Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл хабар елге жеткен соң Арғынға жататын Қуандық, Сүйіндік, Бөгендік, Шегендік, Қаракесек — Балтақожа, Шұбыртпалы, Қаржас тегіс атқа қонған. Әскер саны үш мыңдай адам.

Ат басы Абылай сұлтанның аулына қарай бұрылысымен-ақ, бұған жолай төре тұқымынан қиянат көрген басқа рулардың кедей топтары да қосыла берген. Ақыры бес мыңға жуық қол Ботақанның құнын жоқтап, алдында кім тұрса да быт-шыт етуге дайын долы күшке айналған. Арғынның ұлы биі қаз дауысты Қазыбек осы кезде жетпіс жетіге кеп, төсек тартып жатқандықтан, бұл топты Абылайдың басқа да астамшылық, қиянаттарын көріп әзер шыдап жүрген Бекболат басқарып келе жатыр еді.

Бекболаттың өзіне өш екенін білетін Абылай, ауыл сыртына шыққан соң, жиналған жігіттерін жіті шолып өтті. Бар болғаны үш жүздей ғана сойыл екен. Мұндай аз күшпен ашуға мініп тасыған өзендей ереуілдеп келе жатқан қара қазаққа төтеп бере алмайтынын Абылай бірден ұқты. Рас, Абылайдың жігіттері сан айқаста болған, біреуі жүзге татитын, мүйізі шаңырақтай кілең марқасқалар, сөйтсе де сұлтан бос қан төгіске барғысы келмеді. Кенет барлаушы жігітке бұрылып:

— Келе жатқандардың ішінде кімдер бар екен? — деп сұрады.

Барлаушы кімнің барын айтуға аузы бармағандай күмілжіп қалды.

— Айта бер, кімдер бар?

— Айдабол Олжабай батыр да бар... Жанында бала жырау Көтеш...

Абылай басын көтеріп алды. «Әділет сүйгіш Олжабайдың өзі ереуілшілерге қосылса, бұл тегін аттаныс болмады». О кезде жыраудың батыр болуы, батырдың жырау болуы таңқаларлық іс емес. Арғынның бір тармағы Қаржас руынан шыққан Олжабай әрі батыр, әрі жырау еді. Қырыққа жасы келіп қалса да, қай өнерінің басым екенін өзі де білмейтін. Жиырмасынан бастап батырлығы Орта жүзге әйгілі бола бастаған. Олжабай қатыспаған қазақ пен жоңғар арасында бірде-бір белгілі ұрыс өтпеген шығар. Со кезде қазақ жерінде айтылып жүрген қисса, дастаннан Олжабай білмейтін біреуі де жоқ еді. Әлдеқалай ол бәлен ауылда өзіне таныс емес дастан не жыр бар дегенді естісе, қанша алыс жер болса да оған аттың терін аямайтын... Естіген бір сөзін ұмытпайтын. Сондықтан да болуы керек. Олжабай жырлағанда фарсы, араб, тіпті, кейде орыс тілінің де жеке сөздері кездесіп отыратын. Осы Олжабай сан мәртебе домбырасын қолға алып, өзі дастан шығаруды да ойлады. Бірақ бірде-бір реті келмей-ақ қойды. Ол домбырасын ұстаса болғаны, дәл сол сәтте «ел шетіне жау келіп қалды!» деген жаршы айқайы естілетін. Жырау домбырасын тастай беріп, енді қолына найзасын алатын. Осылайша ол Абылаймен бірге сан мәртебе жоңғарларға қарсы жорыққа аттанған. Жас Абылай қолға түсер жолы, жоңғардың үш ноянын өлтіріп, Олжабайдың өзі әзер құтылған...

Олжабай енді жорықты тастап, қолына домбыра ап, ел қыдырып, халқының мұң-зарын жырлауды қаншалық арман етсе де, жаугершілік заман мұрша бермеді. Әзірге бар қолынан келгені, өзі секілді ән мен күйді аңсаған, бірақ қолы оған жетпей жүрген, жас дарындарға жәрдем беру ғана. Ондай жасты құр қасына ғана ертіп жүрмей, атсызына ат берді, үйсізіне үй берді. Осындай жастың бірі ата-анасынан жетім қалған он жеті жасар Көтеш ақын еді. Олжабай оны өзіне серік етті. Өзі жете алмаған өнер қиясына Көтештің жетуін тіледі.

Осы ақ жүрек, ескі досы Олжабай енді, міне, Абылайдың қанын ішуге аттанған топпен бірге келе жатыр.

Жоқ, бұл жай ереуіл емес, халық наразылығы әбден шегіне жеткен қанды ереуіл.

Абылайдың кенет ешкімнің ойына келмеген оқыс шешім алуына осы жағдай себеп болды.

— Келе жатқан Арғын ереуілшілеріне қарсы шықпай-ақ, бой тасалай тұрайық, — деді ол.

— Сонда біз қайтеміз? — деп ауылда қалатын қатын-қалаш, кәрі-құртаңдар шу етті. — Бекболат жігіттерін біз қалай тоқтатамыз?

— Арғын жігіттерін тойға дайындалған тағамдармен жақсылап қарсы алыңдар! Иілген басты ешкім де шаппайды, — деді сұлтан.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий