Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абылай ел билеу ісінде Есім хан тәсіліне көңілін көбірек аударатын. Тікелей оның жолын ұстамағанмен, кей әдістерін өз ісінде қолданып отыратын. Бұған да себепкер болған бәз баяғы Бұқар жырау. Ол бір күні Есім ханның тарихын оған айтып берген:

— Хан тағдыры — халық тағдыры емес, — деген Бұқар жырау, — кейде жауымен тартысы бір болып, қан майданда бірге қаза тапса да жатар моласы бөлек. Тек тарихтағы азды-көпті ісі халық ойынан шықса, сондай ханды қазақ елі есінде қалдырған. Соның бірі Есім хан.

— Хаджири есебі бойынша бір мың сегізінші жылы, яғни біздіңше, бір мың алты жүзінші жылы, — деген Бұқар жырау Абылайға, — Тәуекел ханның орнына қазақ елі жиырма екі жасар Есімді хан көтерді.

Есім қазақ хандығының тағына отырысымен, ағасы Тәуекел мен Қияқ секілді Мауреннахр жерінде ұрыста қаза болған белгілі батыр, сұлтандардың пырағын Ташкент жерінен әкеп, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітінің түбіне жерлеткізді.

Оның бұл кездегі ең күрделі саясаты: Шығыс Түркістанда болып жатқан Моғол бектері мен Жағатай ұрпақтарының арасындағы жанжалдарға кірісуі еді. Өйткені дәл осы шақта Қытай айдаһары Шығыс Түркістанға қарай созыла жылжып келе жатқан. Бұл қазақ еліне зор қауіп туғызған. Сондықтан қытай мен қазақ хандығы ортасындағы елдердің қандай күйде екенін білу керек болды.

Ал Жетісу мен Шығыс Түркістанның біраз жеріне әмірлігін жүргізіп Әбдірашит хан өлгеннен кейін, балаларының арасында үлкен дау-жанжал басталған. Олар бұрын қазақ хандарымен одақтас саналған қырғыз елінің де кей тұсын өздеріне қаратуды ойлаған. Бұларға қырғыз руларының ала ауыздығы да өздерінің жерін, суын талан-тараж етуіне жол ашты.

Есімнің хан болған кезінде Әбдірашиттің ортаншы ұлы Әбдірахман Шалыш пен Тұрфанның билігін алған. Жетісу мен Шығыс Түркістанның қалған жері Әбдірашиттың өзге балаларының қолында қалған. Бірі Ақсуда хан болса, бірі Құсанды, бірі Құшты меңгерген. Қысқасы, Әбдірашит қайтыс болысымен оның ұрпақтары билікке, жерге таласып қырық пышақ боп бүкіл Моғолстанды талан-тараж еткен.

Есім шақырған хан кеңесінде қазақ елі Әбдірахманды қолдамақ болды. Әбдірахманның шешесі Жетісу бойындағы Үйсін қызы еді. Және Әбдірахманның да, өзіме жәрдем түбі осы жақтан келеді-ау деп, бір бүйірі қазақ еліне тартып тұрды. Есімге бұл мәселе жөнінде қырғыз манаптары да қосылды. Оған себеп, қырғыз еліне Жаркент, Ақсу, Қашқар хандарынан гөрі ертеден одақтас болып келген қазақ елі қолайлы еді. Тағы бір жағдай: осы тұста Жоңғар қонтайшысы күшейе бастаған. Ал олардың шапқыншылығынан құтылу саясатында қырғыз бен қазақ тілегі ұштасып жатқан-ды. Сан мәртебе екеуі бірігіп, Жоңғарларға тойтарыс та берген.

Есім Әбдірахманға жәрдем ретінде бес мың қазақ әскерін жіберуді ұйғарды. Ол бұл әскерді Тұяқ батырға басқартпақ болды.

Ертеңіне хан Тұяқты шақыртып алды. Тұяқ пен Есім екеуі де еңселі, зор денелі еді. Сарайға тәжім беріп кіріп келген батырға, хан:

— Жоғары шық! — деп қасындағы жастықты төрге қарай сырғытып тастады. Қарадан шыққан адамға ханның өз қолымен жастық тастауы зор құрмет. Тұяқ жайғасып отырғаннан кейін Есім оны неге шақырғанын айтып келіп:

— Жетісу мен Түркістан маңайындағы Ұлы жүздің бар руларын біз өз қолтығымыздың астына алуымыз керек, сол себептен Үйсіннің көп жұртын билеп отырған Әбдірахман ханға жәрдем беруді ұйғардым, — деп сөзін аяқтады.

— Хан ойы халық тілегінен шықса, оған не жетсін! — деді Тұяқ сабырлы үнмен. — Бәріміз де адамбыз ғой. Адам болған соң армансыз тіршілік ете алмайды екенсің. Бұйрығыңызды орындамастан бұрын, менің де бір арманым бар еді, егер рұқсат етсеңіз, соны айтайын...

— Айт, батырым.

— Үміт деген бір қайық. Ер жігітті жолы болса дүниенің қапасынан да, қайғысынан да алып шығады, менікі сол бір үміт қой. Тағдыры өзіңнің қолыңда...

— Тыңдайық, аяғына дейін айт...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий