Knigionline.co » Казахские книги » Робинзон Крузо

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо

Книга «Робинзон Крузо» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Главный герой – Робинзон Крузо попал на необитаемый остров, где вынужден восстанавливать свое существование, с нуля пройти путь человеческой цивилизации.
Он вынужден жить в одиночестве, что приводит к покаянию, Робинзон Крузо встает на путь Бога, окунаясь в причины беды, постигшей его. В его сердце поселилась вера, душа обрела покой, что помогает ему перенести все тягости, опасности, одиночество. Автор своего героя наделил острым умом, сильным характером, создал образ человека, являющегося примером для многих.

Робинзон Крузо - Даниэль Дефо читать онлайн бесплатно полную версию книги

Біраз уақыт жоспарым көз алдымнан кетпей тұрып алды: бойға әжептәуір желік кірді, қан қызды; жүрегім соғып, бейне бір безгек ауруы ұстаған адамдай қалшылдап, қатты қиналып әрең дегенде ұйқыға кеттім. Түсімде де осы жайларды көремін деп ойлаған едім, бірақ олай болмады: түсімнің менің уайым-қайғыма еш қатысы жоқ болып шықты. Түсімде күндегідей қорғанымнан шығып келе жатып жағалаудан жабайыларды көрдім: оны жағалай он бір жабайы отыр екен. Он екінші адам – олар құрбандыққа әкелген тұтқын екен. Бір кезде әлгі тұтқын атып тұрып, сытылып шығып, бар екпінімен қаша жөнелсін. Мен түсімнің ішінде ол қорғанымның жанындағы бауға жасырынып қалды деп ойлап жатырмын. Оның жалғыз екенін, соңында қуғыншысы жоқ екенін көрген мен, оған келіп жымиып, қашқанын мақұл көріп тұрмын, ол тізерлеп отырып, өзін құтқаруымды өтінеді. Мен оған баспалдағымды нұсқап, қоршаудан секіріп өт дедім, сосын өз үңгіріме бастап жүрдім, ол менің құлым болды. Өзіме бағынған адамды көріп: “Міне, мен енді құрлыққа аттана аламын. Енді ешнәрседен қорықпаймын. Бұл адам лоцман болады; маған не істеу керек, азықты қайдан алу керек екенін үйретеді және жабайыларға жем болып қалмау үшін, қай маңайларды айналып өту, қай бағытқа жүзу керек екенін айтады” деймін өзіме. Тәтті түстің әсерімен ұйқымнан ояндым, үміт отын жаққан тәтті түстің әсерінен айыға алар емеспін. Түсімде көргендерім өңімде болған сияқты, есімді жидым, тіпті мұның түс екеніне таң қалдым.

Дегенмен де көрген түсім маған аян берген сияқты: қапастан құтылу үшін мен аралыма аяқ басқан қандай да бір жабайыны ұстап алуым керек екен. Мүмкін болса, жабайылардың азық қылуға дайындаған бейшарасына араша болуым керек. Бірақ жоспарымды іске асыруға кедергі де жетерлік еді. Бір жабайыны құтқаруым үшін мен жыртқыштардың күллі тайпасына соғыс ашып, олардың бірін қалдырмай қырып салуға мәжбүр болады екенмін; аз ғана үмітке алданып, мұндай шешімге келуім шарасыздықтан, өз өмірімді құтқарып қалуға деген ниеттен болса да, қаншама адамның қанын мойныма жүктеймін деген ой менің жан-дүниемді маза бермеді. Жасырып керегі не, бұл жоспарымды құрған күннен бастап-ақ адам қаны төгіледі деген ой басыма келсе, денем түршігетін. Өз-өзімді ақтап та көрдім: бұлар менің қас жауларым, жабайылардың қолына түссем олар мені ойлануға да мұршамды келтірмейді; бұл – менің өлімнен де ауыр өмірден құтылуға әрекеттенуім – тура жабайылар маған бірінші боп шабуылдағандағыдай өзімді өзім қорғау актісі боп табылады десем де, қайталап айтайын, тек қан төгіледі деген ойдың өзі жанымды түршіктіріп өз шешіміме өзім көне алмай-ақ қойдым. Анталаған ауыр ой кірпік ілдірмей біраз күндерімді өткіздім, бірақ құтыламын деген бір ғана ой үміт сәулесін тұтатты. Қалай болғанда да бір жабайыны қолға түсіруім керек деп ойладым. Мен енді тек жоспарымды іске асырудың ғана жолын іздедім. Қалай ойласам да, жауабын таппадым. Ақыр аяғында әуелі жабайылар менің аралыма келсін, басқасын басқа түскенде көремін деп шештім.

Қара түнек ойлардан серпіліп, күнде олардың жолын қарауылдайтын болдым; бір жылдан аса уақыт еш нәтижесіз тек олардың жолдарын қарауылдаумен зерігіп те кеттім. Күнде аралдың оңтүстік және батыс жақ жиегіне жабайылар келіп қала ма, қайықтары қарауытпай ма деп көз жүгіртумен болдым, – ешнәрсе көрінбеді. Бұл жағдай мені қынжылтып қайғы-қамымды көбейте түсті. Басқа жағдайды білмеймін, бірақ бұл жолы мақсатқа жетпесем де үмітім үзілмеді, керісінше, бұрынғыдан да құлшына түсіп, өз ойымды қалай да іске асыруға ұмтылдым. Турасын айтсам, бұрын жабайылардың көзінен таса болу үшін өте сақ жүрсем, енді олармен бетпе-бет келгенше шыдамым жетпеді.

Жабайылардың тек біреуін ғана емес, екі-үшеуін қолыма түсіріп, маған дұшпандық ете алмайтындай халге душар қылып, айтқандарымды бұлжытпай орындайтын құлға айналдырамын деп қиялдадым. Сарсылтқан бірнеше апта сүреңсіз күндерге айналды, арманым орындалмады, жабайылар келмек түгілі, көзге де түспей қойды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий