Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Міне енді алыс-жұлыс, үміт-арман... бәрі-бәрі бітті, деді ол үнсіз күбірлеп. Кенет ғажайып бір ой ең ақырғы ақыл-сезімін шарпып өтті. — Қандай данышпан едің, байғұс қазақ?! Сенен басқа бірде-бір халық дүние шіркінге «жалған» деген ат қоймаған болар. Қалай тауып қойғансың. Қу дүние, шын жалған екенсің... Өттің де, кеттің ғой...

Барақ алабұртып қабындап кеткен жүрегін зорға басып:

— Өз қолыммен өлтірдім! Өз қолыммен қаныңды іштім! — деді айдалада масаттана дауыстап. — Енді арманым жоқ. Қолыммен істегенімді мойныммен көтеруге бармын.

Сонан кейін ол артына қарамастан, атына мініп, күншығыс жаққа қарай жорта жөнелді.

... Бір жылдан кейін Кіші жүздің ханы етіп, Елизавета Петровна Нұралыға указ берді.

Әбілқайыр өлгенде, оның артында көптеген ұлы-қызы, үрім-бұтақтары қалды. Олардың ішінен патша үкіметінен шен-шекпен киген правительдер де, жұртын ағарту жұмысына ат салысқан ғалымдар да шықты.

Әбілқайырдың өз аты да тарихтан орын алады. Бірақ ол хандық, жаугершілік, ерлік істерімен емес, сан қиындықтары, қайшылықтары болса да, түбі тарих өзі ақтаған, қазақ елінің Ұлы Россия қол астына кірсек деген ғасырлар бойы келе жатқан тілегін ресми түрде мемлекеттік саясат сатысына көтерген алғашқы ханы болып танылды.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

I

Қалампыр, миялы жұпар аңқыған көкорай шалғын белуардан келеді. Сырымбет тауының күнгей жағында қаз-қатар қонған кілең ақ боз үй алыстан ақ шағаладай боп көз тартады. Бұл — Абылай сұлтанның аулы. Сәл қашықтау тұстағы шағын қараша үйлер — төлеңгіт аулы. Төлеңгіт аулының да, сұлтан аулының да маңайы әбігер, қараң-құраң жұрт. Сойылып жатқан мал, көтерілген қазан. Жас иіс толы жаздың басы. Таңертеңгі мезгіл. Түс ауа үлкен той басталмақ. Қазір соған әзірленіп жатыр. Той Абылай сұлтан мен Қалден Цереннің қарындасы Хочадан туған тұңғышы Қасымның жетіге толып, сүндеттелуіне арналған. Абылай жоңғарлармен бір үлкен айқаста қолға түсіп, үш жыл қонтайшының Ташкенттегі сарайында тұтқында болған. Ақыры немере ағасы Әбілмәмбет хан мен Орынбор губернаторы Неплюевтің кірісуінің арқасында бір мың жеті жүз қырық үшінші жылы тұтқыннан босанған. Қалден Церен бұның орнына аманат етіп Әбілмәмбет ханның кіші баласы Әбілфейіз бен Барақ сұлтанның ортаншы ұлы Шағайды алып қалған. Қалден Церен Абылай сұлтанды құр босатпаған, түбі өзіме керек болар деп, оған сүйікті қарындасы, батыр Хочаны жар етіп қосқан. Әрине, жоңғар қонтайшысы өзінің бұл ісінде ел басқаратын адамға керек, Абылайдың батырлығын да, ақылдылығын да еске алған.

Абылай даңқы бұл кезде жер жаратын. Қарындасын берген қонтайшы қателескен жоқ еді. Өзі хан болмағанмен немере ағасы Әбілмәмбет ханнан Орта жүзге бұның қадірі кем түспейтін. Ел басқаратын ерекше қасиеттерінің арқасында оның даңқы үш жүзге бірдей тарай бастаған. Кім болса да Абылай пікірімен санасатын күйге жеткен. Қарындасын берген әккі қонтайшы қателесті: Абылай дегенін істемеді, өз саясатын жүргізді. Қандай жағдайда болса да қазақ жерін Жоңғардан босатуды ойлады. Бірақ атағы жер жарғанмен, Абылайға тікелей бағынған ел — Көкшетаудың жан-жағында сыңси қонған, өзіне жеті қызын беріп, жеті отау тіккен, Атығай, Қарауыл тәрізді Арғынның белді рулары ғана еді. Бұл әлі оның үш жүзге хан саналып, бетіне жан қаратпайтындай айбарлы кезі емес. Арғынның өр көкірек, долы мінезді кей рулары Абылайға тақа бас ие қоймаған шағы. Жетідегі сотқар ұлын сүндетке отырғызып, той істеудегі сұлтанның бір ойы, әзірге шет жайылып жүрген осы руларды өзіне тарту еді.

Ел билеу?

Ел билеу оңай тисе, халық тізгіні қолында болған адамның бәрі де ел аузында қалмас па еді? Қазақ тарихында жүздеген хан менен мыңдаған сұлтандар өтті. Солардың халық жадында қалғаны саусақпен санап аларлықтай. Хан тағына жету кейде оңай болғанмен, хан тағында отыру қиын. Өйткені оған тек қана күш емес, ақыл, айла, саясат керек. Бұл қасиеттер сандықтағы дүниең тәрізді, біреуде бар, біреуде жоқ...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий