Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Өзін-өзі ойша екіге бөліп, осылайша көлденең көзбен көре жүретін әдет Абайда әр кезде болушы еді.

Екі күн өткен соң Құнанбай Абай мен Қарабасты Байдалыға жіберді.

Құлыншақ пен Сүйіндіктей емес Байдалы бұларға жылы шырай бермеді.

Сырты үп-үлкен ақшыл үйге Абайлар кіре бергенде-ақ Байдалының бір нәрсеге қатты ашуланып, айғайлап жатқан үні естілді.

Үй іші әбігер екен. Босағада малшы қатын үлкен күбіге іркіт пісіп тұр. Бір жағынан кең қазанда құрт қайнап жатыр екен. Үй іші ыстық. Дәл Абайлар кіре бергенде Байдалы бір кішкене қара пұшық қызды май құйрықтан шапалақпен ұрып:

– Құдай сілегір, кетші былай, құдай сілегір. Тыныштық бермедің ғой, сен-ақ! - деп, жылатқан бойында итеріп тастады. Қыз отқа құлай жаздап, әрі шошып, әрі ашуланып булыға жылады. Басында шыр етіп шыңғырса, енді шегі қатып көкпеңбек боп, долдана жылайды. Көзінің жасы да, сілекейі де шұбырып жатыр.

–Әпкет! Әпкет мынау қараң өшкірді! - деп, Байдалы қатынына бұйрық етіп, үйден айдап шықты.

Үй ішінің осы жанжалының уақытында Абайлар сәлем беріп кіріп, терге шығып отырысты.

Байдалы сәлемді оңдап алған жоқ. Амандасуы да солғын болды.

Құрт қайнатып жатқан үйдің қазаны бос болмайды. Ет асқысы келмеген үйге ол бір жақсы сылтау болатын.

Абай мынау ыстық үйде, мынадай тырысқақ ашушаң кісінің үйінде ет асым уақыт отыруды өз басына жазадай санап еді. Сондықтан еттің сәті болмаса тіпті қарсы емес. Ішінен Қарабасты мысқылдап:

«Ал бәлем, шоқ! Түстік болмаса, түбің түсетіндей көруші ең! Көрермін осы үйден жегеніңді!» - деп, жымия түсті.

Шынында Қарабастың бір қиыны - «түстік» пен «қонақасы» жайын өзге дүниенің бәрінен бұрын ойлап, өзгеше көңіл бөлетін. Кейде Абайдың қонбайық деген аулына: «Қонайық, бұл үйдің сүрі мол» деп, тағы бір кезде: «Түстенбейік, жүріп кетейік» деген жерінде: «Түстенейік, бұл үй қонақасыға мырза» деп, қайдағы Абайдың ішін пыстыратын көңілсіз, сүйкімсіз бір үйлерге еріксіз аялдататыны болушы еді. Екеуінің көп жүргенде көбінесе ұғыспайтын жерлері осы болатын.

Бұл жолы Абай көңіліне Байдалының ниеті де сай келген сияқты. Үлкен қара сақалды, суық түсті Байдалы қонақтардың бетіне қарамай, мойнын есік жаққа бұрып отыр. Аздан соң күбі піскен қатынға қарап:

– Қымыз әкел, ас ауыз тигіз мыналарға! - деді.

Қарабас белдігін шешіп, кішкене орнығыңқырап отыра бастап еді, Абай үйдің шырайын одан бұрын біліп, бел шешкен жоқ-ты. Кішірек ағаш тегенеге құйылған қымыз келген уақытта Байдалы өзі сапырып, өзі құйып, қонақтарға бір-бір шараны берді де:

– Барыстарың қалай? Ие шаруамен жүрсіңдер? - деді. Абай өзі келген шаруасын сол арада айтты.

Әңгіме тағы жер жайынан. Құнанбай, ел жайлауға шығардан бұрын, былтыр өзі Қарашоқыдан көшірген Бөкенші, Борсаққа Жігітек жерінің жапсарынан жайлау берген болатын. Сол ретте осы Байдалының Қаршығалы Қопа деген қоныстарына «Сүгір мен Сүйіндік ауылдары қоса қонсын, бірге жайласын!» - депті. Абай қымызын ішпей алдына қойып отырып, сол шаруаны айтып шықты.

Бұл сөзді есіткенде Байдалы қабағын түкситіп жіберіп қатты түйілді.

Абайға жауап бермей, зілдене қарап, қадалып қалды. Абай Байдалының көзінен жасқанған жоқ. Бала жүзінде ашу да, араздық та жоқ. Тек: «Мынау кісі қалай қарайды?» деген тәрізді кінәсіз таңдану ғана бар.

Байдалы кірпік қақпай, шұғыл ойланып, үнсіз отырып, ақырында:

– Құп болсын! Қонсын Сүгір мен Сүйіндік, не деуші едім! - деді.

Қайратты, шапшаң, ер адамның байлауы сияқты. Езбеді. Жақтырмаса да, күйіп отырса да, амалсыз байлауын бір-ақ кесіп, бір-ақ түйді. Сөз бітіп қап еді.

Бірталай уақыт үй іші үнсіз болды. Абай қымызын ішіп болып, рақмет айтып, енді жүргісі келгендей ажар білдіргенде ғана Байдалы ырғала түсіп, сөйлей жөнелді.

– Айтқанына көндім. Бірақ сөз ұғушы ма едің өзің? Әкеңе айтар сәлемім бар. Бұлжытпай жеткізуге жараймысың, жоқ па?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий