Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абай төрге қарай қозғала беріп еді. Бір уақытта шегірен шымылдық толқып барып қозғалды да, есік жақтағы шетінен шолпы сылдыры естіліп, Тоғжанның әсем бойы көрінді. Қолына бір торғын көрпені алып, бері шығып келеді екен.

Асықпай, тіпті ақырын қозғалады. Шолпысының ендігі сылдырынан өзі қысылған тәрізді.

Келіншек Абай жататын төсекті баптап салып болып қап еді. Тоғжан қолындағы торғын көрпені кеудесіне көтеріп, бауырына қысыңқырап тұрып, келіншекке әдеппен ғана бұйрық етіп:

– Аяғын, аяқ жағын биіктесеңші! - деді.

Абайға бұ да дәл өзіне ғана арналған, өзгеше ықылас сияқты көрінді.

Бірдеме айтар еді... айтқысы кеп еді. Бірақ, жүрегі лүпілдеп, аузына тығылғандай боп, түк сөз таба алмады. Құр ғана қызарып қысылды да, сырт киімін шеше берді.

Тоғжан ақырын, сыпайы ғана кеп, Абайдың төсегіне торғын көрпені жазыңқырап қойды да, есікке қарай қозғалды. Үнсіз бейіл белгісіндей үлкен ілтипат жасады. Бірақ бары сол ғана. «Шын-ақ бары сол ма?» Әлде, тіпті, бар қонаққа істейтін дағдылы сыйлық сияқты ма?

Сол ғой! Үлкен үйдің есігіне жеткенше Тоғжан ақырын басып, келіншекті ертіп кетіп барады. Қайта бұрылмайды. Дәл шығар жерде ғана, өзінен бұрын есік ашқан келіншекті ілгері шығарып жіберіп, өзі біртүрлі сұлу қозғалыспен сырт айнала беріп, төрге таман ақырғы рет бетін беріп, үй ішінен сыртымен шықты.

Тоғжан есікке қарай қозғалғанда, Абай қадалып, телміре қарап қалып, бешпентін екі иығынан шеше беріп еді. Бірақ Тоғжан бір қарамағанға қайран боп, кеткенін қимағандай қалт тұрып қапты.

Енді Тоғжан есіктен шығар жерде бір сәтке көз қиығын тастағанда Абайдың тапжылмай сілейіп тұрып қалғанын көрді. Бешпенті екі иығынан түсіңкірепті де, аппақ көйлегі ашылып тұр. Екі қолы бір нәрсеге таңғалғандай жазылып, ыңғайсыз түрде асылып қапты.

Абай дәл байқады ма, жоқ па? Бірақ, шыға берген Тоғжанның аппақ жүзі қайтадан тағы бір рет, соңғы рет қою қызғылтпен ду ете түскендей көрінді. Және сонымен қатар жымия күлген ерні аппақ маржандай тістерін айқын көрсеткендей болды. Үнсіз күлкімен езу тартып кеткен сияқты.

«Бұл не, мысқыл ма, ұят мінез істедім бе?» деп, Абай өз-өзінен қысылып қалып, тез шешінді де, торғын көрпеге оранып, бүк түсіп қалды.

Шолпы әуелі жиі сылдырлап, аздан соң баяулай бастап, тағы біраздан соң анда-санда бір ғана шылдыр ете түсіп ұзап барады. Абай өз жүрегінің аттай тулап соққан дүрсілін естіді. Шолпы үнін сол басып барады. Өзгеше ыстық қымбат шолпы ең соңғы рет бір шылдыр етті де, білінбей кетті. Түн тыныштығы ұрлап кеткендей жұтып кетті.

Шамды Қарабас өшірді.

Шам өшсін-өшпесін, Абайдың көз алдына қазіргі мезгіл, бұл сәт самаладай жарық. Шамның өшкенін байқаған да жоқ. Көзі жұмулы, көңілі тыныштықтан, сабыр ойдан айрылған. Құйын үстіндегі алай-түлейде.

Бұл түнде таң аппақ атқанша Абай бір секунд те көз ілген жоқ. Күн шығарда ғана азғантай мызғыды. Бірақ үй іші оянғанда бірге оянып, ерте тұрды.

Өңі сұрғылт тартып, жүдеп тұрды. Шай алдында тысқа шығып, далада бой жазып жүрген уақытта Тоғжан жатқан үйді ойша іздеді. Сүйіндіктің үлкен үйіне жақын тұрған кішілеу ақ үй бар. Асылбектің отауы болу керек. Содан әрі алты қанат ақ үй тұр. Кіші үй сол болуға лайық. Абай қайта-қайта сонда қарайды. Бірақ ол үйдің түңлігі жабық, Тоғжан да, шешесі де әлі оянбаған, тұрмаған сияқты.

Далаға Сүйіндік те шыққан еді. Әкесі тапсырған алық-берік жөніндегі сәлемді Абай сонда айтып, бұл ауылға келген жұмысын осы таңертеңгі уақытта бітірді.

Шай уақытында Тоғжан келген жоқ Асылбек, Әділбектер де өз үйлерінде болу керек. Таңертеңгі мәжіліске араласпады.

Шаруа біткен соң Қарабас ертеңгі салқынмен қайтайық деп байлаған. Сондықтан дастарқан жиылған соң, ол аттарды ерттегелі шығып кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий