Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Хан тағында отырған қайнымнан еш жақсылық күтпеймін, — деді Ақторғын нағашы ағасына бар жайды айтып болып, — мен елге қайтуым керек. Сенің жігіттерің қалада тұрғанда тез қашқаным жөн. Тұяқпен дос-жар секілді едің, хан соңымнан қуғын жіберіп әбігер болып жатқанда, оны зынданнан құтқара көр, нағашы аға. Айыбымызды Ноғайлы елі өзі айтсын...

Намысқор Жолымбет батыр жиенінің сөзін мақұлдады. «Ақторғынды берсе, Ақ Орданың шаңырағын сыйлап Тәуекелге берген Кіші жүз, Есімге ойыншық еткізбейді. Төркін елімен ақылдаспай, бұл қай қорлағаны! Ал Тұяқ батырға келсек, жиеннің бұл тілегін де орындауға болар, — деді Жолымбет батыр, — жиен қарындасын құтқаруға көнгенде оның көңіл қосқан жігітін зынданнан шығарудан неге қашсын. Тұяқ батыр бір елдің ардагері. Кеше Бұхарға аттану керек пе, керек емес пе деген сұрақ туғанда, жұрт ханның сөзін емес, осы Қияқ пен Тұяқтың сөзін тыңдаған жоқ па еді? Егер Тұяқты құтқарса, қара халықтың алғысын алады».

Жолымбет батыр осылай ойлады.

Тұяқ сол қара алаңдағы қара зынданда отыр. Анда-санда қозғалып қалса, шынжырлары шылдырлайды. Шыңырау үстіндегі болмашы тесіктен сонау көгілдір аспан көгінде оқта-текте ұшып бара жатқан құстар ғана көрінеді. Тек өткен күндер қиялдары ғана жан серігі.

Тұяқ жүрегінде Ақторғынға деген от сонау алғашқы кездескен күннен-ақ жанған. Осы оттың да зардабы болуы керек, Ташкент түбіндегі ұрыста ол Ақторғынға арналған талай өткір найза ұшына өз кеудесін тосты. Ақторғынға төнген сан жауды шойын басты келте шоқпарымен жайратты.

Түркістанға келгеннен кейін, Тәуекелдің қырқын бергенше Тұяқ Ақторғынды көрген емес. Одан кейін де сирек кездесіп жүрді. Онда да жұрт көзінше ғана. Осы кезде бір-ақ рет Ақторғынды өз қолымен атқа отырғызды. Соның ертеңіне дәйекші бала келіп:

— Ханым сізді шақырып жатыр! — деді.

Тұяқ баланың соңынан ерді. Бұны сарай есігінің алдында қарсы алған Ақторғын:

— Батыр, бір күннің ішінде асауымды үйретіп бере аласың ба? — деп сұрады.

— Жарайды, — деді Тұяқ қуанғаннан жүрегі жарыла жаздап.

«Патша әйел сүйген жігітін ең алдымен асау жылқысын үйреткізіп сынайды екен» деген бір аңызды Тұяқ жас кезінде естігені бар. Ханымның бетіне қарады. Жаудыраған көзінен өзіне деген бір өзгеше сезімді байқады. Ақторғын бұған асау атын емес, асау жүрегін сынатқалы тұрғандай көрінді.

Ақторғынның үйрет деген асауы төркіні — Жағалбайлы елі жіберген, құрық көрмеген жеті жасар тағы жылқы боп шықты. Төрт жігіт арқандап әзер ұстап тұрған асаудың үстіне Тұяқ секіріп мінді. Асау құйындата құба жонға ала жөнелді. Күн батып бара жатқан кезде қара терге малынған, әбден жуасыған асауды батыр Ақторғынның босағасына әкеп байлаған.

— Мың жасаңыз, батырым, — деді жесір, көзі баяғысындай тағы ұшқын атып.

Сол күні ел жатардың алдында Тұяқтың шатырына дәйекші әйелдің бірі келді. Батыр әйелдің соңынан ерді. Сарай есігінің алдында Ақторғынның өзі күтіп түр екен. Үйге кіріп, оңаша қалғаннан кейін ол:

— Батыр, асауымды мініп көрдім, тамаша етіп үйретіпсің, ақысына не берейін? — деді даусы дірілдеп.

Тілі күрмелген адамдай Тұяқ ештеңе айта алмай тұрып қалды. Қуаныштан жүрегі лүпілдеп, демін әзер алды.

— Жарайды, ақысы үшін... өзім сүйейін, — деді күліп Ақторғын.

Қуаныштан есін жия алмай тұрған батырдың қасына келді. Аяғының ұшымен созылып көріп еді, ерні тек Тұяқтың кеуде тұсына ғана жетті.

— Түу... бойым жетпеді ғой, — деді ол еркелене, — көтерсейші өзің.

Тұяқ бақандай қолымен Ақторғынды тік көтеріп, жас баладай алдына алды.

Жесір әйелдің жұп-жұмыр аппақ білегі мойнын орай түсті. Дүние шыр көбелек айналып кетті. Тек жүрегінің жан тамыры лүпілдей соғып, қуанышқа сыймай тұрған Ақторғын нұрға малынған ақ жүзін Тұяқтың кезерген тастай қатты ерніне таяй берді.

Таң қараңғысы кезінде Тұяқ батыр Ақторғынның сарайынан шықты. Ханымның ақ сазандай аппақ денесі құшағында тұрғандай екі қолымен әлденені әлдилей күлімсіреді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий