Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл «Ақтабан шұбырындының» алдындағы бір тойда Бөгенбай мен Тайман батырлардың қатты өштесуіне де осы Нұрбике себепкер болған. Ол той иесі Қойсан байдың ерке-шора қызы еді. Тойға келген екі батыр жігіт он жеті жасар Нұрбикеге көрген жерден ғашық болды. О кезде бәсекелес екі батыр сұлу қызды бірінен бірі қызғанып, өз көңілдерін қатар білдірген.

Ерке-шора бай қызы бір жағы қалжыңбастық, еркелікпен, екінші жағынан жігіттердің намыстарына тиіп, мазақ етпек оймен:

— Екеуіңді де бірдей ұнатам, — деп еді, — тек кімнің өнері асса — сол менің қалауым...

Қыз шешімін естіген қызба қанды қос батыр енді ашық бәсекеге түсті. Бірақ сайыста да, жамбы атуда да, күресте де, жерден теңге алуда да жеңісе алмады.

Бірінен бірі оза алмаған батырлар қайтадан қызға келді. Нұрбике екеуін ажуалап, тағы күлді.

— Біріңе бірің қимаған өз обалдарың өздеріңе! Енді кеш қалдыңдар, — деді күлкісін тыйып. Сосын өзіне кеше ғана Кіші жүздің ханы Әбілқайыр құда түскенін естіртті.

Таласып жүріп, қыздан айрылып қалғандарына өкінген екі батырдың іштері удай ашыды. Екеуінің арасындағы жігіттік талас енді араздыққа айналған. Сөйтіп жүргендерінде Жоңғар шабуылы басталды. Ел басына туған апат екі батырдың арасындағы араздықты ұмыттырды. Жауларына бір майданда катар тұрып қарсы шықпағанмен, екеуі ерліктері үшін бірін-бірі сырттай сыйлайтын. Халық құрметіне бөленген қос батыр ақыры Әбілқайыр ханның оң қолы мен сол қолына айналған.

Ал Нұрбике сұлуды алған Әбілқайыр дүниедегі бар арманына жеткендей болды. Тек жанындай жақсы көрген сүйікті тоқалынан перзент көрмеді. Бірақ хан оған опық жеген жоқ. Кербез тоқал өзінің нәзік қылықтарымен ханның көңілін көншітіп, бабын таба білді. Әбілқайыр бәйбішелерінің үйінде түнеп шыққанда, қымыз орнына жылымшы айран ішкендей, Нұрбикені аңсап тұратын күйге жетті. Ерінің жас тоқалынан суымайтынына көздері жете бастаған ханның өзге әйелдері, Нұрбикені қаралай, өсек те айтып көрді. Бірақ хан сонда да тоқалының өзіне деген махаббатына шек келтірмеді.

Нұрбике жайында өсек-аяң көбейіп жүрген бір жылы Әбілқайыр әлдеқалай жас тоқалын ертіп Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітіне барған. Зәулім, әшекейлі мешіттің салтанатты сарайларын аралап жүріп, бір жабық есіктің тұсына келгенде, олар ар жағынан бір сүйкімсіз қарқылдаған үн естіді. Қожа Ахмет Яссауи мешітінде бұрын да талай рет болған Әбілқайырға бұл есік бұзыла бастаған зәулім сарайдың есігі екені, ар жағындағы жексұрын дауыстар сарай қабырғасының құлаған кірпіштерінің орнына ұя салған қара қарғаның қарқылы екені мәлім болатын.

Бірақ әулие мешітінің ішінде қобалжып келе жатқан Нұрбике әлгі дыбыстан секем алып, қасындағы ерінен:

— Бұл ненің даусы? — деп сұраған.

Кенет Әбілқайырға бір ойнақы ой келе қалды.

— Бұл дозақ құстарының шуы, — деді ол шімірікпестен. — Егер мынау сарайға кірген әйел өмірінде ерінің көзіне неше рет шөп салса, сонша құс ұшып келіп, басы-көзін шоқи бастайды... — Хан әйеліне сынай қараған. — Кіресің бе?

Нұрбике сұп-сұр боп кетті де, бойын тез жинап алды. «Егер аспандағы аллатағалам жердегі менің істеген күнәмді санап жүрген болса, қалай жазалаймын десе де өз қолында ғой. Тәуекел, кірейін» деп ойлады ішінен. Сосын күйеуінің бетіне наздана қарап.

— Менің күнәсіз екенімді білмейтін бе едіңіз, хан ием? Онда ашыңыз есікті. Бәрін көзіңізбен көріп, көңіліңіз орнықсын...

Қуанып кеткен Әбілқайыр есікті аштырмаған. «Күнәлі болса, кіруге қорқар еді, адал екен» деген ол. Жас тоқалын өте жақсы көретін хан өзін-өзі алдап, әйелінің күнәсіз екеніне сенгісі келген. Бірақ бүгінгі Нұрбикенің Бараққа аударған көзқарасынан хан бір сұмдықты аңғарып қалғандай еді, әйтсе де сыр бермеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий