Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол күні түнде «Жолымбет дарға асылсын» деген хан үкімі жарияланған-ды. Ертеңінде Қара алаңда дар дайындалды. Жолымбет секілді ел-жұртқа әйгілі батырды жазалап жатқанда қара бұқара наразылық көрсетіп жүрер деп сескенген хан, алаңды қоршай әскер қойды. Осы аласапыран күндердің алдында ғана Түркістанға Жиембет жырау келген. Болайын деп жатқан сұмдықты естіп, ол хан сарайына беттеді.

Ағасы Тәуекел ханның досы болған атақты жырауды көргенде, Есім амалсыз күлімсіреп қарсы жүрді.

—Армысың, жырауым! Жүрісің тым асығыс екен, ел-жұртың аман ба?

Жиембет жауап орнына толғай жөнелді.

«Әмірің қатты Есім хан,

Бүлік салып бұйырдың,

Басын бер деп батырдың,

Қанын ішіп қанбаққа,

Жанын отқа салмаққа.

Атадан жалғыз ол емес,

Хан ие, ісің жол емес,

Жолбарыстай Жолымбет

Құрбандыққа қол емес.

Жол тосып алып кетіпті,

Қалмақтан алмақ сыйыңды,

Қаһарыңды басқалы

Қалың елім жиылды.

Бастап келген өзге емес,

Жиембет сынды биіңді.

Малын салып алдыңа

Әр саладан құйылды.

Он екі ата Байұлы

Бір тәңірге сыйынды».

Жырау толғауының зілді толғау екенін түсінген Есім хан райынан тез қайтты.

— Жарқыным, ең алдымен амандасайық та! — деді.

Жиембет тізе бүкті.

— Бұл айып бізден, арсың ба, хан ием!

— Барсың ба, Жиембет жырау? Сен келгенде қимайтын қиындық бар ма? Бір ауыз толғауың үшін қидым Жолымбет батырдың күнәсін. Босатындар батырды!

Есік алдында тұрған дәйекші үйден ата жөнелді.

— Бір тілегімді орындадың, хан ием, — деді Жиембет басын иіп. — Бізді риза еткенің, бүкіл халықты риза еткенің!

Есім ханның да ойлағаны осы еді.

Жолымбеттен айрылған Есім, енді Әбдірахманға жәрдем беруге қалың қолмен өзі аттанды.

Ол бұл өңірде Әбдірахман хандығы қырғыз елімен одақтасып, Ақсу, Жаркент, Ош секілді шаһарларды Әбдірашиттің өзге балаларынан тартып алмақ боп сан мәртебе жорыққа шықты. Тарбағатай тауын бөктерлей құлаған Батур қонтайшы басқарған жоңғар қолдарымен де алысты. Ақырында аз уақытқа болса да Жоңғар шапқынын тоқтатты. Есім дәкпіріне шыдай алмаған жоңғар әскері Жетісуды жаулап алудан бас тартты. Бұдан басқа оның тағы бір жеңісі — қырғыз елімен бауырласа білді. Ташкент тартысында өзімен достасқан қырғыз манабы Көкеменге арнап Ташкентте «Көкеменнің көк күмбезі» атты салтанатты мешіт салдырды. Және Шалыш пен Тұрфанның ханы Әбдірахманмен достық, жекжаттық одағын мықтап бекітті. Бұл достық Әбдірахман өлгенше сақталды.

— Есім жетпіске дейін өмір сүрді, — деген Бұқар жырау. — Әрине, ол ел билеу ісінде тегеуірінді, кәрлі әрекеттерді де көп қолданды. Әйтпесе Жиембет жырау оны босқа «Әмірің қатты Есім хан» демесе керек-ті. Бірақ ол керек жерінде батырларының да сөзін тыңдап отырған.

Сөзінің аяғында жырау:

— Саған берер тағы бір ақылым, — деген Абылайға. — Замана түлкі, адам қыран... Бөктерде бүркітті көрген түлкі, етекке түсіп, жауымен кең жерде айқасудан тайсалса, сол бөктердегі өзі түстес бір қызғылт тастың қия бетіне құйрығын шаншып тұрып қалады. Қыран ондай түлкіні көруі керек. Ел билігі қолыңа тиген екен, көреген бол. Ақылың мен айлаң қатар жүрсін.

Абылай Бұқар жыраудың осы сөздерін жадына мықтап тұтты. Басына қауіп-қатер туған сан қатерлі күндерде де ол қара басынан гөрі, өзі таңдаған жолын жоғары ұстады. Сол табандылық оны алыстағы армандарына да жеткізді.

Абылай қазір қырықтан жаңа асып бара жатыр. Ол сұңғақ бойлы, ат жақты, қара сұр, түсі суық адам. Үлкен, ойлы сұрғылт көздері кісіге қарағанда өңмеңнен өткендей ызғарлы...

Күн ұясынан жаңа шығып келе жатқан мезгіл... Дүние жүзі сонау алтын күннің нұрына шомыла жайнап, гауһар тастай құлпырады.

Абылай бұлғын жағалы қара мақпал шапанын иығына бос жауып, ақ ордадан шықты. Қолына жез құман ұстаған, иығына шетін кестелеген хиуа сүлгісін жапқан бала жігіт сұлтанның өзіне қарай жақындауын күтіп, анадай жерде үн-түнсіз тұр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий