Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Біз Церен-Доржидың тобына жеткен кезде, Барақ сұлтан сіз айтқандай, олардың арасында жоқ екен. Аттылы жаумен белес арасында кездесуді қауіп көріп, қара көрсетпей Қанды жартасқа дейін еріп отырдық. Қанды жартасқа жеткен кезде олар аттарынан түсті. Көліктерін отқа қойып, бастарына қоржындарын жастанып, көздері ұйқыға кетті-ау деген кезде, біз де тидік. Ұйқылы-ояу сасқалақтаған жігіттерін бірден сойылға жықтық. Бірақ Церен-Доржи атына мініп үлгіріп қалды. Талағы түскір әбден ұрысқа үйренген бе, біздің дүбіріміз шығысыменен арқырай кісінеп иесіне жетіп келді. Ат үстідегі Церен-Доржи осал жау болмай шықты. Маңына таяған екі-үш жігітімді айбалтасымен ұрып құлатты. Түн қараңғы боп, өзім оған дәл кездесе алмадым. Енді қолыма түстің бе деп, бес-алты жігітіммен қоршай бергенімде, Барақтың «Аруақ! Аруақ!» деген айбарлы даусы естілді. Жігіттерім тым-тырақай қаша жөнелді.

— Өзің ше?

— Өзім де шегінуге мәжбүр болдым. Барақтан қорықпағанмен де, төре тұқымы ғой, қарсы сойыл көтеруді жөн таппадым. Өзге қауым қалай көреді, ол әлі ашық жау болып шыққан жоқ қой?

— Дұрыс еткенсің: қардың басын қар алар, ханның басын хан алар, қарашаның төре тұқымына сойыл соғуы лайықты емес.

— Өзім де солай болжадым.

Әбілқайыр бұдан әрі қазбаламады.

— Өңгерген өліктеріңді көрмедім. Сойылға жығылғандарың қайда?

— Көрші ауылда.

— Жөн еткенсің. Орда маңайы онсыз да қара түнек.

Әбілқайыр теріс бұрылып, ауыл сыртындағы белеске қарай жүре берді. Соңынан нөкерлері емес, қасқыр алатын, хан жалғыз жүргенде жанына кісі жолатпайтын, күшігінен асыраған қасқыр қандас қара. қылшық, тайшадай арлан тәбеті ерді.

Басқа сөз айтпай, зерлі шапанын иығына бос салып жалғыз кетіп бара жатқан Әбілқайырдың соңынан Тайман түнере қарап тұрды да, жанына келген серіктеріне:

— Қаза болған жігіттердің үйлеріне хабар беріңдер, — деп бұйырды да, Бөгенбай батырға арнап тігілген үйге қарай беттеді.

Аңызақ желге маңдайын сүйгізе Әбілқайыр хан жападан-жалғыз келе жатыр. Көзі алыстағы көкжиекте. Жан дүниесі астан-кестен болып, қара торы жүзіне ыза теуіп, сұрланып кеткен. Церен-Доржиды өлтіріп, оны Бараққа жаба алмағаны жанына қатты батып келеді. Бұрынғыдай емес, Барақпен екеуінің арасындағы болмашы көпір біржолата құлаған. Қалден Церен де бұған деген ақырғы сеніммен енді мәңгі қоштасады. Жоңғар қонтайшысы Әбілқайыр ханды құртпай, Кіші жүз жеріне шабуылын тоқтатпайды. Бұның бәрін Әбілқайыр ап-анық сезінді. Ақыл-ойын жайлаған сұрапыл ашу, өшпенділік тұла бойын өрттей күйдіріп әкетіп барады. Әсіресе, Нұрбикеге ызалы. Кеше Барақтар кеткеннен кейін, кеңес құрып отырғанда ауызғы бөлмеде шолпының сылдыры шыққандай болып еді. Енді міне... сол ауыз үйде жүрген Нұрбике екен. Оның не айтқанын өз құлағымен естімесе де, Барақтың асыға жүріп кетуінен бәрі де белгілі болды. Нұрбике сұлтанға құшағын ғана жайып қоймаған, жұбайының құпиясын да ашқан. Қандай опасыз!

Енді оны бір сәт өкініш биледі. Түнде ашу қысып тұрған шақта хан әбес құлықты тоқалын жендеттеріне өлтіртпек те болған, бірақ қанды жолдан бас тартып еді. Он жыл бойы балдан тәтті ләззат сыйлаған қылықты әйелін өз қолынан өлтіруге қимаған. Опасыздығы үшін мәңгі талақ етіп, еліне қайтуға бұйрық берген. Сол көңілшектігінің зардабынан енді, міне «Қап!» «Қап!» деп тістене аһ ұрады.

Жоқ, Әбілқайыр көңілшек жан емес. Кіші жүздің тағына отырған жиырма жылдың ішінде досына да, қасына да көңілшектік істеп көрген жоқ. Мұның тамырында да ұлы бабасы Шыңғыс ханның қаны бар-ды. Рас, Әбілқайыр Жәнібек ұрпағының кіші тармағына жатады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий