Knigionline.co » Казахские книги » Робинзон Крузо

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо

Книга «Робинзон Крузо» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Главный герой – Робинзон Крузо попал на необитаемый остров, где вынужден восстанавливать свое существование, с нуля пройти путь человеческой цивилизации.
Он вынужден жить в одиночестве, что приводит к покаянию, Робинзон Крузо встает на путь Бога, окунаясь в причины беды, постигшей его. В его сердце поселилась вера, душа обрела покой, что помогает ему перенести все тягости, опасности, одиночество. Автор своего героя наделил острым умом, сильным характером, создал образ человека, являющегося примером для многих.

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо читать онлайн бесплатно полную версию книги

Мал қамайтын ыңғайлы жер іздеп аралды шарладым, ойға алған орын табылды. Аралдың күншығыс жағын аралап келе жатқанда кәдімгі өзімнің адасатын жеріме тап келдім, ортасы тегіс, ойпатты алаңқай жер, қалың ағаштың іші. Алаңқай жердің кеңдігі үш десятина шамасы, жан-жағын қоршаған зәулім ағаш саусақтың саласындай, қолдан соққан қорғандай тізіліп тұр, дегенмен де басқа жерлерге қарағанда бұл жерді ретке келтіру оңайырақ көрінді.

Шаруаны бастап та кеттім, төрт аптадан кейін ауланы салып та бітірдім, – енді ешкілерді айдап келсе де болады. Ешкіні айдап келу де аса қиын емес, себебі қолда өскен жас лақтар өзіме әбден үйренген ғой. Кешіктірмей он ешкі, екі текені бөліп алдым да, жаңадан салған аулаға айдап келдім. Ауланың жетіспей тұрған жерлерін ешкілерді қамағаннан кейін асықпай, жайымен реттеп бітірдім. Осы әбігершілік пен бейнеттің бәрі құмдағы ізді көріп үрейленгенімнен туды. Осы кезге дейін аралдан немесе оған жақын маңайдан адам баласын кездестірген емеспін. Тосын жағдайға ұшырап, бұрынғы қалыпты тіршілігіммен қоштасқаныма, міне, екі жыл болды, мұны мәңгі үреймен өмір сүрудің азабын басынан кешкендер ғана біледі. Осы кездердегі жан дүниемнің үнемі азап шегуі құдайға деген сеніміме әсерін тигізді. Күн сайын түнде жабайылар шабуылдап, өлтіріп, жеп кететін шығар, мүмкін, таң атқанша тірі қалмаспын деген үреймен көз іліп жүрдім. Қорқыныш жанымды әбден қинады, құлазытты. Құдайға құлшылық етуім сирей бастады. Дұғамды оқи бастасам, ажалы жетіп, құдайға арызын айтып жатқан адамдай боламын. Мен өз түйсігім бойынша: пенденің құдайға құлшылық етуі, дұға оқуы, тағы басқа да діннің шарттарын орындауы ризашылықтан, елжірегеннен және сүйіспеншіліктен туатын сезім сияқты, жаны түршіккен адам дұға оқығанда шынайы берілмейді. Дене мүшелерін зақымдайтын кесел сияқты, қорқыныш деген – жаныңды жегідей жейтін ауру. Ал ол дегенің денеге түскен жарақаттан бетер, жаныңды ауыртып, дұғаңнан жаңылдырады. Дұға деген тәннің қалауы емес, жанның қалауы ғой.

Енді жоғарыда айтқан әңгімеме қайтып оралайын. Қорымда азық-түлігім молайғаннан кейін, ешкілерімді бөліп орналастыру үшін тағы да жайлы орын іздестіргім келді. Бір күні қолайлы жерді іздеп келе жатып, аралдың батыс жақ жиегіне бардым, бұған дейін бұл беткейге аяқ басып көрмеппін. Жиекке жақындап келдім де, бір төбешіктің басына шығып, теңіз жаққа көз салдым, қайық секілді бір нәрсе қараңдап көрінді. Кемеден бірнеше дүрбі алғаным да бар еді, бірақ өзіммен бірге ала шықпаппын, қанша қадалғаныммен қарайғанның не қайық екенін, не басқа екенін ажырата алмадым, қарай-қарай көзім талды. Төбеден түсіп едім, ешнәрсе көрінбеді. Әлі күнге дейін қайық деп шырамытқанымның не екенін білмеймін. Сол күннен кейін енді дүрбісіз ешқашан үйден аттап шықпаймын деп өзіме уәде бердім. Жағаға келген бойда (бұл аралдың мен аяқ баспаған бөлігі), бұл жерден адам ізін көру деген сондай бір сирек құбылыс емес екеніне көзім жетті, бұрын тіпті бұлай ойламаған екенмін; жабайылардан ада аралдың арғы жақ бөлігіне құдайдың жарылқауымен табаным тимеген екен, олар менің аралыма аяқ басса, ең қарапайымы алыс сапарлар кезінде үнемі аялдар айлақ ретінде немесе адамның етін жейтін қанды тойларын жүзеге асыру үшін пайдаланар еді.

Төбеден түсіп, теңіздің жағасына келгенде есеңгіреп қалдым. Жаға толы адамның сүйегі: басы, омыртқасы, қабырғасы, аяқтары және қолдары.

Бұл көрініске куә болғандағы жан дүниемнің дағдарысын тілмен жеткізе алмаймын. Жабайы тайпалардың өзара соғысатындығы туралы бұрыннан білетінмін. Жеңіске жеткен тайпа тұтқындарды осы жағалауға әкеліп аң сияқты бауыздап, етін жейтін шығар деп ойладым. Бір тұста жағылған оттың күлі жатыр, айналасы толған адамның сүйегі: бұл жабайылардың қанды тойларын тойлап, бас қосқан жері болуы мүмкін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий