Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» - четвертая книга, автор Шерхан Муртазы.

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Не керек, Сталин қойған ауыр-ауыр кінәларды Сұлтан-Ғалиев түп-түгел мойындап тұр. Мойындап тұрса да, мына күні кешегі қызметтестерінен көзін тайсалтпайды. Жанарын жасырмайды. Ол тіпті бір сәт Рысқұловқа да тіктеп қарап тұрып қалды. Тілмен айта алмағанды адам кейде көзбен айтуға мәжбүр. Сұлтан-Ғалиевтың көзінен сонда Рысқұлов түпсіз терең қасірет аңғарғандай болды. «Кешір, бауырым, осылай демеске шарам жоқ», — дегендей әлгі шексіз қайғылы, қасіретті көз. Рысқұлов байқап қалды: Сұлтан-Ғалиевтың салалы, сүйрік саусақтары барбиып, ісіп кеткендей көрінді. Тынымсыз қалтырайды екен. Бір қолын бір қолымен ұстап тоқтатқысы келгендей еді, тез ажыратып алды, қатты ауыратын сияқты.

Шіркін, сонда неге ғана батылы жетпеді екен?..

— Жолдастар! — десе сонда Сұлтан-Ғалиев саусақтары іскен қос қолын жоғары көтеріп. — Мен сатқын, жау емеспін. Маған нақақтан жапқан жаланы амалсыз мойындауға мәжбүр болдым. Міне, қараңдар! Тырнағымның астына жуалдыз ине жүгіртіп азаптады. Қараңдар! — десе...

Сонда мына қайраткерлер алда өздерін де не күтіп тұрғанын әлдеқалай сезініп, сол сойқанның алдын алар ма еді?.. Сталиннің азап машинасы әлі екпін алмай тұрған кезде қиратар ма еді?..

Сұлтан-Ғалиев ештеңе айтпады.

Апыр-ай... Сол тойда... Сталин, Рысқұлов қатысқан тойда... Әдемі сұлу келіншегі... аты кім еді... Иә, сол сұлу келіншегі Сұлтан-Ғалиевты мойнынан құшақтап тұрып:

Сызылып таң атқанда,

Ал шапақ батқанда

Күзләрім тиксине излила-а-а-р... —

деп сыбызғыдай сыңсытып ән салып еді.

Ағарып таң атқанда,

Қызарып күн батқанда,

сүйгенін қимай, бір сәт көрмесе тура алмайтын сол сұлу енді қандай күйде екен? Енді со сұлу жандай жақсы көретін жарына «тесіктен алақандай тіл қатып» жүр ме екен? Кім айтса да, данышпан айтқан: «Бақ пен сордың бір-бірімен ажырасуы — азап. Оны Рысқұловтан артық түсінетін жан жоқ. Он жасында әкесінен тірідей ажыраса, адасқан бақ енді қонды ма дегенде, заман дауылы соғып, сүйген жардан — Наташадай арудан айрылды. Наташадан қалған жалғыз жәдігер Ескендір дәл қазір есіне түсіп, сағыныш сезімнен іші-бауыры елжіреді. Ескендірді бауырына басқан Надя көз алдында мұңайып тұрды. Бірақ оны онша сағынбаған сияқты. «Аяғы ауыр еді, қандай халде екен?» — деген уайым ғана елес берді.

* * *

Сонымен, Сұлтан-Ғалиевты айдауыл қайтадан алып кетті. Кеңестің аяғына дейін ұстап қажеті жоқ еді. Сұлтан-Ғалиевтың кінәсі ауыр. Оған Кеңестегілердің бәрінің көзі жетті. Сталин жеткізбеске қойған жоқ.

Рысқұлов риза емес. «Сонша бейшара болғаны несі?» — деп ызаланды. Әлгінде: «Мірсаид! Көтер басыңды. Омыртқаң опырылса да, рухың сынбасын, атасына нәлет!»—деп айқай салғысы келді. Бірақ Сұлтан-Ғалиевтың көзіне көзі түскенде, тағдыр оны тас қылып тұмшалап тастағанын көкей көзімен шамалады. «Құдай басқа салмасын», — деп шошынды. Тағы да мінберге атып шығып, ара түсейін десе, амал жоқ, Сұлтан-Ғалиев өз кінәсін өзі мойындап тұр. Кейін-кейін, 1937-38 жылда Вышинский деген прокурор шығар. Сол сойқан: «Тұтқынның өз кінәсін мойындауы — әділеттік салтанаты» деген теориясымақ табар. Бірақ ол Вышинскийдің өзі ойлап тапқан «теория» болмас. Ол «теорияны» Сталин 1923 жылы, маусым айының 9 —12 күндері-ақ іске асырар. Ал әзір мына Кеңесте отырған басшылар, ақылды болар, болмас, бірақ кілең басшылар болашақ 37 — 38-дің тұсаукесері осы Кеңесте, 1923 жылы басталғанын сезе де бермес.

Бұл алдағы жойқын қуғын-сүргіннің беташары болатын. Тағдыр оның тұңғыш құрбаны ретінде Мірсаид Сұлтан-Ғалиевты таңдапты. Келесі кезек кімдікі?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий