Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жансыз жіберілген ертөлелері арқылы Абылай өзіне қарсы тұрған қайын ағасы Қалден Церен өліп, енді Жоңғар қонтайшысы болған Цеван-Доржи екенін білді. Абылайдың бұл әміршіге ерекше өштігі бар. Қалден Цереннен қазақ жеріне Ертіс жағынан тиюді талап еткен де — осы Чорас руымен көңілдес Цеван-Доржи. Абылай Қалден Цереннің қолына түскенде, оған өлім жазасын сұраған да — осы Цеван-Доржи. Барақ пен Әбілқайырдың өштесуіне себепкердің бірі болған да — осы Цеван-Доржи. Ал кейін Әбілқайырды өлтірген Барақты қазақтарға бермей қалып, бірақ түбі өз елі жағына шығып кетуі ықтимал деген қауіппен өткен жылы, яғни бір мың жеті жүз елу екінші жылы, у беріп өлтірткен де осы Цеван-Доржи. Рас, Барақтың өлуімен байланысты, Абылайдың алдында бақ таластырып кесе-көлденең тұрар ешкім қалмады. Сол күннен бастап Абылай Орта жүздің бірден-бір билеушісі деп саналды. Ұлы жүздің біраз рулары да бұның жағына шықты. Бірақ соған қарамастан Цеван-Доржи Абылайдың тісі көптен қайраулы еді. Ана бір жылы Әбілмәмбет хан Қалден Церен бітімге келіп, баласы Әбілфейізді аманатқа Ташкенттегі қонтайшы Ордасына қалдырғанда, уәде бойынша қазақ еліне қайтаратын Түркістан мен Сыр маңындағы отыз қаланы бергізбегендердің бірі — осы Цеван-Доржи. Егер сондағы бітім іске асқан болса, бүгінгі қан төгілмес пе еді, қайтер еді. Цеван-Доржидің күткенінің өзі осы майдан болса, сол майданды бүгін Абылай ашпақ!

Ұрыс сәрсенбі күні таң ата басталды. Абылай да, Цеван-Доржи да елшілер арқылы уәделескен мезгілдерінде өз әскерлеріне «аттан» деп бұйрық берді. Көлденеңі он шақырымдай жазық далада қан төгіс қырғын тез-ақ қызып кетті. Жер дүбірлете шапқан аттар, таңғы мөлдір ауаны қақ жара ысылдай атылған садақ оғы, шиті мылтық шаңқылы, гүрсілдеген зеңбіректер. Біріне бірі қарама-қарсы сермелген қисық қылыш, бүкір алдаспандар, соғылған сойыл, батырлардың болат денесіне қырш-қырш кірген көк найзалар. Оқ тиіп, жан ұшыра кісінеген жылқы, жан тапсыра алмай ыңыранған жаралы жауынгерлер. Түс болмай-ақ майдан даласы қан сасыды. Аяғыңды басқан сайын аттан құлап жатқан адам денелері көрінеді.

Алып майданның екі жақ шетіндегі Сырымбет пен Батыр Баян бастаған қазақ әскері қиын да болса алға қарай жылжып бара жатқаны сезіледі. Тек екі жақтың екі бас қолбасшысы тұрған майданның орта шебі мызғыған жоқ. Тағы:

— Аттан! Аттан! — деген ұран шықты.

Сол сағатта-ақ Сеңгірбай, Сағымбай, Қанай бастаған сұлтанның мың жігіті зеңбірек оғы жетпейтін қалың жыңғылды сайдан шыға сала Цеван-Доржидың тұрған төбесіне қарай лап қойған. Бірақ бір шақырымдай шапқан кезде кенет гүрсілдей жөнелген зеңбіректерден жауған жойқын оқтар дәл аттарының маңдай алдынан кеп гүрс-гүрс жарылған. Алдыңғы шептегі жүз қаралы ер жүрек жігіттер ат-матымен омақаса жер қауып, заматта арттарында келе жатқан жауынгерлерге бөгет болды. Көп салт аттылар алдындағы аттар мен адамдардың өліктерінің үстіне кеп құлады. Осы кезде зеңбіректер қайта гүрсілдеген. Амал жоқ, лапылдап келе жатқан қалың қол еріксіз кейін шегінді. Абылай бұйрығымен жігіттер тағы шапқан. Бұл жолы да жүзге таяуы қаза тауып, қалғаны кейін серпілді. Зеңбіректі Цеван-Доржиды бұлай ала алмайтынын білген Абылай, енді шабуыл шебін басқаша құрды. Зеңбіректерге тікелей шаппай, оны ат тағасындай қоршап, жан-жағынан анталауды бұйырды. Бірақ үш рет шабуылға шығып, ең батыр деген үш жүзге тарта ер жігіттерінен айрылған әскер не істерін білмей, тағы дағдарып қалды.

Бұған Абылай:

— Япырмай, осыншама, қазақтан жауға шабар бір еркек кіндікті тумаған ба? — деді қатты дауыстап. — Қайсың барсың?

Осы кезде топ ішінен «Абылай!» деген дауыс шықты.

Бұл ұран салған Абылайдың он жеті жасар баласы Жанай еді. Ол тебініп қап, зеңбіректерге қарай атой салды. Бірақ бұдан бұрын гүрсілдеген тажалдардан әбден үркіп қалған астындағы басы қатты кертөбел, бала жігітті жау шебіне емес, бір бүйірдегі жиде тоғайына қарай ала жөнелді. Жұрт тағы тына қалды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий