Knigionline.co » Казахские книги » Робинзон Крузо

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо

Книга «Робинзон Крузо» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Главный герой – Робинзон Крузо попал на необитаемый остров, где вынужден восстанавливать свое существование, с нуля пройти путь человеческой цивилизации.
Он вынужден жить в одиночестве, что приводит к покаянию, Робинзон Крузо встает на путь Бога, окунаясь в причины беды, постигшей его. В его сердце поселилась вера, душа обрела покой, что помогает ему перенести все тягости, опасности, одиночество. Автор своего героя наделил острым умом, сильным характером, создал образ человека, являющегося примером для многих.

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо читать онлайн бесплатно полную версию книги

Менің арал тұтқынына айналғаныма жиырма жетінші жыл толды. Мұның соңғы үш жылын есептемесе де болады: досым Жұма қасымнан табылғасын – менің үйіме қуаныш енді, қайғылы күндеріме қош айттым. Жиырма алтыншы жылымды құдайға құлшылық қылумен қарсы алдым: аралды жалғыз мекендегенімде рақымшылық еткені үшін жаратушыға ризашылығымды білдірдім. Құдайға бұдан бұрын да ризашылығымды білдірсем, қазір шын жүрегіммен ниеттендім; жаратушының әр ісіме жар болатынына дәлелдерім жетерлік еді; енді менің шөл далада тұншыққан күндерім азаяды, қапастан құтылар сәтім таяу қалды, енді бір жылды артқа тастасам, аралдан біржола кетемін деп өзіме-өзім сенімді бола бастадым. Осындай нық сенімге ие болсам да, мен шаруашылығымды ақсатпай жүргізе бердім: бұрынғыдай жер жыртып, егінімді ектім; егістіктерімді қоршап, ешкілеріме көз болдым; жүзімдерді жинап кептірдім, – бір сөзбен айтқанда, – бұрын немен айналыссам, – соны жалғастыра бердім.

Күйбең тірлікпен жүргенімде жаңбырлы маусым да басталып кетті: енді үйден де көп шыға бермейтін болдым. Бізге саяхатымызды кейінге қалдыруға тура келді: ең әуелі жаңа қайығымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек болатын. Мене қайығымды әңгімемнің басында айтып өткен сал буған қуысқа алып келдім. Су көтерілген кезде қайықты жағаға сүйреп шығардым да, оны арқанмен байлап бекітіп, Жұмаға қайық бейне бір докта тұрғандай болып сыятындай аумақ пен тереңдікте бассейн қаз деп бұйырдым. Су қайтқан соң теңіз жақтан докқа барар жолды жабу үшін біз мықты бөгенмен қоршап қойдық. Ал қайықты жауын-шашыннан қорғау үшін оны біз шатырдың астында тұрғандай қылып бұтақтардың жуан қабатымен жауып тастадық. Енді сапарға аттану үшін қараша немесе желтоқсан айларын тосып, жайбарақат отыра беруге болатын еді.

Жаңбыр басылып, ауа райы қалпына келген бойда мен ұзақ сапарға мұқият дайындала бастадым. Күн ілгері қажет деп тапқан азық-түлікті шамалап дайындай бастадым. Екі апта өткен соң бөгетті ашып, қайықты теңізге түсіргім келді. Бірде таңертең дағдыланған әдет бойынша жолға қамдануға кірісіп, Жұманы тасбақа әкелуге жұмсадым: тасбақа еті мен жұмыртқа бір жетіге жетеді. Жұманың кеткені сол еді, қайта жүгіріп келді. Ол қоршаудың сырт жағында тұрған маған құстай ұшып жетті. Не жағдай деп сұрап болғанымша: “Қожам! Қожам! Бәле! Жаман!”– деп жанұшыра айғайлай бастады. “Жұма, не болды?”– деп сұрадым үрейленіп, – “Анда жағалауда бір, екі, үш… қайық бар”, – деді аптығып. Санағанына қарап, алты қайық шығар деп ойладым, бірақ алтау емес, үш-ақ қайық болып шықты. “Не көрдің! Мұншама неден қорықтың?”– деп жұбата сұрағанымда, ол жабайылар өзін қуып келген екен, енді тауып алып өлтіреді деп ойлаған болу керек, байғұстың есі шығып кетіпті. Оның қорыққаннан қалшылдап кеткені сондай, қапелімде не істерімді білмедім. Мен оны барымша жұбатуға тырысып-ақ бақтым. Оған төнген қауіп маған да төнетінін, оны жесе, мені де жейтінін айтып түсіндірдім. “Бірақ біз соңғы деміміз қалғанша беріспейміз”– дедім. “Сен соғысуға дайын”, “Мен атат, бірақ олар көп, өте көп”– деді ол. “Қайғырма, біреуін өлтірсек, қалғандары мылтық даусынан үркіп, тым-тырақай қашып кетеді, мен сені қорғаймын, бірақ сен қорықпай менің айтқандарымды орындайсың ба?” – дедім мен. Ол: “Сен қаласаң, мен өлуге де дайынмын, Қожам” – деп жауап берді. Содан кейін үңгірден ром әкеліп, бір стақанын оған ішкіздім. Бұдан соң қару-жарақтарымызды сайлап, оқтап қойдық. Үйден шыққанда үнемі өзімізбен ала жүретін екі мылтықты ең ірі бытырамен оқтадым, мушкетке ұсақ бес бытыра және екі бөлік қорғасын салып, ал тапаншалардың әрбірін екі оқпен оқтадым. Өзім шапашотпен, Жұманы балтамен қаруландырдым.

Қақтығысқа сақадай сай болғасын, қолыма дүрбі алып, бақылау үшін төбешікке шықтым. Дүрбімді теңізге қарай бағыттап тұрып мен жабайыларды көрдім: олар жиырма екі адам, үш тұтқын және үш қайық. Бұл үйірдің аралға бір ғана мақсатпен – жауларын жеңгендері үшін қанды мерекені тойлауға келгендері түсінікті болды. Масқаралық басқосу бұлар үшін қуаныш тойындай болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий