Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әрине, Абылай баласының сүндетке отыруын сылтау етіп, бұл жиынға өзінің үзеңгілес сенімді батырларын түгел-ақ шақырған. Оған себеп Әбілмәмбет ханмен арасы алшақтап кеткен Жоңғар қонтайшысы қазақ жерін тағы шаппақ боп, қалың қол жинауда деген хабар алған.

— Жарандар, — деді Абылай, қонақтары отырып болғаннан кейін байсалды үнмен, — менің қайын ағам Қалден Церен қазақ елін қайта шаппаққа Ертістің арғы бетіне жиырма бес мың әскер дайындап отыр...

Үйдегі жұрт тегіс елең етті. Кеңеске шақырылған кісілердің жас мөлшері, дәрежелері де әр түрлі еді. Бәрінің де денелерінің үстінен сұп-суық боп жылан жорғалап өткендей жан түршігер бір сезім билеп кетті. «Ақтабан шұбырындының» қанды уақиғасын әлі ешқайсысы да ұмытқан жоқ-ты. Тек о жолы жоңғар әскері қазақ даласының күнгей жағын шапса, енді міне Орта жүздің негізгі қонысы Сарыарқаның шетіне кегі тұр.

Канси өлгеннен кейін таққа отырғанына он сегіз жыл толған қытай боғдыханы Цзянь-Лун Жоңғарға деген қытай саясатын әлі де өзгертпеген. Солтүстік пен күнбатысқа қарай сырғытып, шұрайлы жерлерін басып алумен болған. Қарсы келген ойрат жасақтарын, басым күшпен, бірін қалдырмай қырып отырған. Ол күндегі Қытай әскері көшпелі ел — Жоңғар хандығының әскерінен, соғыс өнері тұрғысынан қарағанда, анағұрлым күшті еді.

Россия империясының қол астына кірген Орта жүздің жеріне Қалден Церен шабуылға шығуды ойласымен-ақ, Жоңғардың қанқұмар нояндарына Цзинь-Лун қолдан келер жәрдемін аямаған. Қару-жарағын да, азық-түлігін де берді. Аузынан жырып, күрішіне дейін төкті.

Әрине, мұндайда боғдыхан өзінің алтынын да аяған жоқ. Жоңғардың қанды қол түмендерін қалаған жағына жұмсай білетін нояндардың көбін алтынымен сатып алған. Сол себепті де жоңғар әскері орыс бекіністерімен қатар жатқан Орта жүз жеріне қарай бет бұрған.

Жоңғар қонтайшысының осылай дайындалып жатқанын, Ертістің бергі жағын жайлаған Уақ — Керей тайпасының батырлары да айтып келді. Қалден Цереннің енді тек ыңғайлы кезді күтіп отырғаны мәлім болды. Әрине, Қалден Церен Орта жүзге Әбілмәмбеттен гөрі Абылай ықпалының күшті екенін біледі. Егер шу дегеннен қазақ әскерінің күйрей бастағанын көрсе, Абылай амалсыз менің жағыма шығады деп ойлады ол. Абылайдың Жоңғар жағына шығуы — жеңіспен тең. Егер Орта жүз Жоңғар жағына шықса орыс қалаларының іргесі ашылады. Қытай саясатшыларының да көздегені осы.

Абылай бұл мәжіліске досын да, қасын да шақырып отыр. Әсіресе Жоңғармен көршілес рулардың әйгілі адамдары тегіс хабарланған. Әттең, Батыр Баян келмей жатыр. Сұлтанды азырақ ренжіткен осы.

Абылай жаңа ғана бастаған сөзін енді жалғай берем дегенде, сырттан дабырласқан дауыстар шықты.

— Бұқар жырау келді!

— Ұлы жырау аттан түсіп жатыр!

— Арқаның ардагерін қарсы алайық!

— Қош келіпсіз, Арғынның майталманы!

Сөйткенше болған жоқ, бір топ адаммен ордаға Бұқар жыраудың өзі де кіріп келді.

Бұл ұзын бойлы, қапсағай денелі, ат жақты, шоқша сақалды, қошқар тұмсық, еңселі кісі еді. Руы Баянауыл төңірегін жайлаған Алтынторы — Қаржас. Әкесі Қалқаман батыр шешен кісі болған. Алпыс жасында халқының тәуелсіздігін қорғаған Бөгенбай, Қабанбай секілді батырлардың ерлігін көп жырлаған әйгілі жырау. Бұл кезде халық «көмекей әулие» деп атап кеткен.

Мәжілісте келелі мәселе сөз болғалы тұрған соң, Бұқар жырауды Абылай әдейі шақырған.

Бұқар кіріп келгенде, Абылай өзі түрегеліп, оң жағынан орын берді. Жырау бір қарағаннан-ақ үйде көптен бері бастары қосылмай жүрген адамдардың жиналғанын байқап, жүзі жадырап сала берді.

— Арсыңдар ма, жарқындарым?

— Барсың ба, Арғынның ақиығы!

— Бармын, арысым... Сен той жасағалы жатыр деген соң, ой салғалы шығып едім. Бұрын Баян мен Көкшенің арасы жақын-ақ еді...

— Енді алыстап кетіп пе, Бұқар аға?

— Жоқ, жақын. Бірақ жақын болса да алыс. Ортаңа салған орыс бекіністерін орағыта жүремін деп кешеуілдеп қалдым. Ат-тон айыбым бар. Жырымды аласың ба, әлде шерімді аласың ба?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий