Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Күн шыға жаңбыр басылысымен қосын буырқана ақ көбік атып, долдана тасыған өзенге кеп тірелді. Тасыған өзеннің түрі адам шошырлық, жұдырықтай тастарды шыр көбелек айналдырып қақпақылша қағады. Алдарында өткел бермес долы өзен, арттарында қытайдың қалың әскері, жұрт дағдарып қалды. Осы кезде мың жауынгерімен Батыр Баян кеп қосылды. Қазақ жігіттері таң ата қытай шебіне тиіпті. Бұлардың аз екенін біліп қалған Чжао Хойдың атты әскері қарсы шауыпты. Әйтеуір жер жағдайын жақсы білетін қазақ жігіттері, жұбын жазбай ұрыса шегініп, құтылып кетіпті. Қытай қуғыншылары соңдарына түсіп, тек қалың жауын басталған соң ғана кейін қайтқан көрінеді, Сөйтіп қазақтардың қашқаны қытайларға мәлім боп қапты. Бұларды қытайдың көп әскері қайтадан қууы мүмкін. Қауіп әр сағат сайын күшейе берді. Оның үстіне тасыған өзен қайтатын емес, арнасынан асып, бұрынғысынан да бетер құтырына бастады. Жұрт бұл араны «Күркіреуік» деп бекер атамаған екен, ақ көбік атқан толқындары гүрілдей өкіріп, адамның қарадай зәре-құтын алады. Қалың қол долы өзен мен жау әскерінің арасында қалып, қатты қысылды. Міне осы кезде Тәтіқара алға қарай суырыла шығып, домбырасын безектете, саңқылдап қоя берді.

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақ ұлы болат найза.

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ер жігіттің ерлігі осындайда!

Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,

Дербісәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы,

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын.

Сары менен Баянды айт Уақтағы.

Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,

Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгенбайды айт,

Найзасының ұшына жау мінгізген Еменалы

Керейде ер Жабайды айт! —

деп батырлардың аруағын қозғап, өзенге түсіңдер деп ұран тастады.

Қоянды қамыс, ерді намыс өлтірген. Аты аталған батырлар тасып жатқан өзенге түсуге ыңғайлана бастады. Бәрінен бұрын, үстіндегі ауыр киімін де шешпестен, долы ағысқа бірінші боп Батыр Баян қойып кетті. Абылай оған қарап тұрып: Батыр Баянның кеше шегінген әскерге қалқан боп өзі сұранып қалуынан, бүгін тасып жатқан өзенге жұрттан бұрын түсуінен, аяулы батырды айдап салып жүрген — жалғыз інісі Нояннан айрылып, әлі жазылмаған қасіреті екенін ұқты.

Батыр Баянмен ілесе аты аталған батырлар суға түсе бастады. Оларға өзге жігіттер де қосылды. Сөйтіп қалың қол аман-есен өзеннен өтті. Бұлар бергі бетке шығып, үстеріндегі киімдерін кептіріп жатқан кезде, Күркіреуіктің арғы бетінде Чжао Хойдың атты әскерінің барлаушылары да көрініп қалды.

— Өзеннің бергі бетіне бірде-бір шүршіт шығушы болмасын! — деп Абылай тағы да Батыр Баянның мың жігітін тастап, өзі қалың қолмен алға қарай жүріп кетті.

Бірақ, бұлардың соңынан сол күні де, келесі күні де ешкім қуып келмеді. Арғы бетке жіберілген барлаушылар: бұ жақта шағын қолмен қалқан қалыпты. Ал қытайдың басқа бар әскері өздері жақында ғана басып алған жаңа өлке — Шыңжанға қайтыпты деген хабар әкелді. Чжао Хой әскері бері қарай өтісіменен Шыңжандағы қазақ, ұйғыр қайтадан бас көтерген. Қазақ қолдарын қумақ түгіл, «байтал түгіл бас қайғының» көбіне ұшырап, көтерілісті басу үшін, Чжао Хой әскері кейін шегінген. Атты әскер қолбасшысымен араздасып қалған генерал Фу Де де ел талаудағы олжадан құр қалмаймын деп Чжао Хой әскерінің соңынан кеткен. Сөйтіп қазақ даласы бұ жолы да қытай басқыншыларының қаһарынан аман құтылды.

Бір жетіден бері жауын күтіп тынығып қалған Батыр Баян жасағы енді бір күні түнде Күркіреуіктен өтіп, қытай шебіне қарай беттеді.

Батыр Баян ертеңіне-ақ, қас қарая өздерінің осыдан он күн бұрын тастап кеткен бекіністерінің тұсына кеп жетті. Мың жігітін төменгі қойнауындағы адыр, асулардың арасына тастап, өзі екі серігімен биіктеу бір төбенің басына шығып, арғы жақтағы ойпатта жатқан қытай жауынгерлерінің қостарына көз жібереді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий