Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» - четвертая книга, автор Шерхан Муртазы.

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Кімнің атына жазу керек?

— Тіке Сталин жолдастың өзінің атына да! Мен өзім-ақ жазар едім, бірақ Голощекин Рысқұловпен есеп айырысып отыр деп түсінуі мүмкін. Ал сен болсаң мүлде бейтарап адамсың. Түсіндің бе? — Теке сақал тағы да селтең-селтең етті. Даусы — темірді болат арамен кескендей жағымсыз еді. Голощекин «Түсіндің бе?» дегенде даусы сөйтіп шиқылдап шығады екен.

— Түсіндім, түсіндім, — деп Жантоқов тікенек басын шұлғи берді, шұлғи берді.

Ол хат Сталиннің қолында. Әзір қозғаусыз. Тек Сталин Жантоқов туралы астыртын деректер алдырып танысқаны болмаса, бұл мәселе бойынша Рысқұловты мазалаған жоқ. Өзі туралы Сталиннің мәлімет жинаттырғанын Жантоқов та білмейді. Кім біледі, мұның бәрі күндердің күнінде жалғанның жарығына шығар, Рысқұлов та, Жантоқов та бір қылыштың жүзімен оталар... Ал әзір... әзір Қазақстанда қатерлі қаһар үдеп тұр. Сол Жантоқов қой бірақ:

«Жолдас Сталин, Қазақстанда жағдай сұмдық. Аштық аранына ұшырадық. Халық қырылып жатыр. Құтқара көріңіз! — деп хат жазбады-ау, жазбады! Мейлі, Рысқұловты жамандасаң жамандай бер. Көзілдірігің буланып, көз майың еріп кеткенше жаза бер. Ал туған халқыңа бір титтей ішің бұрса қайтер еді? Кәрі атаң, ақ сүтін берген анаң, бауырың, сұлу қыз, көркем жігіт, жас сәби — бәрі-бәрі баудай түсіп, қырылып жатқанын көзілдірікті көзің көріп, қалай ғана дәтің шыдайды? Голощекиннің құлақкесті құлы болғаныңмен, айтқанын істеп, айдауында жүргеніңмен өмірің қанша жасқа ұзармақ? Голощекин берген креслода мәңгі отырамысың? Тумақ бар — өлмек бар. Әйтеуір, бір өлім хақ! Голощекин сенің жаныңды мәңгілік етуге құдіреті келмейді ғой. Ол адамдарға өмір беру үшін емес, өлім беру үшін жаратылған жан. Голощекин құдіретті болса, алдымен өзі өлмес еді ғой, бірақ ол да өледі. Бәрі өледі, тек біреу ерте, біреу кеш. Бір күндік қу тірлік үшін, баянсыз мансап үшін халқыңды, халқыңды қорғар ерді сатпасаң қайтеді, найсап! Қайран ақын:

— Шормандай шолтаңдаған шолақ билер,

Патшаның шекпені үшін елін сатқан! —

деп еді-ау. Шорман елін патшаға сатты. Сен кімге саттың, уа жүзіқара?!

* * *

Сөйтіп, Сталин Қазақстанды қартадан ғана біледі. Картадағы Қазақстан тым – тым үлкен. Осыншама жерді жайлаған халық қандай болуы мүмкін? Қазақтар қандай? Қазақтың біреуі қарсы алдында тұр. Ал біреуінің хаты тартпада жатыр. Біреуі халқы үшін шырылдайды. Ал біреуі сол халқы үшін шырылдағанды өлтіре жамандайды. Екеуі де оқыған. Патша шенеуніктерінің жазуына қарасаң, қазақтар жартылай жабайы. Түркістанның соңғы генерал-губернаторы Куропаткин тіпті: «көшпенді қазақтар өркениетке жету үшін мың жыл керек әлі», — дейді. Жала шығар. Әйтпесе, сондай халықтан мына Рысқұловтай адамдар туа ма?

Асылы, Рысқұловты тек қазақжанды дейтіндер қателеседі. Иә, Сталиннің әлі есінде: жиырмасыншы жылдардың басы еді. Ұлт мәселелері жөніндегі Комиссариаттың бар кезі. Сталин — нарком, Рысқұлов — орынбасар. Осы Рысқұлов сонда, сонау қиыр терістікте жатқан сахалардың жоғын жоқтап, Сталиннің мазасын қайта-қайта алғаны бар. Саха дейтін ел бар екен, оны орыстар Якутия деп кеткен. Аңыз айтады: орыстар тұңғыс-эвенкілерден сұрапты дейді, анау Лена өзенінің арғы бетінде кімдер турады деп. Эвенкілер:

— Яка, яка, — дей беріпті. «Саха» дегенге тілі келметені шығар. Содан орыс ағайын «якут», «Якутия» деп кеткен көрінеді. Тіпті «Лена» деп жүргеніміздің өзі саха тілінде «Оол-ена» болса керек, яғни «Ұлы Ана» ғой. Шіркін, Лена дариясы ұлы десе ұлы ғой. Бергі жағасында тұрып арғы жағасына қарасаң көз жетпейді.

Осы Рысқұлов сахаларға автономия берейік деп қадалған жерден қан алды. Ал саха-якуттердің өз арасында кейбір бетке шығарлары:

— Якутия — патша тұсында Ресей империясының бір губерниясы болып келген, РСФСР құрамында сол губерния күйінде қалсын, — дейді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий