Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Айтамын деген сөзіңе, істеймін деген ісіңе іркілмейтін Әбілқайыр хан, неге үндемей қалдың? Әлде арамыздағы жат адамнан қысылып отырсың ба? Айта бер, Церен-Доржи Қалден Цереннің елшісі болғанмен, менің жақыным...

Әбілқайыр езу тартты.

— Қалден Цереннің елшісі жақының болуына қарағанда, Жоңғар қонтайшысының өзі де досың боп шықпасына кім кепіл...

— Кекетпе, Әбілқайыр! Церен-Доржи жай ғана жақыным, емес, сенімді серігім...

Хан оның сөзін мақұлдағандай басын изеді.

Иә, қонтайшы Ордасында да алауыздық бар екенін ол білетін. Бірін-бірі аямауда бұлар арғы бабасы Шыңғысханның шын мұрагерлері еді.

Жоңғар тағының болашақ қонтайшысы, өзінің әкесінің туған інісі Шұно-Дабоны Қалден Цереннің қалай жойғаны жұрт арасына мықтап тарай бастаған. Жел болмаса шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Әсіресе, осы үйде отырған Бөгенбай батырға Шұно-Дабоның өлімі Қалден Цереннен болғаны айдан анық еді.

Дүниеде құпия қалар ештеңе жоқ. Бәрі де естіледі. Әсіресе жау ордасында болып жатқан оқиға, дұшпанына тез жетеді. Оған себеп: хан тағының бір құлағы бар. Ол — алтыны.

Жоңғар ордасының мықтылары екіге бөлінгенін Әбілқайыр бұрын да естіген. Алдын болжай білетін тәжірибелі Сыбан Раптан мен оның баласы Қалден Церен бар әскерін жеті сала етіп, ең алдымен қазақ жерін жаулап алу керек екенін жөн көрсе, ал жоңғар нояндарының бір тобы әскердің бетін Ертістің төменгі саласына бұрып, Сібірді алуды мақұлдаған. Бұл топ — осы Жоңғар хандығының негізін салған Чорас руынан шыққан Даян ханның ұрпақтары — жас нояндар еді. Соның ішінде бағанадан бері бір ауыз сөз айтпай түнеріп отырған Сыбан Раптанның ортаншы ұлы Церен-Доржи да бар. Бұлардың жатса-тұрса көретіні сонау Сібірде қалған ата-бабаларының молалары. Солардың аруақтары «сенің ата мекенің осы ара — біз жатқан жер» деп шақырып жатқандай көрінетін оларға.

Сібірді жаулап алудың керектігін жас нояндардың құлағына кімдердің құятынын Әбілқайыр Қалден Цереннен кем білмейді. Бұл кезде орыс әскерінің алдыңғы шебі Манчжурияның шекарасына жеткен-ді. Ол аз болғандай, сонау Тынық мұхитта да орыс кемелері жүзе бастаған. Міне, сондықтан да қытай әміршілері жоңғар жолбарысының тұмсығын Сібір жағына қарай бұрғысы келген. Осы жолбарыс өзінің болаттай өткір тістерімен Тынық мұхитқа созылған қатын патша қолының күре тамырын орып түсуін арман ететін.

«Қытай — жер кіндігі болғанда, жер шарының шеттері де Қытайға жатуға тиісті!» — боғдыхандар. Олар Сібір өңірін де қосып алып, қала салмақ болды. «Әзірге бұл араны жоңғар жолбарысы мекендей тұрсын, ал уақыты жеткен шақта оны әрі қарай, күнбатыс жаққа қуып жіберіп, бар тайганы өзіміз жайлаймыз», — деп ойлаған.

Ал Қалден Церен, көмейі қанша кең болғанмен, орыс жерінің тамағынан өтпейтінін түсінетін. Сібірді жұтамын деп қақалып жатқаннан гөрі, басы бірікпей жүрген қазақ елінің кең байтақ даласын біртіндеп қарамағына алып, Ұлы Жоңғар мемлекетін құруды тиімді санаған. Ондай мемлекет құру үшін қазақ елінің тең жартысын қырып тастап, қалған жартысын басқа елдерді жаулап алуға пайдаланбақ болған. «Бүкіл әлемді сілкіндірген» жирен сақалды ұлы бабасы да дәл осылай істеген...

Бірақ Қалден Цереннің бұл ойына Чорас руынан шыққан жас нояндар көнгісі келмеді. Олар енді өздеріне серік іздей бастады. Бұндай бірен-саран серіктер қазақ сұлтандарының арасынан табыла кетті. Соның бірі Барақ еді. Ол жақында өзінің кіші қызын осы Церен-Доржиға берген. Бұны да Әбілқайыр білетін. Және ол бүлікшіл Церен-Доржиды қазақ жеріне айдауға аттандырғандай, Қалден Цереннің әдейі жібергендігінен де хабардар еді. Қазақ даласында ұзақ уақыт жүргендігін пайдаланып Церен-Доржи Орта жүздің кей сұлтандарын өзімен одақтас етіп те үлгірген. Ал жоңғар нояндарына еріп, қазақ сұлтандарының Сібір қалаларын шабуға шығуы қазақ еліне ажалмен тең түсетін апат екенін ұққан Әбілқайыр енді екеуінен де сырын жасырмауға бел буды. Өйткені Барақ пен Церен-Доржидың одағы — қазақ елінің Россия қол астына кіруіне қарсы ұйымдастырылған қауіпті одақ еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий