан аты ғой, - деді.

– Бәсе, осы сөз менің де құлағыма бір тиген еді. Жадымда қалмапты. Кәне, білсең өзің айтшы, шырағым, - деп Сүйіндік Абайды тыңдағысы келді.

Жас қонақ Шыңғыс хан жайында өзі білген, есіткен әңгімелерін айтып кеп, ақырында өз көңіліндегі біраз долбарды қосып:

– Тауының «Шыңғыс», биігінің «хан» аталғаны содан. Және сонау бір бөлек тауы «Орда» аталғаны да сол Шыңғыс ханның мекен еткен қонысы екенін паш етеді. Қарауыл демек те сол кезден қалған ат емес пе екен? - деп тоқтады.

Сүйіндік Абай сөзін қатты ықыласпен тыңдады. Алдындағы шайы ішілмей, кесесі суып қап еді. Тоғжан әкесінің соншалық тыңдағанын енді байқады. Ол Абайға таңдана қарап, бірталайға дейін көз алмады...

Үй іші Абай айтқан жаңалықтарды қызыға тыңдап, көңілденіп қап еді.

Асылбек, Қарабастар:

– Қисынды-ақ екен, - десті.

Шыңғысты былай қойып, тақ осы Сүйіндік қыстауы Түйеөркештің қасында тұрған «Хан» биігін, онан соң Мамай қыстайтын анау «Орда» деген таудың бәрін де шешті. Соны осы күнге шейін неліктен аталғанын білмей жүру, мұндағы үлкеннің бәріне енді ғана орасан көрініп еді.

Сүйіндік Абайдың шынысын өзі әперіп:

– Жеп іш, Абай! - деп, енді қонағының алдына жент пен майды да, бауырсақты да молырақ ысырып қойды. Әкесінің жас қонаққа жасаған осындай бейілін де Тоғжан сезіп отыр.

Бірер мезгіл Абай өзіне қараған Тоғжанның әдемі қара көзін байқады.

Солғын қарау емес, Абайды анықтап, түстеп, барлай қараған сияқты.

Абайдың да әйелге анықтап қызыға қараған жолы осы сияқты. Тоғжан ұзағырақ қадалып, көз алмай отырып ақырын қызғылт тартқандай болды да, көзін тайдырды.

– Көп жасаған білмейді, көп тоқыған біледі. Осылайша ұққаның, тоқығаның жақсы, балам! - деп, Сүйіндік бір тоқтады. Абай осы сөзге жалғастырып:

– Өзіңіздей кісіден есіткен сөздер ғой, Сүйіндік аға! – деп аз отырып, -рұқсат етсеңіз, осы өзіңіз айтқан кейбір сөздерді де өз аузыңыздан ұғынайын деп ем! - деп Сүйіндікке қарады. Тұрпайы емес, сыпайы бастап, орамды келді.

Сүйіндік:

– Е, сұра, айт, балам! Не сұрамақ ең? - дегенде:

– Ендеше, осы жаңағы кіші Орданың тұсында Көжекбай, Құлжабайдың жер дауына билік айтқан екенсіз. Сонда: «Мен қойдың бөлігін бөлмеймін, құдайдың бөлігін бөлемін!» депсіз. Осының мағынасы қалай? Соны сұрайын деп ем! -деді.

Бұл сұраққа Қарабас, Әділбек, Асылбек те күліп жіберді. Тегі, Абайдан басқаларына жөні мәлім болу керек. Сүйіндік Абай сұрағына аз тіксініп, қалта қарап, ойланып қап еді.

– Шырағым, бұл сөзді әкеңнен ұғынсаң етті.

– Менің әкем баламен ашылып сөйлей бермейді ғой. Білесіз ғой.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий