Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абылай өз серіктерімен шатырына қайтты. Қазақ қолдарының тоқтаған жері Іле мен Күркірек атты шағын өзеннің тоғысқан алқабы болатын. Ортада Абылайдың ақ ордасы. Жан-жағында шашырай тігілген өзге қолбасшы батырлардың үйлері... Абылай аттан түсісімен шатырына кіріп, үстіндегі сауыттарын тастап, жайшылықтағы киімімен өзін күтіп отырған қолбасшылар кеңесіне келді. Сосын мәжілісін тез өткізіп, әдеттегісінен көрі кешкі асын да ертерек ішіп, жатып қалды.

Абылайдың жорықта ерте тұру. жалпы ғадеті еді. Және басы жастыққа тиісімен-ақ тез ұйықтап кететін... Абылай бүгін де сөйтті. Тек жартылай шешініп төсегіне жатар алдында керегеде ілулі тұрған қылышын қынабынан суырып алып, жалаңаш күйінде бас жағына қойды. Сосын ұйқыға кетті. Әлден уақытта кенет көзін ашты. Бағанағы қағаз есіне түсті...

Оянып алғаннан кейін бүгін күзетте кімдер тұрғанын білгісі келді, бірақ бұл ойынан тез қайтты. Алатын ажал болса алтын сандықтың ішінде жатсаң да, әзірейіл өзі табады деп ойлады ішінен. «Егер бүгінгі түн менің ақырғы түнім болса, тәуекел, оны да көрелік...»

Абылай біраз жатып тағы ұйықтап кеткен еді. Қара киімді бір дәу адам кеудесінен баса, үстіне кеп құлады. Үстінен қара бура басқандай, тыпыр еткізіп қозғалтар емес, демі бітіп тұншығып өліп бара жатыр...

— Абылай, Абылай! — деп әлдекім аяғынан жұлқылап тартқандай болды.

Абылай көзін ашты. Шалқасынан жатқан екен, бастырылып қалыпты. Үсті-басы қара терге малынған.

— Түс көрдіңіз бе? Дауысыңыз тым қорқынышты шықты ғой...

Абылай қолын жалаңаш қылышының сабына апара берді.

— Бұл қайсың?

— Мен ғой... Нұржанмын.

Абылай қылыш сабынан қолын кейін тартып алды. Бұл Қарауыл руынан алған ортаншы әйелі Қамшаттың туған інісі еді.

— Жалғызсың ба?..

— Жалғызбын... Түн бүгін тым қараңғы. Орданы айнала күзет қойдық. Мүлік екеуміз босағада тұрмыз.

— Қазір қай мезгіл?

— Түн ортасы ауып бара жатыр...

— Жақсы, әлі бір ұйықтап тұрар уақыт бар екен.

— Иә... Ұйықтаңыз...

Абылай үйде жалғыз қалды.

Ұйқысы кенет шайдай ашылды. Күні бойы болған ұрыстан әбден шаршаған еді, тынығып қалыпты; бағанағы хат тағы есіне түсті. Хат сөзі бұ жолы жүрегіне бір түрлі суық, ызбарлы тиді. «Кім екен бұл хатты жазған? Бір жақының өлтірмекші деді ғой... Қайсысы екен? Жақының дейді?.. Күзетте бүгін Қарауыл мен Атығай руларының жігіттері тұр. Олар қастық ойламаса керек-ті. Сонда қайсысы болды? Айтпақшы Нұржан есік алдында «Мүлікпен екеуміз тұрмыз» деді ғой. Жоқ, ол башқұрт болғанмен, оны маған Қарасақалдың өзі жіберді емес пе... Бірақ шынында солай ма екен? Расымен Қарасақалдан келді ме екен? Бұны мен Қабанбай батырдан неге сұрамадым?»

Қарасақал бір мың жеті жүз қырқыншы жылы Россия патшалығының отаршылық саясатына башқұрт халқын қарсы көтерген қайраткер еді. Патша әскері бұл көтерілісті аямай басқан кезінде, қазақ даласына қашқан. Бұнымен бірге қазақ жеріне келген башқұрттың өзге кедей, шаруа адамдары соңынан елдеріне кайтып, Салауат Юлаевтың жасағымен бірге Пугачев көтерілісіне қосылған. Ал Қарасақал қазақ даласында қалып қойған.

Қазақ даласы он жетінші ғасырдың аяғынан бастап-ақ патша үкіметі, жоңғар қонтайшысы, Қытай боғдыхандардың зәбіріне шыдай алмаған адамдардың панасына айналып еді. Құлазыған ұшы-қиыры жоқ кең дала кімді болса да жасыра алады. Оның үстіне қазақ халқының кең пейілділігі, жомарттығы, елінен айырылғандарға деген аяушылығын қоссақ, қазақ даласы мұндай жандардың екінші Отанына тез-ақ айналып кететін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий