Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ал осы жолы Абылай Арқаның бар әйгілі батырларын ертіп, Іленің жоғарғы жағынан баса-көктеп кірген қытай әскеріне қарсы жорыққа аттанғанда, жолай ол «Абылай асуының» үстіне түнеген. Таңертең өзгелерден ерте тұрып, әскерін аралап келе жатып, ақ бураның Іленің оңтүстік бойына емес, солтүстікке қарап шөгіп жатқанын көрді.

Абылай енді жолым болмайды екен деп кейін қайтуды да ойлады, бірақ қаптап келе жатқан қытай әскері егер алдынан қарсылық көрмесе, қазақ жерін басып алар деп қауіптеніп, «не болса да нартәуекел!» деп, келе жатқан бетінен таймаған. Үш күннен бергі ұрыста Фу Де әскерін бірнеше рет тойтарып кейін ығыстырғанмен де, жүрегінің күпті болып, өз ісіне өзі сенбей әлсін-әлсін қауіптене беруі де сол ақ бураның теріс бұрылып жатуынан еді.

Әйтсе де үш күннен бері Фу Дені бет бақтырмай тұрған Абылай, Чжао Хой жетпей тұрып тағы бір қимылдайын деп, өз әскеріне кезекті бұйрығын берді.

— Батыр Баян қолын қазір кейін шегіндіріп, Іленің оң жағасындағы анау жиде тоғайына барсын, Чжао Хой атты әскері бізге қарсы аттанса, бір бүйірінен тисін. Ал Сырымбет батыр жауынгерлерін мына қырқаның арғы бетінде тасада ұстасын!

Абылайдың бұйрығын алысыменен қазақ жауынгерлері Іленің тұманды шатқалдары жұтқандай, өзен бойындағы жиде, тал, қамысты қойнауларға кіріп көзден ғайып болды. Тек тебе бастарында барлаушылар ғана қалды. Олар қытай әскерлерінің дабылдарын ұрып, жаңа шабуылға дайындала бастағанын естіп жатты...

... Иә, қазір қазақ жеріне жоңғар жасақтары емес, қытайдың көк темірмен құрсанған қалың әскері келе жатыр. Қытай империясын жер шарының кіндігі деп санайтын, аспан баласы — боғдыхандар шекара деген ұғымды тіпті білмейтін. Қытай жауынгері жеткен жердің бөрі қытайдікі деп ойлайтын. Сол себептен де қытай боғдыханы қазақ деген көшпелі елді өзінің дегеніне біржола көндірмек боп, тоқсан мың әскерінің бетін қазақ даласына қарай бұрған.

Осының алдында ғана ұлы Жоңғар трагедиясы аяқталған. Көршілес жоңғар мен қазақты біріне-бірін айдап салып келген Қытай мен Манчжурия билеушілері енді өздеріне аянбай қимылдайтын мезгіл туды деп шешкен. Қазақ пен жоңғар бірін-бірі әбден қансыратып болды деп ойлаған. Тек енді оларға жаралы қос жолбарысты ұрып алу ғана қалған. Және тезірек ұрып алғысы да келген. Өйткені, өзінің ішкі бүліншілігін жоя алмай жатқан Россия Орталық Азияның істеріне тікелей кірісуге әлі де дайын емес еді.

Бір мың жеті жүз қырық бесінші жылы Қалден Церен өлді. Ұлы қонтайшы өлісімен оның балаларының арасында таққа таласу басталды. Бұл таласты жеңіп бір мың жеті жүз қырық жетінші жылы таққа Қалден Цереннің ортаншы ұлы, нағашылары Чорас ақ сүйектеріне арқа сүйеген Цеван-Доржи сайланды. Бір мың жеті жүз елу үшінші жылдың аяғында оны өзінің туған ағасы Ламо Доржи өлтірді. Осы жылдан бастап Жоңғар мемлекетінің іші қым-ғуыт таласқа айналды. Қонтайшы тағына енді Қалден Цереннің немересі Амурасана мен Ламо Доржи қырылысты. Бұл таласты, әсіресе, Абылай жақсы пайдалана білді. Ол кейде шешесі қазақ Амурасананың қолтығына су бүркіп, кейде Ламо Доржиға аздаған атты әскер беріп, қазақ еліне әбден тізесі батқан Жоңғар мемлекетін біржола әлсіретуді көздеді. Ақырында қытай боғдыханының көмегімен Жоңғар қонтайшысы Амурасана болды. Бірақ бұл кезде Жоңғар империясының тағдыры шешіліп те қалған-ды.

Қытай әбден жаулап алып, алтын таққа өзінің Цинь династиясын отырғызған Манчжурия феодалдары қытай боғдыхандарының басқыншылық саясатын қайтадан жандандырды. Қытай мен Жоңғар арасындағы әдеттегі бір қантөгіс жанжалды сылтау етіп, Фу Де мен Чжао Хой генералдар басқарған қытайдың тоқсан мың әскері Жоңғар жеріне баса-көктеп кірді. Бұл жолғы қытай-манчжур әскерінің жорығы әдеттегі ұрысқа ұқсамады. Екі айдың ішінде қытай императоры Цзинь Лун жіберген тоқсан мың әскер өзінен үш есе кем және бөлшектенген жоңғар жасақтарының күл-талқанын шығарды. Бір миллиондай халқын қырды. Сөйтіп бір кездегі күшті көшпелі мемлекет біржолата құрыды. Амурасана бас сауғалап қазақ жеріне қашты...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий