Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Абылай не айтар екен?» деп үйде отырғандар тына қалды. Бірақ осы жұртты басқарып отырған Абылай өз ойын аша алар ма екен? Ел құлағы елу, аузынан шыққан сөз ертең жіпке тізілгендей боп теп-тегіс Орынборға, Тобылға, тіпті Қалден Церен отырған Ташкентке де ізін суытпай жетеді. Ол сөзді сәл кешігіңкіреп боғдыхан да естиді. Әйткенмен, жауап бермей құтыла алмасын білген сұлтан, енді Бұқар жырауға қарай отырып сөйледі:

— Ант-су іштің дейсің, ұлы жырау. Осындай антты «Жоңғарға қарсы қол көтермеймін» деп, тұтқыннан босанар алдында қайын ағам Қалден Церен қонтайшыға да бергем.. Ал бүгін оның әскерін өзінен бұрын шаппақшы болып отырмын. Өйткені мен шаппасам ол шабады. Сонда қазаққа менің ант-суымнан қандай пайда?

— Жөн делік... Ал батысың қалай?

Абылай басын шайқады:

— Орыс елі Жоңғар хандығы емес қой.

— Шүршіт елі де оңай емес. Бізге бәрінің де күші жетеді.

— Сол себептен де даламызға бекініс салдырып жатқан жоқпыз ба? Россияға сүйенбей, шүршіттерге төтеп бере алмаймыз. Шүршіттердің ойын қонтайшының өзі айтқан. Олардан енді Жоңғардың өзі құтыла алмай отыр.

— Шүршіт боғдыханы да біздің жерімізге бекініс салам десе қайтесің, — деді Бұқар жырау.

— Онда соғысамыз. .Өйткені шүршіт біздің ішімізге кіріп, орыс патшасындай бекініс салар болса, — деді Абылай, қазақ атаулысы құл болар еді.

Үй іші тағы тына қалды. Қытай боғдыхандарының жауыздығы қазақ еліне ежелден таныс. Өрт алған жерде жуырда шөп шықпайтын, Қытай жауынгері өткен жақта тірі жан қалмайтұғын. Талай уақ халықты жұтып жібергенде Қытай боғдыхандарының тамағы аждаһаның тамағындай жалмауыз кең келетін.

— Бұқар аға, жалғыз жолаушыға топ қасқыр шапса, жолаушы ең алдымен қайсысына қылышын сермейді? — деп сұрады Абылай.

— Әрине, ең таяу қалғанына, сұлтан.

Бұқар жырау бұл жұмбақ адамның кім екенін енді түсінгендей Абылайға ойлана қарады. Қазақ елін қан қақсатқан алдымен Қалден Церенді жеңбек. Өзге жауларын содан кейін барып ойланбақ...

Абылай кенет жанында тұрған қоржынынан бұзау терісіне салынған картаны алды.

— Міне, — мына жерде Қалден Цереннің әскері тұр, — деді, — бір күні болмаса бір күні олар Ертістен бері өтеді. Сол уақытта үш жүздің әскері, міне, мына тұстан кеп үш жағынан қоршайды. Көрсін сонда Қалден Церен осы қақпаннан құтылып! Даян ханнан бері жоңғарлар үнемі біздің көк желкемізден шығып келген. Ал бұл жолы олардың көк желкесінен біз шығамыз.

— Ертіс жағасына келіп, Кіші жүздің батырлары соғысқа қатынасады дегенге сенгім келмейді, — деді Бәсентиін батыры Сырымбет.

— Неге? — деп елең ете қалды төртбақ келген, Тарақты батыры Байғозы. — Орта жүздің батырлары сонау Еділ қалмақтарымен ұрсысып жүрген жоқ па...

— Кімің бар ол жақта ұрсысып жүрген?..

— Жетім сары Шақшақ батыры Жәнібек ше?

— Ойдөйт дегенің! — деді екі иығына екі кісі мінгендей жалпақ жаурын, алшақ кеуде Сырымбет. — Жәнібек қалмақтармен ұрысса — өзінің қайын ағасы Әбілқайырдың жоғын жоқтап отыр. Қала берді Жетім сары Шақшақтың қонысы хан аулымен аралас-құралас, Ырғыз бен Торғай өзендерінің өңірінде отырған жоқ па? Жәнібектің аулы деген құр аты... Әбілқайырмен жері де бір, суы да бір...

Абылай ұнатпаған рай байқатты: «Міне, үнемі осылай. Біздің жеріміз Ертіс, сенің жерің Жайық деп, бар қазақ быж-тыж боп бөлініп шыға келеді. Жоқ, мұндай жұртпен жауды жеңу қиын, ең алдымен өз еліңнің басын қосып ал. Сосын барып жауыңа тиіс. Сонда оның басын қалай қосу керек? Қотанына қасқыр тимей ел ұйқысынан оянбайды. Қазіргі қазақ елі сондай. Қотанына тигелі тұрған қасқыр — тағы Қалден Церен. Сен осыны пайдалан, бастарын біріктіре бер. Майданға бірігіп шықса, артынан ыдырауы қиынға түседі... Елің бірікпей жауды жеңем деп үміттенбе...»

Кенет жұрт назарын аударып, үйге Ертістің арғы бетіне жіберілген барлаушылар кіріп келді. Олардың айтуы бойынша, Ертістің арғы жағындағы Жоңғар ұлыстарына әлі Қалден Церен әскері келмеген көрінеді. Әркім әр түрлі жорамалдайды деді барлаушылар.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий