Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Әрине, айтылғаны рас. Бірақ кімнің қалай айтуында көп мән бар ғой. Және орыста көп жан айтса да, біздің қазақта әлі бұған ұқсаған өршіл-үмітшіл ойды болашаққа арнап айтқан жан жоқ қой!— деп, Әбіш тағы да қиялдап отырып тілек етті. Абай үндеген жоқ.

Әбіш осы ойдың желісінен айырылғысы келмей, енді Павлов хатын қайта қарады да тағы сөйледі:

— Бұндай үлкен пікірді кайта-қайта айта берсе де ескірмейтінін Павлов та ескерген екен. Ол да жаңағы ағам айтқан ойдың бір жағын жақсы таратыпты. Мынаны қарандаршы!— деп хатты оқи отыра, қазақшалай кетті. — Ибрагим Құнанбаевич, бүгінгі еңбек, әсіресе, сіздің ақындық еңбек болашақ үшін жасалады. Болашаққа кетеді. Ол болашақта халықтар ырысын табады. Сол заман туады, тумасқа мүмкін емес. Ешбір тұсау, жаза, қаһар деген бөгет бола алмайды. Өз халқыңыз бен жас ұрпақты соған әзірлей беріңіз. Солар неғұрлым әзір болса, болашақтың жемісін молырақ татады, депті. Мінеки, дәл жаңағы ағамның ойымен қабысып жатқан жоқ па?

— Аса жақсы!— деп Абай да сүйсінді.

Павлов хатын елі қолға алған жоқ еді. Енді бірталай уақыт үнсіз қадалып оқып қалды.

Осы күні кешке ымырт жабылған соң, Абай өз аулына кеп, аттан түсті де, Әйгерім үйінің киіз есіхін көтеріп ашты. Үй іші қараңғы екен. Ешкім белгі бермеді. Тыста да Абайдың атын ұстап, алдынан шыққан кісі болмаған.

Абай қараңғы үйдің ішіне бас сұғыңқырап тұрып:

— Әйгерім?!—деді.

Сол сәтте ішінен төсек жанынан сергек қозғалып, Әйгерім жауап қатты.

— А-а-б-а-й! Сізбісіз! Аба-ай!— деген үні соншалық бір оқыстан қуанған белгідей. Жіп-жіңішке әсем даусы барынша жақын леппен жан тартқандай, ыстық көрінді. Абай есіктен шапшаң атып кіргенде, Әйгерім қарсы басып, қасына келіп қалған екен. Ерінің қолына қарсы созған жүзікті, білезікті жұп-жұмсақ кішкентай саусақтары ып-ыстық боп майда тиді.

— Сағынып қалыппын ғой, Әйгерім! Даусың қандай нәзік шықты. «Абай» деп, атымды атағанның өзің де әндей күйлеп созып айттың ғой. Үніңнен айналайын, көңіл жүдеп келді.. Жұбатшы, жылытшы нәзік деміңмен, емшім менің! - деді.

Әйгерім Абайдың мол денесінің иЫғына асыла, құшақтаған күйде, жалындаған жүзін күйеуінің төсіне басты...

Ақырын ғана сыңғырлап, сонша нәзік талдай баяулап қана тіл қатты:

— Өзім де сондай сағынып ем. Күнім!..—деді, осы айтқанына, ашылғанына ұялғандай боп, Абайды қатты құшақтап қалып, бетің оның қолтығына жасырып, ықтай түсті...

Оспан өлгелі Абай да, Әйгерім өзі де қаралы болды. Көп уақыттар Еркежан қасына барып, бата оқыршы жиі келген күндерде Әйгерім де ұзақ жылап қайтатын.

Абайдың қабағы ашылып, жабық көңілі жадыраған емес.

Бірақ сонда да, екеуі де өздерінің бір-біріне арналған, әлі де ыстық сезімін аздырған жоқ-ты. Қайта оразадай шыдасып, тек қана қабақпен, айнымас шыраймен ішкі сыр аңғарысатын. Өздері іркіп, тежеп жүрген көңіл де, сенімді берік достық та, тұрақты үлкен махаббат та өз-өзінен от алып асқындай түсетін. Нелер қымбат ыстық шақтарын сағыну күшейген... Осы күңі сой сағыныш Әйгерімді, әсіресе, мендетіп жеңгендіктен, ол кеш болса ұйқысыз, жалғыздықта, оңаша ғана болуды тілеуші еді.

Қызметкер әйелді ерте босатып, үй ішін тыныштап, жапа жалғыз қалды. Жаңа Абай келер алдында кейбір алыс жолдан, ұзақ күндер айырылысу соңынан, ерінің бұны сағынып келетінін еске алып жатыр еді.

Бұл заманда екі жүректе де қылшықтай күдік жоқ. Сеніскен, мәңгіге туысып табысқан берік тірлік бақыты орныққындай болатын.

Ауылда сөзуар кемпір көршілер, кейбір сыпсыңқұмар абысындар Оспанның жесір қалған әйелдерін сөз етеді. Өздерінше сырттан ұйғару, көлеңкеге тон пішу, долбар жасау әркімде бар.

Бұл ауылдардың өздері ғана емес, тіпті, бүкіл Тобықты көлемінде өсектер айтып, арғы-бергіні орағытып көйітіп отыратын қартаң шалдар, қазымыр кемпірлер де «Оспанның арты не болтынын» сөз қылмай отырмайды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий