Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– ...Қыбыр-жыбыр бар, білемін. Бірақ «онымыз жоқ» деседі екен ғой. Ал, сенейін. Сенемін деп, жаза шексем де сенемін! - деп сұрлана түсіп, зілденіп, -құлақпен есіткеннің бәрін бекер дейін, көзбен көргенді ғана шын дейін. Көзім көргенше шыдайын. Мен деген дос! - деп, Құнанбай жалғыз көзімен қадала қарап, төрден босағаға шейін бір шолып шықты. Содан қайта төрге өрлеп, дәл қасында отырған Жуантаяқ Топайдың қартаң адамдарына көз қадап отырып, -мен деген дос, мен шыдағанша сен де шыда! Тек жалғыз-ақ мен қозданған күні «бірге қозданам» деп шыда! Соны істесең, құдай ырза, мен ырза. Әзірге менің қолқа, тілегім осы-ақ! - деп, тоқтап қалды. «Жүрушілерге рұқсат» деген сияқты қып тұжырып еді.

Бар жиын, төрден босағаға шейін құп-құптап:

– Дегенің болсын!

– Айтқаның болсын!

– Серт уәдеміз айтылды ғой!

– Тұр дегеніңе тұрамыз! - десіп, жапыр-жұпыр қостап қалды. Абай өз ішінен:

«Баталасу сияқты-ау! Бір нәрсеге ел қамдап, серттесу үшін шақырған-ау!» деп ойлап, жаңағы «дос» деген сөзді есіне алды.

Бірақ төрден босағаға шейін бұ да қарап етіп, бір нәрсеге іштей ойланып қалды.

Мынау «дос» деп әке атаған кісілері бұрын Абай аз білетін, немесе, тіпті танымайтын кісілер. Бұрын мұндай жиын ортасында «дос» деген атпен Байсал, Қаратай, Бөжей, Сүйіндік, Түсіп сияқты кісілер отырушы еді.

...Бүгін оның бірі жоқ. Анада өзі барған Құлыншақ та жоқ. Басқаша бір екшеу ғой. Олардың үстіне тағы да мол дос жию ма? Болмаса, тіпті соларды екшеп тастаған ба? Әлде дүмбілез бірдеңелер бар ма?..

Абай Қарқаралыдан қайтқалы ел іші қыстыгүні татулықпен, Кәмшатты жылатып берумен «бітті, тынды» деп білетін. Содан кейін үлкен сыбыс та шыққан емес. Ішінара не күңкіл барын сұрастырған да емес-ті.

Қонақтың көбі жүріп кетіп, екі-үш ақсақалды ғана Құнанбай қоналқаға ұстап қалды. Көпшілік кетсе де әкесі толық босамады.

Абай өзінің Сүйіндікке барған жұмысын көпке шейін айта да алмады.

Ақыры бір әредігін тауып, әкесімен сөйлесіп, міндетін ада қылды. Енді бүгін мұнда қонбай Жидебайға қайтсам деп ойлап еді. Әкесіне сол ниетін айтқанда Құнанбай:

– Немене бұ, қуыршақ ойнайтын қыз ба едің сен, шешеңнің қасынан шықпайтын? Менің қасымнан сол қатындардың қасы артық болды ма? Мұнда болсаң ел көресің, сөз ұғасың, тәлім-тәрбие аласын. Онда не табасын? - деді.

Абайға бұл сөздер оншалық даусыз хақиқат болып танылған жоқ. Ішінен:

«Сіз ата болсаңыз ол, - ана. Бала, ата-ананың тағылымын бірдей алып өседі» деп ойлады.

Бірақ әкесіне тура жауап айтқан жоқ.

– Үйде қаршыға бар еді, биыл құс мол екен. Жидебайға барып азырақ қаршыға салайын деп ем, - деді.

Құнанбай бұл жеріне дауласқан жоқ, түсінді. Бірақ:

– Тағы бірер күн аял қыл. Ертеңдер сені Байдалыға жіберіп алғалы отырмын. Содан әрі қайтарсың, - деді.

Абай амалсыз көнді.

Байдалы Абайдың көп сөйлеспеген кісісі. Кешелер ол да Құнанбаймен араз кісінің бірі еді. Енді соған жібермек.

Әуелі Құлыншаққа жіберді. Ол Құнанбайға өкпелі. Сүйіндік болса, ол да бұрыннан ренішті адам. Кеше түні бойғы әңгімеде Абай өз әкесі туралы үлкен кісілердің аузынан ең алғаш сын сөздерін есітті. Ол әңгімелердің ішінде талай-талай мәндер жатыр. Сүйіндік те Құлыншақтай өкпелі адам. Ал енді міне, тіпті Бөжеймен тізе қосып, әрдайым жаулықты мықты ұстап жүрген Байдалыға жібермек. Оның Құнанбайға қарсы араздығы қатты бекіп қалған тоң сияқты емес пе еді? Көңілі жібіді ме, қабағы жадырады ма? Абай білмейді.

Енді соған бармақ. «Осы қалай» деп, біраз ойлана түсіп, Абай өз әкесінің ішін түсінгендей болды. Тегі әкесі өзіне жау адамдарға Абайды әдейі жіберетін болар. «Жау барын көрсін, түсін танысын. Тани келе, көре келе, әкесіне достығы, тілеулeстігі күшейсін» деген болу керек.

Абай осыны ұқты да, қатты толқып, қиналып ойланды. Шытырман. Бір сәтке Абай өзі көлденеңнен қарап, шытырман ішіне жалғыз, құралсыз, әлсіз күйде еріксіз кіріп бара жатқан өзін көргендей болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий