Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл етпетінен түскенің де мына жарық дүниеде бітіре алмай кеткен бір тығыз шаруасы бардай, бір діттеген жеріне қалай да жетуге талпынғандай, екі қолымен топырақ тырмалап, жер бауырлап жылжуға жанталасып жатқан сияқты. Әйтеуір, тырнағы ілінсе, жауын жамбасына ала жығылғысы келгендей ұлы арманның айтылмаған азынауық сарыны бар.

Үшінші бағананың жанындағы көрініс бұрынғы екеуінен өзгешелеу екен. Алдыңғы атылған екеуді көріп, үшінші құрбандық тірілей қарсылық көрсеткен сиқы бар. Өйткені мұның басы денесінен бөлек жатыр екен. Талша мойнынан қылышпен шауып түсіріпті. Киімінің бой-бой болып жыртылып жатқанына қарағанда көп алысқан. Қылыш солдаттарда бола бермейді, оны салақтатып асынып жүретін Теляшкиннің өзі де. Бұл сірә, соның қолтаңбасы. Денесінен бөлінген бас әрірек домалап барып, бетімен өз денесіне қарап түсіпті. Өз денесіне өзі ызаланғандай, жағаласқанда жауға әлі жетпегенін сөгіп тұрғандай, бассыз жатқан тұлғаға қарап, тістеніп қатып қалыпты. Дене мен бастың арасын қайта жалғастырғысы келгендей екі ортаға қарауытып қан атыпты. Алты ай жазға ындыны құрып жатқан топырақ ашқарақтық жасап, жылы қанды лезде жұтып жіберіп, көберсіп те үлгеріпті.

Ротмистр тістенген басқа көп қарап тұруға дәті шыдамай, атты тебініп кеп қалды. Ендігі жолда ол баған бас сайын тоқтағанды қойып, шоқытып ала жөнелді. Бағандар жаққа қарамауға тырысты. Келесі бөрененің тұсынан өтіп бара жатқанын ол астындағы аттың құлағы тікірейе қалғанын сезіп, асау ақалтекеге «но-но!» деп сабыр айтып келеді. Офицердің тілін ала бермейтін үркек айуан кезекті бағанның тұсына жете бергенде оқыс жалт берді де, қанша сақ отырса да Приходько ұшып түсе жаздады. Жанындағы бір солдат оған ат ауыстырып мінейік деп ұсыныс айтты. Айбындырақ көріну үшін ақалтеке лайық еді, бірақ ұдайы қашан тастап кетеді деп қорқып отырғаннан гөрі, қарабайыр болса да, солдаттың атына ауысып мінуді жөн көрді.

Теляшкин тобы ошарылып қалған екен.

– Не тұрыс? – деді мәстек аттан аяғы салаңдаған ротмистр.

Теляшкин ротмистрдің есек мінгендей сықпытын ерсі көрсе де, сыр білдірмей:

– Мәртебелі мырза, құлаған бағандар таусылды. Бұл топтағы жетпіс бес тұтқынның бесеуіне баған жетпей қалды. Не істеу керек? – деді.

– Теляшкин! Соны да менен сұрау керек пе? – деп ротмистр Приходько реніш кейіп танытты. – Не көп – баған көп. Осыдан Пішпекке дейін, Пішпектен Верныйға дейін тізілген баған. Киргиздарды түгел қырсаң да баған табылады. Бесеуі қалса, бесеуін де салбыратып іл де қой! Соны да сөз деп...

Әңгіме осымен тәмәм дегендей ротмистр назары басқа жаққа, сонадайдан көрінген күмбез жаққа ауды.

– Анау не? – деп сұрады ол жанындағылардан.

– Ол Сыпатай дегеннің мавзолейі, мәртебелі мырза. Мерке, Ботбай киргиздардың сондай көсемі болған екен.

– Қалай? Қалай? Спат... Спатаймен... Спартак...

– Сыпатай, мәртебелі мырза, – Теляшкин ротмистр мас емес пе деп бұрынғыдан бетер күдіктене түсті.

– А-а, Спатай, Спатай... Оны мен қайдан есіттім? Ах, шайтан алсын! Кеше де, алдыңғы күні де мына жабайы киргиздар бізге ұдайы «Спатай! Спатай!» – деп ұрандап, тиіскен жоқ па? Әне, мәселе қайда жатыр! Киргиздарды қырамыз, ал ұраны қада береді. Ертең тағы шығады ғой: «Спатай! Спатай!» – деп шиебөріше шуылдап. Айда, солдаттар! Ер соңымнан! – деп ротмистр мәстек атты бүйірінен торс-торс тебініп қалды.

Ұлы жолдың бойында тұрған күмбез жанына келгенде едәуір биік екен. Төрт құлақ күмбез аса сәулетті де емес, бірақ күйген қыштан соққан мазар ашық аспан астында тұрғанына жарты ғасыр өтсе де әлі жап-жаңа сияқты. Жан-жағына отырғызылған тырбық қара ағаштардың бұталарында әлеміш: ақ шүберек, көк шүберек, қызыл, жасыл, сары шүберек – жер дүние халықтарының желбіреген туларындай тербеліп тұр. Жол жаққа қараған жалғыз есіктің ар жағы қап-қараңғы.

Ротмистр Приходько Мысырдағы Сфинкстің алдына келіп тұрған Осман сұлтаны яки Наполеон сияқты. Өзін солай сезінеді. Наполеонға еліктеп, соның әрекетін қайталамақ болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий