Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әйтсе де Әбілқайырға берілген указдан кейін де қазақ елінің Россия патшалығымен қарым-қатынасы бірден жөнделіп кете алмады. Башқұрт пен Еділ қалмақтарының шабуылы да тыйылмады. Ханның Россияға арқа сүйемек болғанына риза емес қазақтың өзге сұлтандары, әсіресе, Әбілқайырдың бақ күндес қастары оның саясатына кедергі жасап, кіжіне түсті. Осындай қамшысын білегеннің бірі Барақ сұлтан еді.

Жоғарғыдай жағдай туған кезде, патшаның өзі «миллион сомға дейін шығын шығарсаң да, қазақ жерін Россияға заңды түрде бағындырудың жолын тап» деп бұйрық берген Тевкелев қайтадан Әбілқайыр ордасына аттанды. Бұл хабарды «ұзынқұлақ» Кіші жүз ханының Ордасына тез-ақ жеткізді. Сол күні-ақ Әбілқайыр Тевкелевпен кездесу қамына кірісті. Ең алдымен үзеңгілес батырлары мен өзіне қарсы жақтың ойларын білгісі кеп, Бараққа, Бөгенбайға, Тайманға, бір тайпаның ақсақалы — биі Бөгенбайға ат шаптырды. Бөгенбайдан өзгесі хабар алғаннан кейін, көп кешікпей хан ордасына жетті. Бөгенбай мен Тайман жайшылықтағы өз серіктерімен келсе, Барақ сұлтан әжептәуір қарулы қолмен хан ордасына кеп түсті. Және неге екені белгісіз, өзінің ежелгі қасы, қан майданда сан атысқан Қалден Цереннің елшісі Церен-Доржиды ерте келіпті.

Бұл бір мың жеті жүз отыз төртінші жылы еді. Әбілқайыр Ордасы бүгінгі қонысы ЬІрғыз өзенінің жағасында. Қазір хан ордасында бірнеше адам отыр: Қанжығалы Бөгенбай, оның қарсы алдында Шекті руының аты-шулы батыры Тайман. Бұлардан жоғарырақ, Әбілқайырдың оң жағында Найманның сұлтаны Барақ... Жұрт оны қайсарлығы, ержүректігі үшін Көкжал Барақ атаған. Ханның сол жақ бүйірінде, Бөгенбайдан жоғарырақ, Жоңғар ханы Қалден Цереннің елшісі, қара түндей түнерген Церен-Доржи...

Бөгенбайдың көзі әлдеқалай Тайманға түсіп кетіп еді, өткен бір жайлар есіне келді.

Онда бұл екеуі де қылшылдаған жас жігіт еді.

Сол жылдары Қанжығалы руы Қараөткел мен Керекудің түйіскен тұсындағы Ерейментау, Қоржынкөл, Ақкөл, Қоянды-Қойтас, Шақша деген жерлерді жайлайтын-ды. Ал Шекті руы Ақ Жайыққа құятын Жем өзенінің бойында көшіп жүретін. Жазы аңызақ, ыстық келіп, қысы қатты болар жылы екі ел бірдей Сырдың қамысты жағасына қарай жылысатын. Осындай Қанжығалы, Шекті рулары дария жағасында бастары қосылған жылы ұлан-асыр бір үлкен той болған. Қоңырат руынан шыққан атақты бай саудагер Қисан жалғыз ұлын сүндетке отырғызған. Осы тойда Арқадан келген Бөгенбай мен Шектінің жас жолбарысы Тайман қатты керісіп қалған. Содан бері екі ақиықтың бетпе-бет ұшырасып отырғаны осы. Ел басына күн туғанда жеке бастың кикілжіңі естерінен шығып кеткен-ді.

Күннің аңызақ ыстығына қарамай, тіркестіре тігілген хан ордасы — ақ боз үйдің есіктері түгел жабық. Жайшылықта жел соқсын деп түріп қоятын іргелері де түсіріліп қойылған. Он екі қанат ақ боз үйде осы бесеуінен басқа есік алдында жалаңаш қылыштарын кеуделеріне таяй ұстаған, еңгезердей қос күзетші мен сырлы тегенедегі сары қымызды сапырып отырған, ханның он сегіз жасар кенже ұлы Ералыдан басқа ешкім жоқ. Хан, сірә, кенжесі мен есік алдындағы күзетшілеріне сенетін болар, қонақтарымен сыр жасырмай еркін сөйлесіп отыр.

— Иә, Әбілқайыр хан! — деп еңгезердей қара сұр Барақ сұлтан, ұшы құлағына дейін жетіп тұрған, білеудей қара мұртын саусағымен сылап қойды. — Алысқа ат шаптырып, бізді неге шақырып отырғаныңды ішім сезеді. Қатын патша біздің елге Теуіпкелді қайта жіберсе, бұдан үш жыл бұрынғы «қарамағыңа кірдім» деген сенің сөзің жеткіліксіз болғаны ғой... — Ол Әбілқайырға мысқылдай қарады. Қазақ жерінде — Тевкелевті «Теуіпкел» деп атап кеткендіктен, оның кім туралы сөйлеп отырғанын бәрі де түсінді.

— Болжауың дөп тәрізді... Мырзаны қайта жіберуіне қарағанда бір менің уәдем әйел патша ағзамға жеткіліксіз болғаны хақ... Бірақ, — Әбілқайыр сол жағында отырған Церен-Доржиға көзінің қиығын аударды да тына қалды.

— Иә, айта бер, не «бірағы» бар?

Әбілқайырдың жүзі қуқыл тартып үндемеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий