Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жалғыз жүрген жолды көңілсіз көріп, алдыңғы жағында кетіп бара жатқан екі аттыны әдейі әңгімелесіп отыру үшін қуып жеткен екен. Күрең биенің омырауы терлеп қапты. Танаурап, демігіп келеді. Екі езуінде көбік те бар.

Қарабас пен Абай да жаңа жүргіншінің қосылғанын теріс көрген жоқ. Жай сұрасқанда бұл жігіт - Сүйіндіктің ауылдасы, Көмекбай баласы Ербол деген жігіт боп шықты.

Қарабас Ерболмен оп-оңай білісіп, әңгімелесіп кетті. Сөздерін тыңдап келе жатып Абай Ерболға шын ықыласпен қарап, әлденеден ыстық көре бастады.

Үйткені, Ербол Сүйіндік аулының аса жақын жігіті екен. Өзінің шешесі мен Тоғжанның шешесі Қантжан немере қарындас. Ол үйлерге бұл үнемі араласып жүретін өз кісісі боп шықты. Әңгімешіл, күлегеш Ербол, енді Абайға бар тұлғасымен ұнай бастады.

Аздан соң бұл екеуі көбірек әңгімелесіп, Қарабас шетірек қалды. Абай Қарауыл бойында құс көп екен деп, аңшылық мұратын білдіріп еді. Оған Ербол:

– Қаршығаң бар ма? Қаршығаң болса, қыдырып келсеңші! Мен қасыңа еріп жүріп үйрекке де, қазға да кездестірейін, - деді.

Үйде Тәкежанның көк қаршығасы бар-ды. Абай көңіліне мынау сөздер үлкен медеу болды. Бағана Түйеөркештен кеткелі: «Енді қайтып қашан келем?..

Не сылтаумен келе аламын?» деп өздігінен бабын таба алмай келе жатқан бала жігітке мына Ерболдың айтқаны өте бір рақат табыс көрінді. Абай мен Ербол құс жайына, аңшылық жайына ауысқан соң тату құрбы сияқтанып кетті.

Екеуінің де айтар сөздері бітер емес.

Бірақ бөктерге шыққан соң Ерболдың жолы бөлінетін боп еді. Ол оң жақтағы Көлқайнарға бұрылмақ екен. Шаруасы сонда. Абайлар болса, Шыңғысты бөктерлеп отырып, Қарашоқыға, Күнкенің аулына қарай тартпақ.

Ерболды қиғысы келмеген Абай:

– Көлқайнарда тығыз жұмысың болмаса, бізбен бірге жүрсеңші! - деді.

– Е, е, не деп ерем? Не шаруаң бар дегенде не деймін? - деп, Ербол күліп жіберді.

– Шаруаңда жұрттың не ақысы бар! Қыдырасың, қонақ боласын! Құл саламыз...

Ербол Абай сөзіне қызыға бастап:

– Айтқаныңа қызығып тұрмын! - деп, аз ойланды да: - Ә-әй, бірақ шаруам қалады ғой, болмайды! - деп, амалсыз байлау айтты.

Аздан соң Ербол Абайлардан бөлініп, Көлқайнарға қарай тартып кетті.

Келгенінде күліп келгені сияқты, кетерінде де күле қоштасып айрылды. Абай бұның сол көңілділігіне қызыға қарап қалды. Ерболдың алдында түк бөгет жоқ.

Тілесе, Тоғжанды күнде көреді. Жақыны, туысы. Тоғжанға сондай жақын болудың өзі де бақыт сияқтанып, Абай мына жігіттің сондай халын қызғанады.

Ербол болса, айнымас қызықты көңілмен желе жортып, ұзап барады. Тоғжан турасындағы ең соңғы үміт - соншалық ыстық көрінсе де ұзап барады.

2

Абайлар Қарашоқыға түс ауа жетті. Күнкенің үлкен үйінде мол жиын бар екен. Кермеде күміс ертоқымды көп аттар тұр.

Қарабас Абайға бұл жиынның алыс ел емес, осы маңның өз адамдары екенін айтты. Аттарынан таныған.

– Жуантаяқ, Топай, Ырғызбай ішінің кісілері. Күндегі жиын ғой. Бірақ, мынау жүруге қамдалып, жаңа ерттелген аттар ғой. Түстікті жеп қойған екен, құр қаппыз! - деді.

Абай сәлем беріп үйге кіргенде кең үйдің іші лық толған кісі екен. Биік төсектің алдында бар жиыннан иығы асып, ақ көйлегінің омырауын ашып тастап, төс жүнін көрсетіңкіреп әкесі отыр.

Тарқауға айналып, киініп алған үлкендер дәл кетер жерде қымыз ішіп, Құнанбайдың соңғы сөздерін тыңдап отыр. Бір тізелеп жүгініп, тымақтарын киіп отырған кісілер де бар.

Үйдегілер Абайдың сәлемін алғанмен амандық сұрасқан жоқ. Төсектің аяқ жағын ала, жорға Жұмабайға қымыз сапыртып, құйғызып Күнке отыр. Абай соның қасына кеп отыра бере әкесінің соңғы сөздерін есітті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий