Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абайдың бұл ауылдан кеткісі келмеді. Қонағуар, жылы жүз, жақсы мінезді үлкендердің үйі аса бір сирек кездесетін, жайлы ұя сияқты екен... «Осы ауылдың туысы, жақыны болар ма ем? Сұраусыз келіп, санаусыз қонып, түстеніп кетіп жүрер ме ем?» - дегендей. Бірақ кетпей болмайды.

Үйде Сүйіндік пен Абай және Сүйіндіктің бәйбішесі ғана қалған уақытта Сүйіндік Абайдан Зере жайын, Ұлжан күйін сұрастырып отырып:

– Аналарыңа сәлем айт, балам! - деді.

Түннен бері үндемеген бәйбіше де Ұлжанға сәлем айта отырып, Айғызды есіне алды. Содан барып Кәмшат есіне түсіп:

– Шырағым-ау, осы анада Бөжекең аулына жіберген кішкене қыз не жайда?

Айғыз бишара қайтып қиды соны? Жылатып айырып, қайтіп қана жіберді екен?

– деп, бір жағынан наразы боп, сұрастыра бастады. Абай амалсыздан сөйлеп, қысқа ғана жауаптар қайырды. Бәйбіше бұл жөнде шешіліңкірей бастап:

– Бөжейдің әйелі қатыбас кісі еді. Өзінен де туған қызы көп, күтеді деймісің кішкене пақырды? - деп, қынжылып отыр.

– Е, е, Бөжей бар емес пе? Қатыны ойламаса, Бөжей ойлайды ғой! Неге күтпесін! - деп, Сүйіндік майдаламақ болды.

– Әй, білмеймін! Ауыл-аймағымен тегіс-ақ: «Айыпқа берген қыз ғой.

Малын қимай, жанын қиды ғой айыпқа!» десіп, жаман сөздер сөйледі деп есіттім ғой. Жас баланы жылатқандары бекерлік болған ғой өзі. Не десе де іштен шықпап па еді? Айғыз бишарада не сүлдер жүр дейсің? - деп, бәйбіше өз-өзінен босаңсып барып, жылап жіберді. Екі көзі жасқа толып, қып-қызыл боп, үндемей, мұңайып қалды. Анда-санда күрсіне түсіп, тамсанып қояды.

Абайға бұл ананың мейрімі тіпті бір қымбат адамшылық, шын рақымшылық боп танылды.

Жидебайдағы өз үйінде Кәмшат жайы осындай бір айықпас мұң, уайым боп алған-ды. Сондағы әжесі мен Айғыз және өз шешесінің осындай-осындай көзі жасты, көңілі қаяу болған көп шақтарын есіне алды.

Бірақ олар Кәмшатты құр сағынып, құр аяғаны болмаса, мына кісі айтқан суық сөздерді есітпеген сияқты. Кеше Құлыншақ та, бүгін мынау ауыл да Кәмшат жайын ылғи «жетім жандай, күңдікке, қорлыққа кеткен бишара, әлсіз сорлыдай» сөйлейді. Тегін емес-ау! Жидебайға қайтысымен әжелеріне осы есіткендерін айтып, Кәмшаттың күйін білдіру керек. Әке не десе о десін, бұны істемей болмайды. Абай осыған байлады. Жүрерде тағы да қымыз ішіп, жолға қарсы тоғайып ап, екі жолаушы атқа қонды.

Сүйіндік үйінің жанынан үлкендерге «қош-қош» айтып, рақмет айтып кетіп бара жатып, Абай кіші үйдің түңлігіне тағы қарады. Түңлік әлі ашылмапты. «Тоғжан енді бір көруді ойламаған ба! Тұруға да, көруге де асықпаған ғой!..» Бала жігіт көңілге ала қызған толқын алып, амалсыз тебініп жүріп кетті.

Ауылдан алыстаңқырап бара жатқанда ең соңғы рет артына бұрылып, кіші үйді тағы қимай қарап еді. Үй жанында бір әйелдің бойы көрінді. Басына қара шапан жамылған, ақ көйлегінің етегі шұбала түскен. Тоғжан сияқты. Жаңа тұрған ғой.

Бірақ есіктен шықты да, Абай кеткен жаққа қарамай, әрі қарай, көгал дөңге қарай ақырын жүріп кетті.

Абайдың көңіліне Тоғжанның шолпысы шылдыр-шылдыр етіп, ап-анық естіліп бара жатқан сияқты. Өз жүрегінің лүп-лүп соққан қатты толқын ырғағы.

Амалсыз ұзап кетті. Аты жақсы Түйеөркеш, жан мекеніндей өзгеше ыстық Түйеөркеш, мынау сәуірдің мынандай әдемі ашық рақат сәскесінде тым құрса, «қош» демей де үнсіз қалды. Жұмбақ мінезді боп, сұлу мекен, сұлу жан қалды.

Тау ішінен шығып, Қарауыл өзенін қуалап, екі атты бөктерге қарай бұрылғалы келеді.

Ойға түсіп бір түрлі баяу келе жатқан Абай бір кезде арт жағынан дүрсілдеп кеп қалған ат дүбірін естіді. Жүрегі тағы да түндегідей қатты тулап, шұғыл бұрылып қап еді. Орынсыз үміт тез суынды. Сүйіндік үйінің адамы емес, бір толықша, қара жігіт екен. Мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан бала жігіт жұпыны киім киген. Астында құнанша күзеген күрең биесі бар. Абайларға жақындай бере сәлем берді. Ашық жарқын жігіт болу керек. Аппақ сұлу тістерінің баршасын көрсетіп, ақсия күліп келеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий